АЗАМАТ СЕРІКҰЛЫ. ШАЙЫРЛАРДЫҢ КӨЗЕСІНДЕ СЕНДЕЛІП...

АЙ СОНАТАСЫНДАҒЫ СӨЗ

Жұлдыздар кеше Айды қызғанды,

Айды қызғану - əлсіздік.

Жоғалған күзде үнсіз із қалды,

Із қалған жерден жол сыздық.

 

Іздеуге сені келмеді шамам,

Құстардай мəлім келерін.

Көзіңмен жазған хаттарды маған,

Өлеңмен жазып беремін.

 

Тамшы да тамды, тамарын білмей,

Кінə артам дейді ол маған.

Жансам жанайын отқа тірідей,

Соңғы хат болсын жолдаған.

 

Қара тұманға еліктеп едім,

Еліктеп жүріп ерідім.

Тəңірден де артық көріпкел едім,

Көріпкел қылған мені кім?!

 

Қардың қайғысын қайғым ерітті,

Қайғымда да менің еріккен.

Əкем құлаған көлшікке түнде,

Байқамай құлап кетіппін.

 

Жұмыр жер үсті жұмақ болардай,

Күзім оралар көп шермен.

Ертіске батып кеткен ағамдай,

Ертіске түсіп кетсем бе?!

 

Қашанғы қамсыз, мұңсыз жүремін,

Тағдыр дейсіз бе сіз бəрін?..

Сенің жүзіңнен көктемді көрдім,

Менің есімде күз қалды...

 

БЕЙМЕЗЕТ

Күмбірлі күйлер қорымы, үйірлі сезімдер қанаты,

Айдың бетінде өмірзая жұлдыз жоқ.

Қарғалар басыма қарқылдап қонатын,

Шашылған ойларым сары құмда құндыз боп.

Е-еее-ей, менің жанымды жеген рухым,

Қайдасың?!.

 

Кезетін кезің бе, жықпылдар шалғынын,

Түсімде шошимын мүрдемнен алқынып.

Аспаннан жауатын жаңбырдың тәніндей,

Миымның ішінде шала оттар қалқыған.

Түсінер кім дейсің, түсінбес жанымды ол,

Әжімдей қан сөлін тамырдың сарқыған.

 

Бағзылық баяндар есінеп, елсізде ырғалып,

Жылқылар тұяғы дегбірсіз, сәурік осқырып.

Жоғалған жартаста мисыздау мұңдарым,

Бәдіздер иығын сүйеген ескілік.

 

Дауасыз даланың ымыртын үкі ойлар күтетін,

Мезгілсіз мизам күн, мекенге ұласқан.

Дәрмені қоңырқай тірлікпен ыңырсып бітетін,

Рухтар рухы бұл аспан!

 

Ессіздік дертіндей еңіреп, боздауық түн бауыр,

Ендікке жалғасқан ғазалдар, дәуірдің аңғары.

Ғұмырсыз жандарға бұл да ауыр,

Көлденең көк атпен кесілген жолдары.

 

Шақырып алыстан сағымдар, асылдар сүйегі,

Арқанға алқызыл ажалдан жіп ескен.

Көбелек дағындай күн қақтап күйеді,

Соңғы рух деміндей күрескер.

 

Аңқам кебеді, кеберсіп еріндер бояуы,

Тағдырсыз көктемде тағдырлы тұйықтар.

Өмірдің шымқай көк аспанында ояну,

Өңірсіз өлімде өзің боп ұйықтау!

Рухым,

Соңғы рух!

Ішімде өлмесін, жанымды айғыздап.

Шалдың термесі, шарайна көзімнің жасы,

Сен бізді күтесің, біз сені қай құзда?!..

 

ҒҰМЫРСЫЗ ҒҰМЫР

Қызғалдақ-Қыз ғұмырындай ерке күн,

Күнəмді да жамыласың көрпе ғып.

