* * *
Қадамдарым саған болған көп алшаң,
Махаббатқа масайрамай жүр едім.
Сүйдіріп ап, қолды қылған сонан-соң
Ұяты бар ұрлықшы еді жүрегің.
Уағда деген сөзі емес пе Құдайдың,
Сүйемін деп уәдені берген кім?
Не дегенім, мен несіне мұңайдым...
Хақысы жоқ маздауына кеудемнің.
Күлтесінен айырылғандай гүл-жүрек,
Гүл ғұмырын қырқатұғын қайшы адам.
Міндетті емес ,естен шықпай жүрді деп
Сені ойлауға мұнан әрі ой-санам.
Ессіз шағым естелігін қалдырды,
Обал сенде, сезім үшін күрсінсем.
Мың бақытты сыйлайтұғын тағдырды
Тым бақытсыз қылатындай кімсің сен?
Үмітімнің ұшқыны бар өшпеген,
Бар көңілің күлге айналған сендегі.
Менде кеткен сенің жоқ-ау ештеңең
Сенде кеткен сезім ғана мендегі...
ВОКЗАЛ
Кездесетін, қоштасатын адамдар,
Бір кетіп, ал біреуі келгендей.
Жанарымда жылжи берді вагондар,
Жүгін артып жөнелетін керуендей.
(Сағат сегізден он сегіз кетті...)
Сағынышқа сан оранып мен келдім,
Шыдам дейтін шекарадан шегініп.
Көк көрпеңе оранып ап сен келдің,
Көк тұлпардың тамбурынан көрініп.
"Сәлеметсіз"-деген сөзден бастадық,
Осы сәтте жұмыр жүрек жұлқынды
Тұла бойым бара жатыр мас болып,
Қос жанарым сенің көріп күлкіңді.
Бұл жарасу, шын жарасу… шын деймін,
Көп әңгіме айтпасақ та көпіріп.
Жанымызды жұбату ма, білмеймін
Суретке де түсіп қойдық өтірік.
Бауырыма басқым келген сені шын,
Бірақ оған уақытың да шамалы.
Ал шынында вокзал деген мен үшін,
Кездесу мен қоштасудың алаңы.
Өзіңді аңсап өтетіндей енді әр күн,
Ғұмыр сені тұрғанменен биік қып.
Мойын бұрып, шойын жолда мен қалдым,
Жүрдек пойыз кете барды жүйіткіп.
(Сегізден отыз сегіз кетті...)
ЖАЛҒЫЗ ЖАНАРТАУ
Шаршадым!
Сұм тағдырға соғылғандай сан сағым,
Кір шалдырған көкейімде қарша мұң,
Ғаріп еткізіп көңілімді көктемнен.
Жарқ еткізіп көзден өтер әр шағым.
Күңіреніп тілде кетер күрмеліп,
Сынақ қой деп жаз жүрегім жүр көніп.
Алай-дүлей дүмпу болып дүрмек күн,
Демейді екен қолтығымнан кім келіп?
Кетіп жүзден, сайран күннің шіркіні,
Кірбің қақпай көңілімнің кірпігі,
Тұншығады беймаза бір Жанартау,
Жанартау да жарылады бір күні.
Таусылыпты алып таудың күші де,
Құпия көп сырт келетін кісіге.
Іші түтін сол Жанартау секілді.
Барлығын да бұға бердім ішіме.
Жапа-жалғыз, тұп-тұнық боп төңірек,
Тұтандырып өкпек желі көп үдеп,
Бір күрсініп алады екен әлгі тау,
Қуаныштан қорқынышы көбірек.
Ей, Жанартау!
Жетпеп пе еді ақылың,
Шапағаттан шайқалмайды шатырың.
Екеуміздің мұңымыз да бір, бірақ.
Пенделік пен таулық сезім мақұрым.
Ей, Жанартау!
Сендей жүрген қанша адам?
Албырт жүзбен аласұрған, шаршаған.
Кеубеңдеген пәтшаһар ғой келбетің.
Кеудең неге кәрі ағаштай қаусаған?
Мына дүние қалай ғана тар саған?
Таңдай қағып тағдырыңа тамсанам!
Мендейлер көп сендік күннен шаршаған.
Сендейлер көп мендік күнді аңсаған...
Жалығады пенде қалпым һәм санам.
ЖОЛАЙЫРЫҚ
Көңілімді қалдыңдар қалай ұғып?
Тосып тұр-ау, таңымда талай үміт
Арттағы жүрген жолым бір аяқтық
Алдыға жүрем десем – жол айырық.
Ғажайыпқа жанымыз алданбаған.
Жақсылық қой жасымнан жан баураған.
Өмір бойы жүретін сол жолымды.
Таудан биік боп тұр-ау таңдау маған.
Қайсы жолды таңдасам қайғы аламын,
Қайсы жолдан көрінер жайнағаным?
Асықтыра бермеңдер адам біткен,
Мен әлі ойланамын...
* * *
Сыртым бүтін, ал ішім ала-құла
Нанғысызға нанумен ауған күйім.
Ақынды ақын сүйіп қалатыны,
Адамға қандай қиын...
Сезім деген қылмайды санамды тұл,
Мен сүймесем біреуді оңбай кетем.
Жақсы көру үшін де адамды құр,
Таңдауға болмайды екен.
Бұйырмай қалатыны болар кейде,
Қолыңа ұстап тұрған несібенің.
Мүлде басқа адамға қонар кейде
Сезімім осы менің.
Сеніп келем әлі де мен сағымға,
Айтқандарың шуақсыз шапағат па?!
Аяусыз қалдыратын ең соңында
Баянсыз махаббат па?
Түнімді жалғайтындай таңға мұнша.
Бұйырмашы сонда да маза айыпқа,
Жаныма тәңір ие болғанынша
Мен сенем ғажайыпқа...
АҚЫН ДЕГЕН
Құдіреті қара өлеңнің, о, неде?!
Шабытымды шығардың ба төбеме?
Дейсіңдер ме, қиял дейтін қай әлем?
Ақын деген немене?
Дейсіңдер ме, жазбай жатыр кім өлең?
Нағыз ақын, білер болсам, сірә, кем.
Ақын деген – түсінікті төрт әріп.
Түсініксіз бір әлем.
Пайымында атымен жоқ пайдасы.
Жалғыздықтың бауыры емес, жай досы.
Ақын деген асылдардың сынығы,
Ақиқаттың айнасы.
Намысында қалмайтұғын наласы
Сәл нәрсеге сылқ ететін санасы.
Ақын деген ізеттінің інісі,
Ақылсыздың ағасы.
Қуыс сөзге қана алмайтын құмары.
Расында олар бар шындықтың шынары.
Ақын деген қара өлеңде қалқитын,
Ұлылықтың ұлары.
Қиялменен құрдас болған мәңгіге.
Қарайтындай таңырқаумен таң күле.
Ақын деген тоқтауы жоқ тағдыр мен,
Аяғы жоқ әңгіме.
Даңғойлықты алатұғын дұшпан ғып,
Олар үшін жат ұғым-ау іштарлық,
Ақын деген ой ұшыру құстар ғып
Және оған құштарлық.
Ынтызары, ынтықтығы басылмай,
Тосқауыл боп тұрсадағы тосын жәй.
Өле-өлгенше Өлең оның өмірі,
Ақын деген осындай!..