ТҮНГІ ЭЛЕГИЯ
Тағы да түн,
Қараңғылық, сол мекен,
Қарайлаймын көрінбейді жол бөтен.
Жер бетінде жалғызсырап дос таппай,
Оңашада ойланатын мен бе екем?!
Жо-жоқ жалғыз,сен емессің жалғанда,
Сезіміңе ерік берсең арланба.
Айлы түнін жалғайтұғын таңдарға,
Жатыр біреу қиял қуып арманда.
Жатыр біреу, сезім бақта мекендеп,
Сезілмейді самал еспей бекер леп,
Құс жастығы, аққуына айналып
Айдыныма қашан қонар екен деп.
Қылықтылар қатырмайды ал басын,
Ертегілер таппағасын жалғасын,
Ақбозатқа тұсау салған шідерлеп
Ханзадалар көлік мініп алғасын.
Құрсын болды, ойын қайтем басқаның,
Түндерім аз кірпік ілер қасқағым.
Өзімді де, өзгені де құр босқа,
Жазғырумен өтпесе екен жас шағым.
Күтеді әлі ұйқысыздық көп алдан,
Жандармыз ғой біздер бөлек жаралған,
Түндерімде ойлаған сол арумен,
Күндерімді бірге өткізсем жоқ арман...
* * *
Қайдасың, қайда сәби күндерім,
Жөнім жоқ саған налитын менің.
Өткен күндерді есіңе алшы,
Бейбақты мендей танитын ба едің?
Танитын ба едің, қарашы маған,
Сол сәттің қымбат бағасы маған .
Сәби күнімді сағынып жүрмін
Жаныма таппай жанашыр адам.
Қулығын айтам құрысын кімнің?!
Жанымның жақын туысын білдім,
Сәби күндердің ұсынған маған
Уызын таппай, у ішіп жүрмін.
У ішіп жүрмін, дәмі де балдай,
Әлдилеңдерші әріге бармай,
Сәби күндерден алыстағалы
Барады, Өмір, мәнің де қалмай.
Жетермін мүмкін, алдамас арман,
Күтіп тұр өмір, қарбалас алдан.
Сәби күндерім, оралшы маған,
Ойыншық берсе алдана салған.
Сен келсең бірақ, қайда алып барам,
Айналам жүр ғой айла ғып маған,
Мен адамдардың өзім ойнаған
Ойыншықтарына айналып барам.
Айналған қазір аяусызға адам,
Бақыт сыйлады баянсыз маған,
Келмеші, сені «Сәби» екен деп,
Аяламайды-ау, аяусыз ғалам...
БЕСІНШІ НАУРЫЗ
Көктем келді,
Көктеммен мен де келдім.
Жеткеніме көктемге сенбегенмін.
Жанымды жалғыздығым жегідей жеп
Күнін кешіп жүрмін ғой өлмегеннің.
Бәрі мені,
Құттықтап жатыр бүгін,
Бірақ сенің келмеді хатың күнім.
Сыртым күліп тұрғанмен, ішімде ойран,
Түсініп жатыр дейсің ақынды кім?!
Бақытыма,
Жетелеп асқан мұрат,
Жанарымнан еріксіз жас тамдырад(ы).
Саған деген сағыныш болар бәлкім
Тас қалада тұр бүгін аспан жылап.
Жылдар өтсін,
Келер хат не сыбыры.
Мен үшін ол арудың есімі ұлы,
Сезімімді өлтірмес оған деген
Көктемдегі наурыздың бесі күні.
* * *
Өмір деген – ақ-қара, егіз жалған,
Жетелейді жыраққа көп ізгі арман,
Кімнен сая табамын, білмей жүрмін
Адамдай айналама қарыз болған.
Бақытыма өзімнің кешігем мен,
Аумай қалам, ақылсыз есі кемнен,
Жолым болып кеткенмен, бірақ кейде
Біреу қағып тастайды несібемнен.
Қуана сап түсемін бөтен күйге,
Жолымдағы сағымдай өтер бейнем,
Алғысында аламын адамдардың
Қарғысын да арқалап кетем кейде.
Соғылсада тау-тасқа маңдайым көп,
Тақылдайды тоқтамай таңдайым кеп,
Жаныма адам жуытпай жалғыз жүрмін
Зиянымды тигізіп алмайын деп.
