* * *
себепкер түн сыйлайтын сергелдең
сөзбенен суреттеп көңілді
мен саған
сен маған... жүрміз бе
үйретіп мына ессіз өмірді?!
қала. түн. жоғалған мезеттер
ериді қар сынды кеудеде
сол түні жоғалған
сезімге
батылың...
жетпейді кел деуге.
сүйсініп тірлікке "бейкүнә"
сурет қып саламын сұлбасын
сені аспан
сыйғызды түніме
жұп-жұмыр жүрекке сыйғасын.
нүктелі ой кешіп түн ұзақ
тірімін себебі жаста мұң
сені емес,
мен, сірә, абайсыз
өзімді жек көре бастадым.
әлдебір аулақтан естіліп бір дауыс
сыңсиды сол ескі сарынша
біз, бәлкім,
жоғалып кетер ек
тәніміз Тәңірге бағынса?!
қара түн - құмарың,
жыласа қарашық жыласын.
тастап ап төменге
барлығын,
көтердік
әлемнің күнәсін...
ұмытып тозақтың елесін
жоғалып ып-ыстық құшақта
мені егер
іздесе қара түн
айтарсың:
«ол қазір...жұмақта...»
* * *
кейде жылулықты сезіну үшін бе
жолдардың түйіспегені жақсы
бөлме ішіндегі қабырғалардан шығатын үнсіздік
кейде сол сөздердің орнына жұмсалса
салқын қолдармен ыстық шай ішуге
түндердің себепсіз ұзақтығы мен
оның жанарындағы шексіз күрестің
ізі болмас па еді?...
шашыма сіңген әлдебір иістің кеткенін қаламай
онымен өзгенің тыныстауынан қорыққан соң
тұтқасын ұстап тұрып ашпаған есіктің
қағылған терезенің дыбысынан
үміт үзілді
бәлкім, жүрекке бағынбай кеткеннен
оның көз алдындағы болып жатқан сәттердің
бәрі, уысымда құмның ыдырағанындай
ақырын
жоғалмас па еді?...
* * *
біздің қалаға қанша көктем орнаса да,
ол дәл баяғыша сенің сөздеріңмен аңқиды
өзгерген тек мен ғана секілдімін –
он жетімде боялған көлеңкелер де,
он сегіздегі әдемі көшелер де,
он тоғызымдағы ең дәмді кофе де,
жиырмамдағы сезімдерім де
ақырын өзімнен бөліне бастағандай.
метролар да, көліктер де, кептелістер де
сені менің алдыма қайта тірілтіп әкелетіндей.
бірақ бүгін ескі көшелермен қанша жүрсем де
соңғы айтқан сөзіңді тағы да есіме түсіре алмадым.
сен жоғалған сәттен бастап
мен уақытты жек көре бастадым
тым болмаса өлеңіңе айнала алмаған
өзімді де өлтіре бастадым
бірақ тірі екенімді мойындаймын.
саған айта алмаған сөздерді
біз жүрген көшелер мен
біз өмір сүрмеген ғимараттардың қабырғаларына жазып кеттім
оралып келгенде көз қырыңды сала жүрерсің
кейін сол сөздер маған керек болғандай
сенің де өмір сүруіңе қажет болады.
сенің санаңда да үнемі
өмір сүрмейтінім белгілі
егер абайсызда көрісе қалсақ –
үндемегейсің
себебі бұл қаланы ендігі
басқа сөздер бен дауысқа толтырғым келеді...* * *
ғасырдан да ұзақ түн азаптан да ғажап мұң —
сүю деген сертімнен азатпын... (c)
ілбіген түнмен іңірден келген үзік хат
жылжыған оймен жоғалған
үркіген сезім үмітсіз желмен үзіліп
жүрегіңе кеп қонар ма?
қою қарашық тамшысын мөлдір жұтынып,
құтылып ессіз ерліктен кебу ерін де.
сүреңсіз сурет ішінен ылғи біздердей
көздерді көрем үңілген.
ұмыт болғанда жоғалып сезім дәйексіз
ұмтылған тән де тірлікке қарғыс жолдаған.
алаң көңілді алдаумен арбап әлекпіз
біздерден бұрын тоналған.
серттестік-дағы айналып пенде дерттіге,
сүртуге бейім болмадық көзден жасты аса.
сезім дегенді ұғынған едік сүю деп -
сүю дегенді түсінген жоқпыз басқаша.
жұтуға құмар жұп-жұмыр жүрек те тылсым
(екеуміз үшін сезімнің өзі жат белгі)
көлеңке кезіп есіңе кейде ап тұршы
сүюге тұрмас сертіме куә сәттерді...
* * *
мен білсем түтінге толы оның өкпесі
өткенін еске алу үшін бе?!
ең ауыр азапты кешеді түнімен
сосын сол азапты ұмыту үшін де.
жанары жатсынып жарықты сезеді
безінген ол емес Тәңірден
тәніне түсірген секемшіл тірліктің іздері
шайылып кетеді жаңбырдың жасымен.
терезе әйнегін сығалап түн сайын
іздейді әлдебір сұмдықты
алдайды бірақ-та өзін де кешіріп
көрмеуге талпынып шындықты.
мен білсем ол кешкен азап та аз әлі
өз-өзін байлайды жүгіне
ол қазір өлең де жазады
сосын сол өлеңді өртейді түнімен...
оның да жүрегі үміттен ада емес
жарасы жазылар, өшеді қаяу, мұң
мен жайлы ол не сезсе бәрібір
мен оның өмірді сүргенін қалаймын
мен оның өмірді сүргенін қалаймын.
* * *
Қара түннің көлеңкесін жұтынып,
Тұман басқан көшесімен келемін.
Кеуде тұсқа көмкерілген мың күдік
... мың үмітке тағы солай еремін.
Тап-тар жолдың тайғанақтап төсіне,
Түймедей сыр төгіледі тентіреп.
Кәрі таудан шыққан тыныс күрсіне
...бара жатыр таныс ойлар сетінеп.
Ең қажетсіз тыныштықты тырмалай,
Үңілемін үнсіздіктің ішіне.
Жанарымның тамшысымен қараймын
...ең аяусыз сәттеріме сүйсіне.
Тұрағым жоқ, белгісіздік - шеңберім,
Қап-қара түн - қарашығым мәңгілік.
Жоғаламын, сосын ессіз ойлармен
... қайта оралып келермін-ау қаңғырып.
* * *
жоғалтып алмайыншы деп жолдарға үңілдім,
қураған жапырақтар легімен көшкен әлдебір
ойларым: тым әлсіз, тым баяу.
түңілген төңіректің тереңінде тербелген
әлдебір сезімдер ғана шынайы, тек
олар да өледі...
үмітпен үгітілген жүрегімнің қай бұрышына қонақтаймын
жылағым келмейді, себебі жұбатпайсың
бірақ, құлатпау үшін төменге тастаған,
төменде қалдырған өзімді күтіп ал
тек ол өліп қалмаса...
алдамшы ойларға алданып қала беретін
сезімімді аярсың
салқын сәттерде жылыта алмаған жүзімді терезеден бақыла да,
өзге жан есігіңді қағып, көзіңе үңілген сәтте,
ақырын ғана пердені жауып
сосын мені ұмыта бер.
оған дейін өлтіре көрме