БАҒЖАН АЙДАРҚЫЗЫ. ОЙ САНАМДА ҚҰРАМЫН ӨЛЕҢ-ӨРМЕК

 

*  *  *

Күзгі қала. Тағы да қас қарайды,

Мұң көрпесін көңілге төсегелі.

Сен жүретін жолдарға бастамайды,

Мен білетін Семейдің көшелері.

 

Жара салар жалғыздық жанға небір

Тамшы-жасын аспан да текке үзбейді.

Амал қанша, өзіңе жолдар едім

Сәлемімді құстар да жеткізбейді.

 

Тұла бойда тағатым қалмағасын,

Ой-санамда құрамын өлең-өрмек.

Мен Жібек боп жарала алмағасын

Сен де іздеп келмейсің Төлеген боп.

 

Жерді құшқан жапырақ тәрізденем

Ой торына оралам түңіліп кеп.

Мағынасыз тірліктен мән іздеген

Біз екеуміз, білмеймін, мұңлық па ек?

 

Бір алшақтық бөледі арамызды

Көңіл, шіркін, тұрғанмен алып-ұшып.

Табыстырған осынау қала бізді

Жолықтырып қойған-ау жаңылысып..

 

*  *  *

Байыз таппай жанымды жұлмалаған,

Жаза алам ба жүректің шер-наласын?

Қызығы жоқ әйтеуір, бұл қалада

Мені байлап тұратын сен ғанасың.

 

Тұл сезімнен, білмеймін, бақ табам ба?

(Мейлі, өзегім өртенсін, көңіл қалсын.)

Бәрін тастап кетуге оқталам да,

Кете алмаймын.

Себебі, өзің барсың.

 

Осындасың. Оныңнан пайда бар ма,

Жолдарымыз жатқасын қосыла алмай?

Естелік те жоқ тіпті, ойда қалған

Сезім бар тек.

Келемін жасыра алмай.

 

Шалынбаған қоңырау. Хабарлама.

Жанарымды малып ап жасқа күнде,

Бар мұңымды шертіп ем саған ғана

Сен сырыңды айтасың басқа кімге?

 

Тұл сезімнен, білмеймін, бақ табам ба?

(Мейлі, өзегім өртенсін, көңіл қалсын.)

Бәрін тастап кетуге оқталам да,

Кете алмаймын.

Себебі, өзің барсың.

 

*  *  *

Айға келіп ақтарады түн сырын,

Бір арнаға тоғысқасын жылғасы.

Онда менің жүрегімнің дүрсілін

Өзің ғана тыңдашы.

 

Оянсыншы көңілдегі бәз үміт

Кеудемдегі жұмыр етке құлақ түр.

Ақ тілегім өлең болып жазылып

Алдыңа кеп Ақын болып жылап тұр!

 

Бар ойымды тірей салып тұйыққа,

Естеліктер оралады ең ыстық.

Әлем жатыр қан-қаперсіз ұйықтап

Жалғыз ғана санада бар кеңістік.

 

Өз-өзімнен күй кешемін өлермен

Жүрмін неге ақылымнан ада боп?

Анығында, бәрі жақсы.

Дегенмен,

жалғыз ғана көңілімде маза жоқ.

 

Жүрегім бар, жүрегіңе кіріптар,

Жолын таппай, жұтып қойған шытырман.

Қалғаны тек үзілмелі үміт бар

Кеше оны да өз қолымнан ұшырғам.

 

Сезімнің еш жұрнағы жоқ. Қалды мұң.

Кездер де жоқ түн жамылып, сыр ашқан.

Кеше бәрі басқаша еді! Ал, бүгін

Жүрегіммен бірге жылап тұр аспан!..

 

АЙКЕЗБЕНІҢ ӘНІ

Малынған нұрға ай беті,

Айнала бірақ,қараңғы.

Мен сүйген жанның келбеті

Жадыма тағы оралды.

 

Сағымын күттім арайдың,

Дертіме дауа табардай.

Елеңдеп тағы қараймын

Сүйіктім келіп қалардай.

 

Жас емес,көзге жыр тұнып,

Өртеніп,күйіп-жанамын.

Құшпаққа сосын ұмтылып,

Ауаны қармап қаламын.

 

Телміріп айға жасырын,

Болдым ба нағыз айкезбе?

Келмеске кеткен ғашығым

Оралар екен қай кезде?

 

АЙКЕЗБЕНІҢ ӘНІ 2

Махаббат дейтін айлақтан

Бердіңіз жылу жаныма.

Іздеймін сізді Ай жақтан

Аңсарым ауып тағы да.

 

Аспан тұр,бағзы көшінде,

Орнынан ешбір жылжымас.

Біреу жүр айдың бетінде

Айнала бірақ, жым-жылас.

 

Жалт етіп,бір сәт көрінген

Сол бейне әлде сіз бе екен?!

Жүректен шері төгілген

Жүзіңіз неге тым бөтен?..

 

Жанардан өткір сіздегі

Өңмеңімнен де өтер сыз.

Сарғайып,бәлкім,сіз мені

Сағынып жүр ме екенсіз?