ДӘУІРЖАН ҚАМБАРОВ. ОСЫ ДА ӨМІР МЕ ЕКЕН?..

 * * *

Неге күн болдың екен,

Жылынып жарытпадым.

Ұстадым қолды бөтен,

Бөтендік танытпадым.

 

Сыймадым ешбір жерге

Несіне өкпелейін.

Сенімді кескіндерге

Үңілдім көпке дейін.

 

Шаршасам, шаршамайтын

Жүрек бар менде, кәні?

Аңсасам аңсамайтын,

Аңсарым келмеді әлі.

 

Шалмады көзін көзім

Аңсаумен жүремін тек.

Жылаттым өзімді-өзім

Өтірік күлемін деп.

 

Жолсызбен жүріп келем,

Тағы да жалғыз жортам.

Өзімнен күдіктенем,

Өзімнен тағы қорқам.

 

Сезімге, көңілге кең,

Шөлдегем, қаталап та.

Осы да өмір ме екен?

Осы да махаббат па?

 

Ұстадым қолды бөтен,

Бөтендік танытпадым.

Неге күн болдың екен,

Жылынып жарытпадым...

 

* * *

 

 

Бүр жарғанда сезіміңнің гүлдері,

Мұңаюдың ілінгенде кірпігі.

Оңашада жалғыздықтың түндері,

Сүйкімділеу біртүрлі.

 

Сағынышың қанаттарын қаққанда,

Нәзік сәуле жанарыңды өпкенде.

Аязданған аласұрған ақпан да,

Айналады  көктемге.

 

Құштарлықтың сезілгенде салмағы,

Сүю жайлы сыр айтқанда жан құрбың.

Манаураған мазасыздау таңдары,

Жоғалтады салқынын.

 

Мұңаюдың ілінгенде кірпігі,

Бүр жарғанда сезіміңнің гүлдері.

Сағыну да сүйкімділеу біртүрлі,

Сүйкімділеу жалғыздықтың түндері.

 

 

* * *

 

 

Күн күрсінсе, сені ойлап күрсінеді,

Түн күрсінсе, сені ойлап күрсінеді,

Кеше ғана сағынбай кетіп едің,

Бүгін міне сағынып тұрсың енді.

 

Жанарыңды еріксіз жасқа малып,

Отырғаның бөлмеңе тас қамалып.

Сен күрсіндің, артынша алабұртып,

Алабұртып күрсінді аспан анық...

 

Жұлдыз біткен шошынды, шашырады,

Қайда-қайда жастықтың асыл әні?

Әне біреу біреуге асығады,

Әне біреу біреуге қосылады,

Күрсініс те дәл солай басылады!

 

 

* * *

 

Қаншама күнді қаза ғып алдық,

Жаза құмармыз, жазған-ай.

Сен жайлы өлең жазарым да анық,

Сағыныш дертін қозғамай.

 

Сағыныш деген – ескі әуен еді,

Сағынбай қалай жай табам?

Сүйетінімді кеш білген едім,

Сағынған едім қайтадан.

 

Сыйлаған Тәңір, барлығымызға,

Сағынып сен де көрсең деп.

Тоғыспай кеткен тағдырымыз да, –

Сағыныштармен өлшенбек.

 

Сол қилы тағдыр нені білді екен,

Түсінуге әсте жетер ме ой?

Махаббат деген мен үшін, көкем, –

Сағынғанымда екен ғой...

 

 

* * *

 

Шартарапқа шарлаттым сана көгін,

Дала көрдім, көнерген қала көрдім.

Аңсаған күзің болса бара бергін,

Көктемге жаңа келдім.

 

Бұл менің – көктем деген ескі досым,

Досыңның қадірін де кеш білесің...

Таңымның жалғыз гүлін жұлып алдым,

Жанымның жалғыздығын естімесін.

 

Бесенеден белгілі сыры маған,

Мен ғана жанын оның ұғын алам.

Мен келді дегенді естіп көкжиектен,

Күнім де тұрған болар күліп алдан.

 

Күн ғой ол!

Күлген оған жарасады,

Гүлімдей солмаса екен болашағы.

Түнерген бұлт та күнді айналшықтап,

Жылатып алмайын деп әрі асады.

 

Күннен басқа жұмысы жоқтай оның,

Түнеріп ап үрлейді оттай демін.

“Тазы ашуын тырнадан алатындайˮ,

Жылатып алмасын деп тоқтай бердім.

 

Қытықтаған күн көзі, бұлақ ағып,

Айтқызбай-ақ жаныңды ұғары анық.

Өкпелеген баладай күнім кейде,

Жылап алып тұрады, жылап алып...

 

Түн. Түсімде ой, көз жасын сағымдаған,

Не көрінді-ей, о, тоба, бүгін маған?

Ұйқылы-ояу әйтеуір таң атырдым,

Көрсем ғой деп көктемгі күнімді аман.

 

 

* * *

 

Сенің жолың және жеңіл және ауыр,

Кездесуге шақырады тек елес.

Өз қолыммен жасап алған жоба бұл,

Мені Мәжнүн қылған, бірақ, сен емес.

 

Серік болған көлеңке де шаршатты,

Көлік болған екі аяқ та мүгедек.

Түсінбейтін жақынды не алшақты,

Сенің жаның – жаның емес, шүберек.

 

Тал бойыңа жараспайтын тақтым мін,

Тағы өзіме жасап алам бір жоба.

Бір күндері мен сияқты пәк құрбың,

Қоштаспай-ақ, қоштасады біржола.

 

Сені сонда аяп тұрам мен іштей,

сосын қайта...кешіремін...кешіргем.

Құлай сүйген жүрегіммен келіспей,

Мәңгілікке шығарамын есімнен.