БАЛҒЫН РАШ. ЖЕЛГЕ ҰШҚАН ҮМІТТЕР ҮШІН...

 

*  *  *

Аңғалдықтың артына жасырынып,

Тағдыр тартып алған соң ойыншығын,

Жылап бара жатыр ма жасық үміт? 

Сіздегі қорқақтық сияқты.

 

Біз түннің күнәсін көтердік,

Тіл қатты тыныштық...

"Ол оны тағы да жылатты" дегізбей.

Күн күлсе жараса қалатын,

Көлеңкелеріміздей...

Бақытты болуға тырыстық.

 

Неліктен жүректер өлгенде,

Көңіл айтпаймыз,

Табытын көтермейді ешкім.

Санамайды жұрт парызын.

Бір сәттік кесел түсіндіреді,

Жалған екенін бес күн....

Қауырт екенін қарызың.

Айыппұл төлеуге міндетті адамдар,

Жер көмген уәделерменен,

Желге ұшқан үміттер үшін...

 

Үкіметке емес!..

 

*  *  *

... Француз әтірі,

Бағасын арттырып жейдеңнің,

Сол түні, он екі ширекте,. Біз алғаш көріскен күндегі,

Көйлекті кигенмін.. Сағаттың шықылы,

Сәйкесіп жүректің лүпілі.

Саяңды көрмедім,серттескен серуенде... –

Сананмның сол болып үкімі..

Шарасыз күйге ендім,

Сізді енді күтпеуді үйрендім..

Ойыма оралды,

Біз талай сырласқан орындық,

Алайда орынсыз сұрақ бар?

Не үшін кетістік, не себеп қағындық.

Мендегі мең күйге мән бермеу,

Сіздегі ең арсыз жетістік..

Көлеңкем,

Сенен де сұраймын кешірім.

Бақ іздеп қағыппын –

Әйнегі жоқ үйдің есігін.. Өлеңді құндақтап алам да,

Өзге үйдің бір күні,

Тербетіп кетермін бесігін...

 

*  *  *

Көбелегінің қанаты сынған,

Сезімі сөнген Ләйлімін.

Құшағы суып қабырғалардың,

Ұсағы қалды қайғының...

 

Теріп жеп оны,

теңбіл доп өмір өтіп барады доңғалап.

Қарсыласым кім,

Қақпасын ардың,

Соққыдан қалай қорғамақ?

 

Бұрыннан аяз жүрек бөлмесі,

Жүдеп барады тым әрі,

Түнек түрмеге,

кірер келесі,

Сүйгені үшін кінәлі!

 

Жазасы ауыр,күрмеуге келмес.

Жасауға болмас келісім.

Мекен жайына  махаббатымның,

Хат жазып тұршы мен үшін...

 

Хат жазып тұршы,

Сағынғанымда.

Сұрақсыз! Үтір,нүктесіз...

Жанарымызда жалын барында,

Бәрін баянда бүкпесіз.

 

Алайда менің қимайтынымды,

Қинайтынымды білмесін,

Ол емес, сенің ұнайтыныңды,

Ұғынып қойып жүрмесін....

 

*  *  *

Әдеткі серуен,,

Тәтті түс,

Қызу сөз, қысыр мұң,

Сіз ерте,

Қоштасып жаттыңыз.

Мен бәрін жасырдым.

 

Сырымды,

сағымның саудасын қыздырып,

Жанарым сатып тұрад.

Іріңім ішімде,

Күлуге үйреттім езуді,

Көріну үшін де бақыттырақ.

 

Біздегі сезімнің сиқыры,

Сияқты көбелек,

Ғұмыры үш-ақ күн.

Мендегі аңғалдық одан да қысқарақ.

Әумесер баланың ойынын қандырып,

Ауызында қалатын тұзақтың.

Мен онда ештеңе ұққам жоқ,

Дегенмен шынарда сынатын,

Сынаққа шыдаппын.

«Жазығым неде?» - деп

Жәутеңдей жүз қарап,

Жауапсыз ұзаттым...

(Өзгеге)

 

 

*  *  *

Жанымды мұздатып алдым,

Жауынды сүйгенім үшін...

Күркіреп барады аспаным.

Келгенін сездіріп күздің.

Иә сіз...

Құшағын құп көріп өзгенің.

Мен сол...

Қоштасқан қызбын.

 

 

Қара көк қосылып жылайтын,

Қара дақ бұлт жиып...

Тамшысы темірдей,

Жендетім аяусыз.

Жоғалып кетсемші жанымды кемірмей!

Күнде осы тірліктің құлымын.

Күндесі секілді бай қыздың.

Қалатын мүрдесі көмілмей.

 

Сезімім садаға,

Ішімді өртейді бір үміт.

Кенеттен керіге бұрылып.

"Кешірші"-  демей ме?!

Ал менің сонда, тәкаппарлығым тіріліп.

Құлып салса ше көмейге?

Өксітіп өкініш.

 

Сезсем ші бұл жауын өтпелі екенін.

Сенбес ем,сүйер ем бірақ.

Бәрінің шегі бар...

Тұру жоқ тақты да босатпай.

Азғындық жасағандарға да

Адал ғой ұлылар!

Жауыннан кейінгі кемпірқосақтай...

 

*  *  *

Үлгереміз бе, құшаққа қысып?

Үлгереміз бе, сүюге?

Мәзірін жердің құлтымдап ішіп,

Құлаш қыр жатыр иіле.

 

Жүзі алқызыл, жүрегі дақты.

Бақыты бәлкім жасырын.

Қылығы тәтті қыз-қазғалдақты,

Жел еркелетер ақырын.

 

Көз жасы сынды күлтеге тамшы,

Жайғасар жауса нұр көктен.

Қызғалдақ қызыл шоқ болып жатты,

Қоштасып жатты бір көктем.

 

Көне табиғат кестелеп өрген,

Қызыл жіппенен қыратты,

Ұзату көштің соңынан ерген,

Ұяң бойжеткен сияқты.

 

Қауырсын пілте қағбаны айналып,

Жасап жатқандай мінәжат.

Қауызында оның жатыр ойланып,

Бір сүйкімділік, бір азап.

 

Уысы алтын, уыты шырын.

Запыран жұтып, шер ішкен.

Ғұмырың неткен келте еді сенің,

Күнәсіз күлгін періштем.