***
Ойын қуып, күнұзақ асық атып,
Кеш шарбаққа шаршап кеп асылатын.
Бала шақтың қарасам елесіне,
Болашақтан түгім жоқ жасыратын.
Тау суындай бойымда тасып ағын,
Есер шағым ерте айтқан ғашық әнін.
Ересектеу күндерге көз тастасам,
Келешектен көп менің жасырарым.
Келешектен болса да жасырарым,
Неліктен мен сол күнге асығамын?
Білмеймін...
***
Оның көздері,
қап-қара түндердің егізі,
Тек ізі білінген бозамық сәуленің,
Ондағы тылсымның таба алмай негізін,
Мен бейбақ әуремін.
Оның көздері,
Мендегі тұңғиық ойлардай,
Ойланбай, күллі әлем ішіне сыяды.
Жымыңдап қараса,
жынды да ес-түсін жыяды,
сезеді сиқырды, ал сосын, «Құс Жолын»
кезеді ақынның қиялы.
Оның көздері,
Білтелі шам сынды жағылар,
Табылар бұлыңғыр үміт те, арман да,
Жүректің ұшынан тәтті жыр ағылар,
Көркем қыз кірпігін көтеріп қалғанда.
Оның көздері,
Шұғыла шашады жалықпай,
Жарықтай жұтады буалдыр мұңдарды.
...Бұлттардың үстінен шырқалған қалықтай,
Көңілдің әуенін тыңдар кім?
Оның көздері,
Таң нұры секілді арайлы,
Ұрлана қарайды,
өзгені...
***
Бейсауыт ойлар айдан құлайды
абдырап,
Қайдан Құдайды білсін ол,
Бәрі де түнгі сандырақ.
Аспанды қалай бұзып өтеді?
Ойлардың бұзық екені,
...білінді,
Ілінді саусаққа самала жырлардың бір шеті,
Қолыңмен жаппашы түріңді.
Құдірет іздеймін тағы төрт тараптан,
Сораптап ішілген өлеңнің кесесін,
тағы да толтыршы Жаратқан.
Қотарып ішейін бұл жолы,
көз жасын арудың,
өмірсіз қалудың,
азабын ұғынып,
ішейін маскүнем мұңдардан тығылып,
өзіңе жүгініп.
Қарашы,
Ай құлап барады төменге,
Таласы басылды жауапсыз сұрақтың.
Айналып кеткенін білмейді-ау өлеңге,
жұлдыздар жылап тұр…
***
Періште жүректер, ғұмырлар саналы,
Әзәзіл әлемге жүргізер әмірін,
Батпандай бағыңның керегі шамалы,
Бір уыс өлең бер Тәңірім!
Өлең бер, өзім-ақ сүрермін өмірді,
Өлмеші сәулем бар төбемде.
Қапырық уайымнан арылтам көңілді,
Нұрымды төгем де.
Ұры түн, ұлы сөз екеуі қосыла,
Тағы да үстелге әкелді желкелеп.
...Уәдем сол, қаныммен жыр жазып досыма,
Өлмеймін Есенин секілді еркелеп.
Жүдеу ой, жүдеу мұң,
тағы не табамын бұл айдан?
Күткенім басқа еді шынында.
Мендік сөз қарызға сұралған Құдайдан,
Шаруам жоқ өзгенің жырында.
(Қарызға алғанмын, парызым қайтару,
Әділдей кетпеймін жоғалып.)
Бір ерлік тар жерде ар сөзін айта алу,
Жатса да жан-дүниең тоналып.
Жатса да тоналып күнәсіз қаламға,
Жарамас жаманды жақсыға балатқан.
Дән етіп себейін дәрменсіз ғаламға,
Бір уыс өлең бер Жаратқан!
***
Жүрегіме жүк артатын тынбастан,
Өмірімнің əр парағы мұң дастан
Сенің сұлу жұлдыздарың секілді,
Менің де Айшам бар еді ғой, түнгі аспан.
Арманымнан салып алып ақ отау,
жүргенімде, өмір жоққа балады ау...
Сенің асқар шыңдарыңдай қол жетпес
Менің де Айшам бар еді ғой, Алатау.
Биігіме қадам бассам сатылап,
Маған көзін қысушы еді атырап
Сен секілді жыр көктемде жайқалған,
Менің де Айшам бар еді ғой, жапырақ.
Махаббатта көп болғанмен майдандар
Алушы едім күннен қуат, айдан нəр
Сенің де Айшаң болғандығы секілді,
Менің де Айшам бар еді ғой, Пайғамбар.
Табылмаса табылмасын жан емі,
Тəкаппарлық ақындыққа тəн еді.
Бар ғаламның ғашығына айналған
Менің де Айшам бар еді ғой,
бар еді...
***
Мен сені
көктемнің ең алғашқы бұлтты күні,
ең соңғы рет жауыннан қорғағым келген, қолшатырсыз.
Бірақ, саған жаңбыр ұнайтын еді,
Дәл маған жалғыздық ұнайтыны секілді.
Мен саған
көктемнің ең алғашқы бұлтты күні,
ең соңғы рет Хафиз жырларын оқығым келген,
сезімсіз.
Бірақ, сен түнгі қыдырыстарды сүюші ең,
Дәл менің түнгі ойларды сүйетінімдей.
Мен сенімен
көктемнің ең алғашқы бұлтты күні,
ең соңғы рет өмір жайлы сөйлескім келген,
үнсіз.
Бірақ, саған пәлсапалық ойлар қызық емес еді,
Дәл маған думанды орталардың қызық еместігіндей.
Ақыры мен,
көктемнің ең алғашқы бұлтты күні,
жауын астында Хафиздің өмір жайлы жырларын оқыдым,
жалғыз...