ҚАЗАН. ЖАҢБЫР
(экспромт)
Желең бұлттардай жел ырқындағы
Жетім күн көшті шұбап кіл.
Жемір ойларға желінтіп тағы
терезем алды жылап тұр.
Жұмысына жұрт асыққанындай,
Асыққанымдай Құдайға.
Еркіне жанның уақыт бағынбай
Баянсыз өтті бұл ай да...
Жылыстай көшіп, жасырын бізден
Шаттығын дағы тонатпай.
Беймезгіл шақта шақырусыз кеп,
Құрметсіз қайтқан қонақтай
Баянсыз өтті-ау бұл ай да...
СОҢҒЫ ХАТ
Жарығым...
Бұл сезім біздерге опа бермес түбі,
Мендегі өлең – өткеннің өлмес құны.
Торығу – сағынышты күндерді аңсау,
Сағыныш – сол күндердің келместігі.
Бақыт деген – арманға ұмсынуың,
Уақыт құнын сондықтан білші, күнім.
Бейдауа дертіңді құр асқындырып,
Артық енді бейуақта күрсінуің...
Көңілді Күн, теңеген сезімді Айға,
Бұла мінез, тәкәппар кезің қайда.
Аямайды сені ешкім бұл қоғамда,
Сен де, жаным, дұрысы өзіңді ойла.
Аспан, дала, бұлттардың жөңкілісі
Өлім ғана – біздерге белгілісі.
Өкініштен ада бол, әрбір сәтің –
Сағынышқа айналсын ең дұрысы...
* * *
Бұл жалғаннан түк таппай алданарлық
Ақырғы рет, санама салмақ артып
Мейірленген жүзімнен үміт тарап
Өр мінезбен, өмірге күліп қарап
Мағынасы көнерген ескі өлеңдей,
Сонау балғын күнді де кешпегендей
Түймегендей, ештеңе білмегендей
Мына өмірді тіпті де сүрмегендей
Үйір еткен бейкүнә жанды мұңға
Дүниенің тәрк етіп барлығын да
Таңбалап ең ақырғы сәттерімді
Ашық тастап үстелге дәптерімді
Тыным бермей, жынды қып тағаттыны
Сыртылдап қала берер сағат тілі
Тындырар түгім жоқ деп енді менің
Бостандыққа ұмсынып, тәнді тастап
Кеудемнен шығар сәтте соңғы демім
«Сағындым!..» деші сен мені!..
* * *
Таң ата қайтып, кеш – желік буып,
Түн қата жүріп қаңғырған.
Сонау бір жазға естелік қылып
Еркелігімді қалдырғам.
Санамның мөлдір, тұнық сәулесін
Сағым ұшына жалғадым.
Күп-күрең күзді – кіріптар ЕСім,
Сағынышыма арнадым.
Шерімді шайқап шектен тыс мына
Шексіздігіме сыймадым.
Өкпеме қимай өктем қысты да,
Өкінішіме сыйладым.
Уақытқа бәрін жеңдірмек пе едім?!
Адасқан жан ем бағы ұдай.
Жолыңа қидым – өндір көктемім,
Үмітім болса тарыдай...
ҚОШТАСУ
Көнеді ғой, бәріне көнген жүрек
Бәрінен де бір күні арылармыз.
Елжірей қарашы еркем,
ең соңғы рет
Естелік болып қалсын... сағынармыз...
Жалт бұрылып жөнелді...
“Қош”- деді де
Сәтсіздікті тағдыр деп таныған қыз.
Сендірместен жалыны өшкеніне,
Қимастықтан кеудесін қарыған мұз.
Міз бақпай көтереді жылдар үнсіз
Бұл мезгілдің өшкенше жадынан біз.
Біздің ғұмыр - жалт етпе, бұл да бір түс,
Тек өткеннің көзімен жорылармыз...
Көне берер, бәріне көнген жүрек
Жол торып, күтуден де жалығармыз.
Бұрылып қарашы еркем,
ең соңғы рет
Бұл сәтті де бір күні – сағынармыз...
* * *
Кіл өтірік – келмеске сіңіп жатқан елес күнім;
Келешегім – көкірегімде қыстыққан көмескі үнім.
Жарлының жанарындай жаутаңдаған
жалғанға, бақыт “жалпы” еместігін
біле тұрып...
бәріне оңай сенуім керек пе еді...?
Күту үшін – санамда бір тыныштық орнайтынын.
Құрдымына құлаумен әр қайғының
Ғұмырым – біткенінше өкініш пен күрсіністің өтінде жаурайтынын
ұғу үшін –
осы өмірге келуім себеп пе еді...