* * *
Алысқа... мен алысқа көп қарадым,
Жалғыз өзің едің ғой жоқтағаным.
Уақыт жылжып барады деген сайын,
Білмеймін, тым ұялшақ боп барамын.
Сен білмеген сырларды шертем өзім,
Елесім, елегзіткен еркем өзің.
Тым алыстан қол бұлғап барады әні,
Ес-түсімде қалмаған ерке кезің.
Талайға тек сен үшін қарамадым,
Былғамадым жанымды, бағаладым.
Тек саған арналады деген үміт,
Сезіммен ұштасып тұр санада әлі.
Жегідей жегенде азап сорлы ішімді,
Сағындым сол күлкіні, сол мүсінді.
Жанымды ақтарамын, барымды мен,
Сен сол үшін сақташы болмысыңды.
* * *
Асып барып тасынған, тасөткелден,
Мұң налиды сүзектей кесек кеудем.
Сұм дарыған күндесім қайда жүрсің?!
Өсектеуден шатасып, есептеуден.
Бейшара емес, беймәлім біздің іңір,
Ақ ұлпадай сүрлеген ізгілік үр.
Қысқы аязға қаршылдап жетпесе де,
Күңіреніспен табысқан күзгі ғұмыр.
Көнерген бақ,
мирасым,
көне арманым,
Сенделдім көп сең дей боп шөге алмадым.
Өзім өлсем артымнан өлер барым,
Өлең өлді дегенің өлі арманың.
Тұра салып тәубе ғып таңғы шыққа,
Жардай болған кеудемді ар қысып па?
Сүзек болып ауырсам самалыңнан,
Мені, тағдыр, өлеңмен мәңгі ұшықта!
* * *
Тыныштықтан түңілу, түн құраған,
Шыға берер шырылым жыр дұғадан.
Өзін-өзі бақытсыз қыла алатын,
Айтшы, қарғам, сонда осы жынды ма адам?
Көлбең елес көлкілдеп, көшеді олар,
Есеп құрып, құр шимай есе қалар.
Тағдырды түсінбеген кейбір адам,
Өсіп барып жәй ғана өше қалар.
Күйініштен көбіне күйіпті ішім,
Маңыздысын таба алмай, ұйытқысын.
Біліп тұрып бұл адам сүйе беред
Махаббатын қорлаған сүйіктісін.
Түңілмеші ертең-ақ тынар дәурен,
Өзіңді-өзің жүресің құр алдаумен.
Мың арманмен келеді бұл өмірге,
Бұл өмірден өтеді бір арманмен.
* * *
Махаббат,
Атақ пенен мәнсәптағы,
Тағдырдың осылар ғой тар шатқалы.
Көңілдің құртындай боп, арып-аршып...
Шаршап барып, қоямын аңсап тағы.
Жеңіліп, жүрмін күнім,
күнде өмірден,
Есем бар, алып кеткен кім көрінген.
Талықсып, жана алмаған өшер шоғым,
қайтейін, өшпесін деп үрледім мен.
Сіресіп, сұлба кеткен, сіркіреген,
Өзінше, күндестерді күлкі көрем.
Кеудемде өлең деген титтей сәуле,
Өшпесін, өлмесе екен шіркін Өлең!