Көктем келді, ал мен жүрмін шарасыз,

Шайырлардың көзесінде сенделіп.

 

Өлім жайлы келе берді еске сұм,

Құбылаға бұра берді құс көшін.

Өмір жайлы ойлай қалсам дем тартып,

Қызғалдақ-Қыз, естесің.

 

Мен ымыртқа сіңіп кеттім сыр ашып,

Сен іңірде оқылатын дұғасын.

Семей шәрі құшағымнан қызғанған,

Қызғалдақ-Қыз шығарсың?!

 

Дінсіз ойлар дүниеде бөтен кіл,

Тəңір мұңсыз мекен бұл.

Қызғалдақтар құрбанына айналған,

Қызып алған əкем жүр.

 

Жарықтық-ай, күнə артады сөз неге?!

Сол қыз болар сезімімді сезбеген.

Тағдыр, тағдыр жөн сұрашы кезбеден,

Көктемімді көре алмай жүр көз неге?!

 

Бұл кезеңдер сезім емес, қай дәуір,

Жанарыңыз батырады ойға ауыр.

Қара Ертісім құшағына жасырған,

Қызғалдақ-Қыз қайда жүр?!

 

Қиялдауды біле бермес жер тегі,

Қара түнді құшақтадым ертелі.

Ай көрінсе бетін басып жылайды,

Сен ұнатқан еркелік.

 

Хат парақтап алданғандай тылсыммен,

Қызғанышқа тəу етеді құр сүлдем. 

Қызғалдақ-Қыз біз құшатын жұлдызға,

Сағынышпен қарап қана жүрсің бе?..

 

ТҮСТЕГІ ТҮС

Өмір жайлы айта бердің өктем үн,

Сен ұмыттың, мен ұмыттым көктемді.

Сезім құсы өлген күзге құрбандық,

Сүттен аппақ серттерім!..

 

Сүттен аппақ серттерімнің азасы,

Бұл ғасырдың Мен шығармын жазасы.

Бұл ғасырдың Сен шығарсың өлеңі,

Сұлулықтың ұйықтап жатқан қазасы.

 

Сұлулықтың ойлар ұрлап кіл бағын,

Беу, дүние-ай сырғалым!

Мен ояттым мастығыңнан тағы да,

Сен ұйқыдан тұрмадың...

 

Тəсбихтан түннің көзі тіл қатты,

Жұрттың есін жылдар салып жын қақты.

Жеті жеңгем жайнамазға жасырды,

Жердегі Ұлы жұмбақты.

 

Күн қызарса Ай сүйеді бетімді,

Ажалдың да ажары бар не түрлі.

(Кеше сенің періштенді ұрладым.)

Ол періште көңілдесім секілді.

Сондықтан...

 

ҮНСІЗДІК СТИХИЯСЫ

Сені көрмеу - тағдыр жоқтай қайғылы,

Сені көру - жыр жазғаннан қайғылы.

Күзді ұмытшы, мен бірақ та, менмін ғой,

Ұйқысұрап ай туды...

 

Көз жұмғанша түнді аймалар ой нəсіп,

Сен шашынды жаймашы.

Біз барамыз деп жүретін жұмақта,

Тəңір отыр жайғасып.

 

Жансыз əлем жалғыздығы қариды,

Көктем құсын қоримын.

Құбыласын сұрап білсем қайтеді,

Азаншысы қай кісі екен тар үйдің?!

 

Өңім - түссіз, түсім - өңсіз толғатты,

Жаңбыр жауса жалт береді талғақ күз.

Құшағыма қысушы едім, мен жоқпын,

Тоңып қалма, тоңғақ қыз?!..

 

Семейіңде көктемде - қыз, күзде - өлең,

Менің қайғым жындай ұшар көзеден.

Сен жылама, жылау деген не тəйір?!

Жылап жатыр терезең

Сүртіп қойшы...