ДЕРТІМ АУЫР
Саған жіпсіз қалғандайын байланып,
Тағы отырмын мен өзіңді ойға алып,
Өткен күннің сынықтарын көп сақтай,
Жібердім бе, жүрегімді қойма ғып.
Дертім ауыр, жазылатын түрі жоқ,
Қарайсың-ау миллионның бірі деп,
Енді саған жай таныспын, жай таныс,
Қайта-қайта айтатын да түгі жоқ.
Көз алдыңда өтер жылдар, өтер күн,
Көз алдыңнан менде көлбей өтермін,
Қара да тұр, қиналарсың сен әлі,
Көріп сол кез құшағында бөтеннің.
САҒАН ҚАЙТА ҚАРАУҒА ДА ЖАСҚАНДЫМ...
Жүрегімді дауылдатты алыс күз,
Өткір жанар, сол бір күлкі, таныс жүз...
Сен мен үшін жабылмаған кітапсың,
Ал мен саған тек жай ғана таныс қыз.
Махаббаттың сырын адам ұққан ба?
Қадам баса алмай калдым тіпті алға.
Қуандым ба, мұңайдым ба білмедім
Қарсы алдымнан бүгін өзің шыққанда.
Ұға алмадым... жолығудан қашқан кім?
Осы еді ғой дəл мен үшін тосқан күн,
Қос жанарым сыр ұқтырып қоярдай,
Саған қайта қарауға да жасқандым.
Жүрегімді дауылдатты алыс күз,
Өткір жанар, сол бір күлкі, таныс жүз...
Сен мен үшін...
Сен мен үшін... қымбатсың
Ал мен саған, тек жай ғана таныс қыз...
* * *
Тым көп күткен анасын баладайын,
Бір болуды қалай мен қаламайын,
Əдет болып кетіпті əр таң сайын
Қарап жүру сен жақтың ауа-райын.
Үнсіз кеттің бір бермей хабарыңды.
Жүрегіме жүк қылып нала-мұңды
Ару, əсем Астана бойжеткендей
Тартып алды е-ең қымбат адамымды...
Жүректі емдеп сен жайлы өлеңменен,
Ей жаратқан, мен неткен өлермен ем...
Əлі есімде маусымның жылы кеші,
Əлі есімде сөздерің «келем» деген...
Ауыр ойлар жанымды кеміреді,
Қоштасқан соң кездесу – өмір емі,
«Астана» жазуы бар автобустар
Тым алысқа кетердей көрінеді.
Таң ба, түс пе, ол əлде кеште ме еді?..
Қашан алдың соңғы рет еске мені.
Астанаға кешігіп келед деуші ед
Біз жаққа да сол көктем кеш келеді...
* * *
Неткен жансың,
Қайғы-мұңға бергісіз...
Түс деймін бе? –
Өйткені адам сенгісіз.
Кейде саған хабарласқым келеді
Нөмірлерден белгісіз.
Ауса дағы тек өзіңе аңсарым,
Термей қойды нөміріңді саусағым.
Арпалысып осы дүлей сезіммен
Білесің бе, шаршадым...
Уақыт емші, ол мені де емдейді,
Өзгерем деп, уәде берме,
Бер мейлі!..
Жолымыздың екі бөлек кеткенін
Түсінбеймін. Түсінгім де келмейді...
СЕНСІЗ ӨМІР
Сенсіз өмір – көктем емес, күз дер ем,
Сезім емес, қосқан еді бізді өлең,
Мен де бармын, сен де барсың бірақ та,
Ұғым мүлде кездеспеді «біз» деген.
Сенсіз өмір – шуақты емес, жаңбырлы,
Бағындырмақ едім бірге сан қырды,
Ізгі өлеңің қанша қуаныш сыйласа,
Бір жоқтығын сонша мұңды қалдырды.
Сенсіз өмір – тынық емес, дауылды,
Бей-жай қарап өте шығар сабырлы,
Тағы сезім соқпағына шалындым,
Тағы, тағы мендік жүрек ауырды.
Сенсіз өмір – емес түс те, бұл өңім,
Сағыныш пен сары уайымнан жүдедім,
Жүрегім мен бар уайымды иемденіп,
Көзде жаспен қалдыратын кім едің?