АППАҚ ҚАР – АППАҚ СЕЗІМ
Апыр-ай, Астанаға қыс келген бе,
Жоқ әлде ұқсаймын ба түс көргенге?!
Қараша — күздің соңғы мұғжизасы,
Қанатты періштелер түскен жерге.
Бәрібір, кім не десін Астанаға,
Сенбеймін әркім айтқан әпсанаға.
Мен жақсы білемін ғой бұл қаланы,
Бұл қала қыста мүлдем басқа қала...
Есіңде бар ма, ботам, алғашқы қар?..
(Ол да сендей есімнен алжастырар.)
Құдайдың құдыреті қолымда жоқ,
Сол сәтті ғұмырыма алмастырар.
Ал, қазір бақыт іздеп баққа келем,
Нұрланып аппақ әлем, аппақ өлең.
Саған адалдығымды мен сонда да,
Ақ қардың бейнесінде сақтап өлем!..
Сезім деп әбігерге түскенмен де,
Болмайды өзімізді іштей жеуге.
Екеуміз жолығайық кел, одан да
Байланыс аясынан тыс жерлерде, —
қыс келгенде!
КҮЗГІ БАҚЫТ
Жапырақтың көзінен тамшы аунатып,
Күзді осылай күрсініп аңсау бақыт.
Қарсы ал, уақыт мен күткен мезгіл жетті,
Қанатынан құстардың ән саулатып.
Менің жаным үнемі күзге құштар,
(Қызға деген себебі қызғаныш бар.)
Жазды жоқтап жылайды, жадау тартып-
Саябақтар. Көшелер. Түз. Қамыстар.
Сағыныштың демінен аңқиды мұң,
Көңілімнен ұғады сол күйді кім?!
Үмітімді жел үзіп жұлмалайды,
Көз ұшында мұнартып әр қилы күн.
Күрсінісін жасырып күн ішіне,
Өмір солай өте ме, мұнысы не?!
(Өлісіне өкпем жоқ адамдардың,
Бірақ разы емеспін тірісіне!..
Бара жатыр құстардың көші қайтып,
Қоңыр күзге көңілдің хошын айтып.
Ештеңені, ешкімді керек етпей,
Күн кешуге болады осы қайтіп?!
АҚ ЖАҢБЫР
Ақ жаңбыр – Алладан жауған нұр сыңайлы,
Маған да, Саған да ұнайды.
Дәл солай мөлтілдеп мойылдай көздерден,
Үн-түнсіз моншақтар үзіліп құлайды.
Ақ жаңбыр – көмейге қонған жыр сыңайлы,
Иесіз жүректей киесін сұрайды.
Ал, менің жаныма жалғыздық себепші –
Еске алып тұруға Құдайды.
Осынау дертімнің табылмай бір емі,
Сырымды білсе тек ақ жаңбыр біледі...
Қолшатыр астында қанша тіл байланып,
Жүректер сезім боп сөйлейді үнемі.
Ақ жаңбыр - ол менің мөп-мөлдір жасымдай,
Бейне бір мұңымды ұғатын досымдай.
Қолымнан келсе егер, тағдырға бас ұрмай,
Тұрар ем жауын боп басылмай...
СЫРЛАСУ
(М.Мақатевқа)
Сен де тудың ақпанда, мен де тудым,
Туа сала жырыңа тербетілдім.
Әлдеқандай болуға хақым бар ма,
Қайталай сап тағдырын әлдекімнің.
Сен де ауылдың баласы ең, мен де ауылдың,
Ниетімен бірге өскен сол қауымның.
"Қуат алып қыранның қанатынан",
Тұғырына өлеңнің қонған ұлмын.
Сен де тауға құмарсың, мен де құмар,
Есебінен кей сәтте ел жаңылар.
Ақын біткен жырласа жалғыздықты,
Ақымақ деп ойлай ма сонда бұлар?!
Сен де ғашық болып ең, мен де ғашық,
(Ақыр соңы кететін шерге ұласып.)
Баяны жоқ қайтейін бес күн ғұмыр,
Бара жатыр тағы бір белден асып.
Сен де кеттің өмірден, мен де кетем,
Оған дейін аянбай еңбек етем.
Ақын – ақын болмайды өздігінен,
Ол атауды тек халқы берген екен!
Іштей ауыр күрсініп күз өтеді,
Құлазыған көңілге сызы өтеді.
