Хат алдайды әр түндегі,
Сәт арбайды бәлкім мені.
Тоңдырды әлсіз жанымызды,
Қарашаның салқын демі?
Алшақ жүріп, шаршап жүріп
күн кешермін… Тоңсам жылыт!
Көнбейді екен тағдыр-ерке,
Сөнбейді екен аңсарлы-үміт.
Көңілдер-ай, суып кеткен,
Сенімдер-ай, сынып кеткен.
Сағынышқа өртеу үшін,
Қоштасарда “Ұмыт” - деп пе ең?
Жүрекке еніп лағылдай мұң,
Бір жоғалсам, табылмаймын.
Сені солай іздемеймін,
Сені солай сағынбаймын.
Түсініксіз хәлімді осы,
Түсінер тек сәуір кеші.
Есіңе алып, хабарласшы,
«Сағындым ғой, Жаным!» - деші.
Күзгі инстинкт
Жапырақ - дос. Күз – мұңдас. Қазан – құрбым,
Жаңбыр - мөлдір тамшысы ғазал мұңның.
Гүлдер - нәзік жанымның жұпары ғой,
Күлтесіне жиналған тозаң құрғыр.
Қолшатырлар. Саябақ. Сыршыл қала,
Ең аяулы үр әуен тырсыл ғана.
Тұнжыр аспан астында тұнық өмір,
Қайшылықтар жымдасқан тылсым ғалам.
Тынымсыз жел еркіне жүз билеткен,
Қанатын көктем сүйіп, күз күйреткен.
Құстар менің тәуелсіз көршілерім,
Туған жерден сәлемін үзбей кеткен.
Жұлдыз ақсын, бұлт көшсін, жай құласын,
Жалт қарауға шыдамай қаймығасың.
Шашылады моншақтай жапырақтар,
Жасырады, дүние-ай, қай күнәсін?
Қайтқан құстар бақ дерсің орнамаған,
Жапырақтар хат дерсің жолдамаған.
Балконымның алдында селдір ағаш,
Қол қусырып қарап тұр ол да маған.
Тамсанғанын сеземін ай алыстан,
Ой түбінен іздеймін баяғы ұшпақ.
Жаутаңдайды әлдекім айна алдында,
Жанарынан таныдым. Аянышты-ақ.
Көлеңкелер әлдене күбірлейді,
Бейне күн де іңірге күлімдейді.
Тым құрыса жазмышты жазар кезде,
Құдай неге маңдайға үңілмейді?
Бәлкім бәрі басқаша болар ма еді...
Күз және сен
«Әйтеуір бір сап-сары дүние...»
Әділ Ботпанов
Күз кешегі керуені көктемнің,
Жапырақтар сағыныштың үлгісі.
Өлең сенің жан-дүниеңдей мөп-мөлдір,
Жаңбыр сенің көз жасыңның құрбысы.
Жауса жаңбыр, жылағаны ол аспанның,
Жұбатайық жапырақты, тамшыны.
Тіршіліктің бәрі күзден басталды,
Күз - ертегі. Күз – ғашықтар маусымы.
Мәнін күзден іздейміз кеп жалғанның,
Сен келдің де аяулы еттің тағдырды.
Мөлдір моншақ кірпігіңнен тамған мұң,
Жақсы көрем көз жасыңдай жаңбырды.
Таптым сені жұлдыз жарық кезеңнен,
Сүттей аппақ үмітімнің сыйы едің.
Саған ғашық жан едім мен ежелден,
Күзді сен деп, сені күз деп сүйемін.
Жан-дертімді өзің келіп жазғасын,
Жүрек қалай жапырақтай жылайды?
Құлатпайық күз моншағын, көз жасын,
Жылатпайық жүректегі Құдайды...
Жауса жаңбыр, жылағаны ол аспанның,
Жұбатайық жапырақты, тамшыны.
Тіршіліктің бәрі күзден басталды,
Күз – махаббат... Күз – сағыныш маусымы.
Нүкте
Біз нүктеміз.
Мен де нүкте.
Сен нүкте.
Табысқанбыз жүрек іңкәр ендікте.
Жұлдыз ғұмыр ағып түсер жалт етіп,
Жер бетіне сүю үшін келдік пе?!
Сүю – шіркін, шексіз бақыт, ғазал нұр,
Ғазал нұрға боялды анық көз алдым.
Соңғы жұлдыз құлағанша мен сені,
Сүйіп өтем, айналайын, ажарлым.
Мақпал түнге жасырғандай мың сырды,
Көкке сыңар жұлдыздарға ұмсындым.
Кеудемізде жұлдыз-жүрек соғардай,
Аспан жаққа шақырады тылсым бір.
