ИСЛАМҒАЛИ АМАНЖОЛ. ЕСЕП БЕРІП ЕСТЕЛІКТЕР АЛДЫНДА

*  *  * 

 

Бұлт арасынан сығалайтындай өткенім,

- Бұл мен бе?

Кешегі болмыс, кешегі мүсін

Бұлт артындағы өткенімменен бірге өлген.

 

Кешегімді іздеп күрең тартады бұл күйім,

- Келер ме?

Мен армандаған күллі арман неге тым биік?

Мен ойламаған ой, бәлкім, жатыр тереңде.

 

Соны ұқтым, сосын сүйкімі қашты бүгіннің,

- Үміт бар!

Ертеңге елеңдеп, жоғына өткеннің жығылдым,

Сенім де кейде үмітімізге кіріптар.

 

Күн қызара қап мұң шаққан сәт те көз ілген,

Жанымда қазір жоқ адам!

Келе ме қайтып кештерде қалған сезімдер,

Ораламын ба мен оған?

 

*  *  * 

 

Жанды жамал жарығымен суарып,

Ес жоғалтқам жазықта.

Қуаныштың өңі қалды қуарып,

Бәлкім, қайғы қажытқан.

 

Майға малып үмітімнің білтесін,

Тұтатады түн ұзақ.

Тамшы тесіп көңілімнің күркесін,

Сәт сырғиды, күн ұзап.

 

Көктем жасы, көңіл жасы - көл біткен,

Көл көлемін кеңейтеді тамшы мұң.

Сен сағымға сәтті ұзаттың мен күткен

Осы ғана түнге таныс бар сырым.

 

Жұлдыздардың жорамалы жауыр ғып,

Сынық айдан сығалай ма сағым да?

Түн құшқан сол қала ішінде жаңылдым,

Ол қалада жолдарымнан жаңылғам...

 

*  *  *

 

Көңіл әйнегін сызғылай берсе сұр уайым,

Жұбаныш болып жаныма ылғи бір ырғақ.

Таспада қалған тар жолға қолды бұлғайын

Бастала қалған баянсыз сәт те құбылмақ.

 

Жүгенсіз ойдың жетегіне ерсем, желіксем,

Таба алмай сосын күлімдеу кілтін күйбеңнен.

Үзілер алды үміттің демі де бітсе,

(Түсімді жорып кетемін тағы кей көрген)

 

Ағараңдаған әлсіз сәулені аңғарсам,

Артынша алаңдап анталай берсе ағаттық.

Тар көшедегі бағана қанша, шам қанша,

Аялдамастан артымда қанша жоғалттым?..

 

Түнерді түнім, сырыма қанды сыңсып Ай,

Өкініштерім өртей бергенде өзекті.

Жабырқау бейнем жалынға қарай жылжымай,

Мелшиіп тұрып мезі етті.

 

*  *  *

 

Ерте күннен жанарыма мұң жұққан,

Жүрегіме жұққан мұң.

Ес білгенім - "Өмір" суын қылғытқам,

Және тағы ұрттармын...

 

Қанат бітті ойларыма бірде анық,

(кей қыранға біткен кеш.)

Жұтынамын сәт ішінде сұрланып,

Өкінішпен тіпті өлмес.

 

Жүрегіммен күнді сүю, түн құшу - 

"Өмір" суын сіміру.

Жұта бердім мен дүниенің тұңғышы

Һәм кенжесі, қыңыры.

 

Сіміруім  - қателікті қолда ұстау,

Қателік ол - бар жүректің түймесі.

Қадамауым - күнді көрмеу, түн құшпау

Қадау қиын емес күнді сүйгесін.

 

Үзілгенде ізінде қан сорғалап,

Ізі түссе өкінгенмін, қан жұтқам.

...Қарт үмітке қандай мезгіл орнамақ

әлсіз үні қарлыққан?

 

*  *  *

 

Өткеніне шолу жасап, көнігіп,

Бұралаң жол бұйырғандай бағына.

Белгісіздеу терең ойға беріліп,

Жалғыз отыр тағы да...

 

Есеп беріп естеліктер алдында,

(Кеше кіммен ерегесті, нені ұқты.)

Жарығына назар салып шамның да,

...Келеріне сеніп тұр. 

 

Мұң-шарабын жаны жаурап ол ішті,

Тұмшаланды бар ғажабы дәл күткен...

Жағылды үміт, 

аңсағанмен алысты

Жаңылдырып кететіндей жол біткен.

 

Тырнақтай мұң бәлкім жанын жаншыды,

Тіл қатпайды..

Бір күткені кеш келіп.

Жалғыздық кеп жақын тартты бар шыны,

(...нүктедей шоқ өшті өліп.)

 

Өкініші өрт кеудесін кеміріп,

Құлақ түрді зіл жанының зарына.

Көлемсіз ой бітпейтіндей шегіліп

Жалғыз отыр тағы да...