Түсінбейді тірлікте мұңымды ешкім,
Оған бола өмірден түңілмеспін,
Жақсы адамның бағасын білмейтұғын
Жамандарға ендігі жүгінбеспін.
Салмайын деп ешкімнің жанына мұң,
Кейде өмірден осылай жалығамын,
Қандай ару кезікпек соры қалың,
Бұйырады екенсің бағыма кім?
ЭЛЕГИЯ
Ойлап менен деп жүрсің ғой «құтылдым»,
Бар болғаны уақытымнан ұтылдым.
Мезгілден де неткен қатал жан едің,
Сен кеткелі екі қысты бітірдім.
Білесің бе,
Енді күтіп тұр көктем,
Сол көктемде сәтіміз жоқ бірге өткен.
Дүниемді өткізгенмен дүрмекпен,
Өзге адамдар жан боп келем үлгі еткен.
Одан кейін жадырайды жаз әлі,
Жүректегі мұң-жарамды жазады.
Жазды сен де жақсы көрем деуші едің,
Тарқамайтын береке мен базары.
Айтқанымды тыңдап, қарғам, көрші ұғып,
Қайтем бірақ, өміріңе қол сұғып.
Жақсылыққа жеткің келсе маған ер,
Мені күтер күзбен бірге молшылық.
Күзден кейін келер бірақ тағы қыс,
Сәтіміз ғой қадам басқан жаңылыс.
Таусылмайтын естелік пен ескілік
Бітпейтін бір сағыныш...
Іздеп жүрсің дүниеден күнім не?
Әкетпейміз дүниенің түгін де.
Мезгілдерден бақыт іздеп қайтемін,
Бір мекенде тоғысармыз түбінде...
АЙТА БАР ҚҰРБЫҢА...
Музасына айналды бір ақынның,
Сау-саламат жүр ме екен, сірә, құрбың?!
Айта бар, оқып жүрсін өлеңімді,
Деуші еді сырларымды ұғатынмын.
Айта бар, кештім бәрін, кешіре алам,
Маған енді болады несіне алаң?!
Сағынса – өлеңімді оқиды ғой,
Сағынсам – өлең жазып есіме алам.
Айта бар, сағынышын сүйгенінің,
Қателік деп ойлаймын кейде мұным?!
Сені ұмыта бастап ем, енді келіп,
Әкем де деп жатыр ғой «үйлен ұлым».
Айта бар, үйленемін, үй боламын,
Осы соңғы өлеңім – сыйлағаным.
Өзіне қарап жүрсін, теңін тапсын,
Мені енді қойса екен қинағанын.
Айта бар, ашылсын деп қайран бағы,
Серігіме махаббат майдандағы,
Өлеңімді арнадым, ал өзінің
Өміріме керек пе ед айналғаны
Жарайды, таусылмайды айтарымыз,
Жайымыз осы біздің, байқадыңыз.
Айта бар, айтушы ең ғой бұрындары,
Айтқасын бір жауабын қайтарыңыз.
* * *
Ей, жас жүрек,
Туладың бүгін неден,
Кезің көп ақылыма жүгінбеген,
Күндіз күліп жүргенмен, ол кеткелі -
Жазамын көз ілместен түнімде өлең.
Жоғалтты қуаныш пен күлкі өмірім,
Сен кеткелі құлазып тұр көңілім,
Жылағаннан сақтасын,
Ал, жыласам?
Жанардағы жасымды сүртеді кім?
Жалықтым,
Сені іздеуден, күтуден, сағынудан
Тіпті өзімді жоғалттым қалыбымнан,
Мені құрбан еткенің таң қылады?!
Жолыңда деуші едім ғой бәрі құрбан.
Бітті бәрі,
Алаңдаудан қажыдым құрсын оған,
Тілекшімін сыртынан,жүрсін аман.
Аяқталды дастаным ол жайында,
Жүрегімді аяймын тыншымаған.
Жазықтымын,
Бәлкім ақын болғасын, мүмкін олай,
Жыр арнасам тұнушы ед күлкіңе арай,
Ұмытпады дейсіңғой ұмытамын,
Ұмытамын барлығын... бір күні оңай..