Сені іздедім, бағытымнан жаңылдым,
Шырағданым жұлдызды аспан, лағыл-мұң.
Жолықтың сен, жылдар бойы күткенім,
...Жұлдызға іңкәр жүрегіммен сағындым.
Сағыныштың дариясын кештім жүз,
Жолды өткердім, жылды өткердім аңсаумен.
Жанарыңда жымыңдайды қос жұлдыз,
Жалыныңа жанымды өрте, жан сәулем.
Жұлдызқанат армандарым бүрледі,
Жұлдызқанат армандарың бүрледі.
Екеумізге ынтық көзбен қарайды,
Алматының таулары мен гүлдері.
Көк жүзінде моншақтайын шашылған,
Аққан жұлдыз - жанарыңнан нұрды үзу.
Сертім осы, алыстама қасымнан,
Менің мөлдір ғұмырымның жұлдызы.
Үміттерге жалғап алсақ құс жолын,
Күдіктердің кісендейміз күш-қолын.
Күллі ғалам күзетеді мен болып,
Жанарыңнан жұлдыз ағып түспеуін.
Мың бояулы, мұнаралы шахардан,
Сені тастап жат өлкеге кете алман.
Біз жай ғана жұлдыз-жүрек адамбыз,
Бір нүктеден бір нүктеге бет алған.
Мұң
«Құшағында жаз қалды қоңыр түннің...»
Есенғали Раушанов
Дәл осылай,
Жаз да өтті, баянсыз тамыз бітті,
Өртке тиген тәніндей көбелектің.
О, неге күзге мұнша жан үздікті,
Бейғам көңіл неліктен елең еттің?
Кешкен сезім, өткен сәт кімге аяулы,
Кетеміз бе ап-ауыр мұң арқалап?
Қала жатыр күрсініп мың бояулы,
«Қош» айтысып достарға сыңар қанат.
Кім ойлаған бітер деп бәрі бұлай,
Жүректерді қайтеміз алып-ұшқан?
Аңсадым ғой, қарашы, жарығым-ай,
Не бар басқа, арайлы сағыныштан!?
Шаршадым ғой, сарғая жолға қарап,
Жақын едік, «ең жақын жатқа айналдық».
Екеумізге арналған жолдаманы ап,
Бірімізді-біріміз таппай қалдық.
Жолымызды мың күдік шырмап алды,
Жанымызды қинайды зарық-өмір.
Сен бақытты болсын деп бұл ғаламды,
Сағынышқа бояймын сары-қоңыр.
Күзден кейін бір өмір басталардай.
Ұнатасың, күтесің неге күзді?
Жаздан кейін бұл қала бос қалардай,
Бейғам көңіл неліктен елегізді?..
АЛМАТЫ. МЕН. СЕН
Алматы. Мен және сен. Сәуір. Сирень.
Жалғыздығың жаныма ауыр тиген,
Жалғыздығым жаныңа ауыр тиген,
Сенің мөлдірлігіңді жаным сүйген.
Алматы. Көктем кеші. Саялы бақ,
Екеумізге құшағын жаяды бақ.
Өлең жазғым келеді өзің жайлы,
Өмір сүргім келеді баяны ұзақ.
Бізден де ертең қалады-ау, шалық-ғұмыр,
Өмір заңы - аңсау мен зарықтыру.
Маңдайыңнан өпкен сәт ерке жаңбыр,
Мен деп ойла ақ таңның жарық нұрын.
Сағыныштан бейнемді құрап ап әр,
Қарашығың моншаққа тұна қалар.
Сен мұңая көрмеші, сен мұңайсаң,
Өксіп-өксіп Алматы жылап алар.
Алатаудың аспанын бұлап жасқа,
Кетіп барам мен елге мұнарлы, асқақ.
Жолсерігім: сен жайлы ой, сен жайлы өлең,
Жанымды ұғар ешкім жоқ бұдан басқа.
Алматының көз жасы мұң боп ағар,
Көрген түстей өтуде күн кереғар.
Бәлкім, жүрек ынтызар....
Сол қалаға
мені әйтеуір тартатын бірдеңе бар.
Бақыт толы сәттерім өтті қанша,
Жүрегімді қалдырып кеттім алшақ.
Саған барар жалғыз жол – ұлы іңкәрлік,
Саған мені бастайды – шексіз аңсар.
Жолығысып қалармыз келесі күз,
Жолайрықта қоштастық неге осы біз?
Көп дерегі жанардан жас боп аққан,
Көктөбені кезіп жүр елесіміз.
Алматы. Көктем кеші. Мамыр. Сирень.
Менің мөлдір жырымды жаның сүйген.
Жалғыздығым жаныңа ауыр тиген,
Жалғыздығың жаныма ауыр тиген.
Сол қиын...