ФИЛОСОФИЯ
Ешкімді кінəламан.
Ешкімге өкпелемен.
Бəрін жуып – шаюмен кеткен Өлең.
Мен тап-таза жаныма дақ түсірмей,
Жазға қарай барамын көктемеден.
Сол баяғы мейірім мерейі үстем,
Айналыспан маған жат өгей іспен.
Төбелестен аулақпын құты қашқан,
Ұрыстардан аулақпын көмей іскен.
Өкінішке оранып өртенбедім,
Сол баяғы қалыбым көркем менің.
Осы үйлесім тұрғанда көкірегімде,
Дұрыс шығар менің де ерте өлгенім?..
***
Жанға шипа табамын деп өлеңнен,
Түрлі күйге түрлі уақта бөленгем.
Сәл жабырқау сезінсем мен өзімді –
Жалғыздықтың биін билер көлеңкем.
Бәрін, бәрін патша көңіл аңдыды,
Ой кешесің атқанынша таң нұры.
Көкірегің ашық болса ол ойдың,
Сәуледейін жарқырайды әрбірі!
Тозаңдайын пайда болса жанда мұң,
Қиял қуып әкетеді қалғанын.
Үмітің де үрке қашар басыңнан,
Болмашыдай көрінеді арманың.
Ұсақталса бәрі егер де көз алды,
Бүкіл дүние реңсізденіп, бозарды.
Шырайынан айрылған соң бұл ғалам,
Өлең жазу мүмкін бе екен ажарлы?..
ШЫҒЫС ШАЙЫРЛАРЫНША
Гүлдерден болсын деген ем менің тартуым,
Жүрегің бірақ, өзі де гүл ғой жарқыным!
Алтын, күміспен аптамақ болғам мен сені,
Күміс кірпікпен оның да құнсыз өлшемі!
Қолжетпес айды әпермек болдым мен саған,
Оны да қойдым, қабағыңды Аймен тең санап!
Сәулесін күннің берейін десем таңдағы,
Жанарың сәуле. Өзіңде бұл да бар-дағы!
Жұлдызын түннің берейін десем тағы да,
жарық шашып тұр онсыз да жұлдыз жаныңа!
Адам боп туған, періште жанды асыл-ай,
Тең келмей қалды ештеңе саған осылай!
Құнсыз бәрі де, Күн менен түндер, Арман да,
Жүрегім ғана сый екен мына жалғанда!
Жанымнан жұлып, шын жүрегімнен берілген,
Сезімім ғана сыйлығым саған ең үлкен!
***
Мақпал түн, мамыр күй, қиял түс.
Біз неге қатаңбыз? Ұяңбыз?
Мен сізді сүйемін!
Ал сіз ше?
Көрсетіп қоясыз сый, алғыс.
Жасықпын,
Бәлкім, бар қорқыныш,
Жүректе тынбайды бұлқыныс.
Мен сізге құштармын!
Ал сізде
Өзіме бар ма екен тартылыс?
Кім ұғар,
Түсінер бұл жайды,
Көңілді неліктен мұң шайды?
Мен сізді көремін түсімде,
Ал сіздің түсіңіз кім жайлы?
Жүректе жібектей жұмсақтық,
Кешеді сүйместен кім шаттық.
Мен сізді Тағдырым етер ем,
Ал сіз ше?
Бермейсіз рұқсат, құп.
ЖІГЕРЛЕНДІРУ
Арманым маған жарық шам,
Шығатын алып тамұқтан.
Қандай болса да бұл өмір,
Сүюден оны жалықпан!
Өгейсіп кетсін дос мейлі,
Ошағым одан өшпейді.
Үре де берер ит дейді,
Жүре де берер көш дейді.
Көрермін əлі-ақ талайды,
Сенемін күнге арайлы.
Құлази берсем қу тірлік,
Шықпастай торға қамайды.
Ешкімге күшті салмаймын,
Болса да кешем қандай мұң.
Өзімді-өзім жұбатып,
Өзімді-өзім алдаймын.
Береді маған көмек кім,
Жайымды жатыр елеп кім.
Тірлікте мына тұрлаусыз
Өзіме ғана керекпін.
Мұны ойлап бірақ өртенбен,
Үміт үзбеймін ертеңнен.
Күнімді кешем көркейген,
Ғұмырды кешем көркем мен!..