Біз өмірдің жолында түйіспедік,
Мүмкін, өлең осыны түзетеді!
* * *
Айтқызбай-ақ білер ең,
Саған деген сағыныштан жүдеген.
Көктемдейін көңілімде кіршіксіз,
Бәйшешектей бүршік жарды бір өлең.
Сезім сүйгіш музалар,
Сырларымды еш бүкпесіз тізе алар.
Ұяңдығың ұнайтұғын әу, бастан
Ұясына батқан күндей қызарар.
Жүрем қалай шаттанбай,
Жүрек құрғыр жарылуға шақ қалды-ай.
Жылғадағы жылжып аққан бұлақтай,
Сыңғырлаған күміс күлкің пәк қандай.
Бұрымыңдай өрілген,
Бұл ғұмырда тым қысқалау көрінген.
Мен өзіңді өліп-өшіп сүйемін,
Себебі өмір сүю үшін берілген.
Жүрегімнің бүлкілі,
Тағат таппай тыпыршиды күн-түні.
Қап-қараңғы түндей қарашығыңның,
Сәулесіне айналамын бір күні.
ШАРДАРА ҚЫЗЫНА
Мен сені өлердей жек көрем, Алтынай,
Сүйемін, сүймеймін десең де өзің біл.
Сені де орныңа қоятын бар Құдай,
Айтпай-ақ оны ішің сезіп жүр!
Өңіме айналып кеткені түсімнің,
Жақындап қалғанын көрсетті ақырет.
Сезімнің өтірік екенін түсіндім,
Өзіңнің арқаңда, рахмет!
Күнді аңсап күнтізбе ішінен жоғалған,
Білсең ғой тым ауыр екенін ойлану.
Бірақта оп-оңай ақылды адамнан –
Ақымақ ақынға айналу.
Оның да көтерем обалын,
Шыдамым жеткенше шегіне.
Мен бірақ сағынып күтпейтін боламын,
Күзді де, сені де...
Әрине сөзіме сенбейсің, құба-құп,
Бұларды әзілдеп айтты ғой "ақ көкең"...
Есілдің бойында есіңді шығарып,
Мен сені ауылға ап кетем!
ЖЕЗКИІК
(С.Сейфуллинге)
Арқаның кербез сұлу жезкиігі,
Өртеген өз отына өз күйігі.
Боздайды бүгін сені есіне алып,
Бетпақтың шалғай жатқан боз қиыры.
Болмай жүр жыр жазуға мұршам бүгін,
Сонда да басылған жоқ іңкәрлігім.
Сырласым қазір жалғыз өлең ғана,
Себебі ол бар құпиям, сыр сандығым.
Жүргем жоқ тау ішінде түнделетіп,
Күнімді көріп жүрмін бірдеңе етіп.
Тар жолда тайғақ кешкен ақын ғой деп,
Келемін соқпағыңды сүрлеу етіп.
Сарыарқа көрсем дағы кең шетіңді,
Бітпейтін көкірегімде шер секілді.
Мен әлі жас болсам да жарып шығып,
"Жас қазақ" бола алмадым сен секілді.
Жырларың жүректерді мекендейді,
Іргесін ел-жұртымның бекемдейді.
Қазақтың сөзі тірі Сәкенімен,
Сәкеннің қазақ барда аты өлмейді.
* * *
Сенсіз жүрмін өмірді несін сүріп,
От жанарың жасынның жарқылындай.
Сені көрсем толқимын есім шығып,
Жағаны ұрған Есілдің толқынындай.
Сені ойласам жүрегім аттай тулап,
Бордай тозып кетемін шыдай алмай.
Абайсызда өзіңе қатты айтып ап,
Жүрем сосын кешірім сұрай алмай.
Содан кейін түсемін сергелдеңге,
Санам сазға бөленіп сағыныштан.
Бір алапат күш бардай өр кеудемде,
Саған қарай үнемі алып ұшқан.
Сені іздеймін шарқ ұрып шағаладай,
Қылығыңа тәп-тәтті тоймаспын мен.
Сезімімді жүрсең де бағаламай,
Мендегі ұшқын басыла қоймас бірден.
Бастай қалсам өзіңді сәл қызғана,
Көңіліңнің білінер ызғар лебі.
Сені қимай жүрмін ғой жалғыз ғана,
Әйтпесе ұнатып жүр қыздар мені…