***
Біздің ауыл ғажайып түске еніпті,
Көктем көркем, ол жақта қыс көрікті.
Сай-саладан жұпарлы самал есіп,
Сағынышпен қайтадан құс келіпті.
Көктем тағы қырларға гүл егіпті,
Жел тербейді шілікті, тым ерікті.
Анам, бүгін, ажарлы сәлем жолдап,
Ауылымның суретін жіберіпті.
Кім біледі сағынып жүр деді ме,
Қаладағы қамығып күндеріме.
Түсінем ғой, анашым, жүрегіңді,
Теңей алам әлемде кімді өзіңе.
Не жетеді ауылдың көктеміне,
Не жетеді желінің өпкеніне?!
Біраз жылдың апыр-ай, жүзі бопты,
Мен ауылдан жырақтап кеткеніме.
Құшақ-құшақ теретін дала гүлін,
Ауылымды, сағындым, ана, бүгін.
Көз алдымнан кетпейді, тұрып алды,
Ауылда өткен, сонау шақ, бала күнім.
Ғұмыр шіркін жіберген кімді еркіне?!
Сағыныштың түсемін күнде өртіне.
Мұңайдым да... есімде... жымиямын,
Қарап тұрып, ауылдың суретіне.
***
Алматыға құйып тұр қара нөсер,
Қара нөсер еткендей маған әсер.
Қалғандаймын серпіліп.
Сағыныштан,
Қалып еді байланып санама шер.
Санама шер байланып, көңілге мұң,
Жүрегімді тербетті өмір менің.
Нөсер болып нөсерге қосылғандай,
Ағыл-тегіл кіршіксіз сезімдерім.
Жиі-жиі селдетіп тұр нөсерім,
Табиғатпен егіз боп күн кешемін.
Табиғаттан жаралған табиғатпын,
Табиғатпен басатын күнде шөлін.
***
Алматы гүлге оранып жайқалып тұр,
Құдыреттің күші екен қаншалық бұл.
Желпіндіріп жаныңды тастайтындай,
Құс біткен шар-тарапқа жар салып бір.
Бау-бағы ығы-жығы толы халық,
Толқиды сұлулыққа көзі қанып.
Даланың бұлбұл құсы көңіліме,
Сайрайды тыным-таппай қонып алып.
Дәл мұндай ғажайыпты кім шын ұқты,
Алматы көз жауын ап құлпырыпты.
Жүрегіңмен тыңдасаң айтары бар,
Тілсіз деп ұғынғанмен тіршілікті.
***
Сырғам қандай, тамаша, сырғам қандай,
Сырға таққан дидарым нұрланғандай.
Көңілімді толқытқан, беу, дүние,
Қызығыңа күн сайын жүрмін қанбай.
Сырғам қандай, тамаша, сырғам қандай,
Айналама жарқырап нұр жауғандай.
Сіз, біз десіп жүргенге не жетеді,
Керегі не басқанын бұл жалғанда-ай.
Сырғам қандай, тамаша, сырғам қандай,
Тұра алмаймын сырғамнан сыр аңғармай.
Қанша менің келмеске кеткендерім.
Қайтқан құстар секілді күзден қалмай.
Сырғам қандай, тамаша, сырғам қандай,
Сырға таққан дидарым нұрланғандай.
Жалт-жұлт еткен дүние-ай, жалт-жұлт еткен,
Қызығыңа қайтейін, қойдым қанбай.
КӨКБҰЛАҒЫМ
Көкбұлағым, көсілген көк өзенім,
Шөлін басып жалғаған ел өзегін.
Ғұмырында өзіңе арнап өтер,
Бауырыңда өскен қыз көп өлеңін.
Көкбұлағым, сыңғырлы, беу, тұнығым,
Қалыптасқан жағаңда ерте ұғымым.
Балтырымды сүйгізіп ағысыңа,
Балалығы сенде өткен мен шыбығың.
Көкбұлағым, тіл жетпес мөп-мөлдірім,
Құнарыңнан нәр алып өскен гүлмін.
Көкейімде сайрап тұр әлі күнге,
Думаны көп, бәрі есте өткен күннің.
Көкбұлағым, жайқалған жағаң орман,
Ертелі-кеш көңілім саған ауған.
Ел-жұртыңа жеткізіп жатқандайсың,
Қалған сырды ақтарып бабалардан.
Көкбұлағым секілді қан тамырым,
Сенен жұққан бойыма бар тағылым.
Өтсе дағы сан ғасыр сарқылмадың,
Мүмкін құты шығарсың барша ауылдың.
Шаршағанның беретін бәріне дем,
Қадіріңді сезер ел жаныменен.
Бойға қуат болатын әр тамшыңды,
Ғажайыптың ғажайып балы дер ем.
Қара қызың алыстан толғай шерін,
Жүрсе бүгін өзіңсің құйған сенім.
Көкбұлағым, Абайым, жерұйығым,
Сенен ғана басады таңдай шөлін.
Қасиетіңнен айналдым, Көкбұлағым,
Сағынышты өзіңе жетсін әнім.
Басымды иіп алдыңа әлі талай,
Жыл құсындай сағынып кеп тұрамын.