АРАЙЛЫМ ҒАНИҚЫЗЫ. СЕН НЕГЕ БҮГІН ЖЫЛАДЫҢ АСПАН?-

***

Не взрослей. Это - ловушка.

(с) Питер Пэн

Өмірден өтер қалай да бәрі,
Бойжеткеніңе жұмбақ бұл.
Қуыршақ емес, маңайлағаны -
Қарайлағаны құндақ-жыр.

Құмнан қамалды құрапты кімдер,
Жеуші едік тәтті мақтаны.
Шұғылалы кез, шуақты күндер,
Шадыман шаттық шақ кәні?!

Ертегі кезді ескеріп пе едім?!
Жазылды, бәлкім, жырымда-ақ.
Қайда сол тәтті естеліктерім?!
Ойнап жүр әлде тығалмақ?!

Құлдилап құлап құстай тілегім,
Көтермей өмір дауылын.
Үкі үмітіме ұқсайды менің,
Үзілген батпырауығым.

Сананы сарқып шалғанда түнгі ой,
Еске алып шақты балдырған.
Сырғанақ теуіп аңғармаппын ғой,
Тайғанақ екен тағдыр да.

Алдан күтетін белес қыр енді,
Сүйрейсің алға сүлдемді.
Сағындым қатты келмес күндерді,
Күлгенді, бейқам жүргенді.

Көңілім тағы шала бүлінген,
Жүрек жылауға шақ қалған
Жоғалған таппай балалалығым мен
тоналған бақты бақтардан...



Аспанмен сырласу



Сал сезімдердің нұр өңі қашқан,
Түзеумен жүріп кемін елдің де.
Жарысып жанмен жылайды аспан,
Егізім бе едің егілер бірге?

Тамұқ түнді де мұнар мұң басқан,
Жасы таусылмай, тарқамай өкпе.
Сен неге бүгін жыладың аспан?-
Мұң болушы ма ед(і) алқара көкте?

Күйіңді мүшкіл талқыласуды,
Мүлткісіз істер жат әйгілете.
Ақтарыл аспан, тамшы-жасыңды-
Адамдар "нұр" деп атайды жерде...

Шуақты шақтар кеткендей жырақ,
Қараңғылықтан қорқушы едім...
Созсам да қолым жетпейді бірақ,
Жасыңды, сенің сүртуші едім.

Миллиондарға тарқатып "нұр"-ды
Жабырқап жатқан жанды ұқпақпысың?
Жыр менен жерге артатын мұңды
Жоқ әлде маған тағдырласпысың?
аспан?

 

***


- Луна сегодня красивая, не правда ли?

 - Такая красивая, что умереть можно!

Нацумэ Сосэки



Көрініс көпті бөлек етіп тұр,
Уақыт сәтке дамылдап
Ақын аруға өлең оқып тұр,
Алатау оны бауырға а(лы)п...

Жауап қатады, сыр күткеніне -
Сезім - ең үстем таптағы
Арудың қонып кірпіктеріне,
Тәңір – әкемнің хаттары.

Хамит ақынның жағалауында,
Бақпенен баппен барамыз.
Қоңыр күз – ұшқан шағала-мұң да,
Жүректе – көктем, дала – қыс.

Көңілім егіз аппақ әлеммен,
Келмейді оны таптағың.
Үзіліп түсіп жатқан өлеңмен,
Келеді сәтті сақтағым.

Дауысы бір сәт бәсеңдеп мұңның,
Секілді әлем – пәк өлең!
Сөзсіз мәнін ұқ, көздегі сырдың:
Ай сұлу бүгін және мен.



***

Жастықты құшақтап кеппеген,
Жанардан жылт етер жалқы мұң.
Жанымнан сен кеттің,
Кетті өлең
Жаураған жүрекке тәнтімін.

Сыр айтып жұпарсыз гүлге де,
Және де тыңдайды түн мыстан.
Өкпемді артамын шілдеге,
Мезгілсіз мұң құшқан.

Жүрегім жазда да үсіген,
Жанымдай нәп-нәзік
Өткенім бір кетпей түсімнен,
Барады мен жүрген бақ та азып.

Қайғыны бекітіп шаң құлып,
"Жалған" деп атайтын түнекке,
Жалғыздықты да қалдырып,
Жасырынсам сіздегі жүрекке
Бола ма?

***

Күдіс көңіл көп үмітпен жүр әлі,
Ойға оралып қайдағы мен жайдағы.
Жарылыспен жүректегі тынады
Махаббат пен ғадауаттың майданы.

Пәк сезімде жоқ деуші еді шекара,
Қайда бағыт алып едім өзі мен?
Қарап қоям болмысыма бейшара
Кейде анамның көзімен.

Шаттық әннің тиіп кетіп шамына,
Мұң билейтін баурайды енді күй қызық.
Міне отырмын түн жамылып тағы да
Маңдайымды жалғыздыққа сүйгізіп.

 



Дария жақтан жыр күткенімде...

«Сыйладым шуақ жанарларыңа,
  Санасыз ойға сапы ұрдық.

Сұлулық та жоқ ғаламда мына,
Жоқ болса егер ақындық.


 Сыйладым шуақ жанарларыңа

Тәк, кәні, соны жылу ғып.

Ақындық та жоқ ғаламда мына,

 Жоқ болса егер сұлулық!   

Есенғали «Дария жақтан көтерілгенде»



Дария жақтан жыр күткенімде,
Нұр күткенімде үмітпен.
Ұяңдау қыздың сыр бүккенінде
Ұнату жатты ұғып па ең?!

Сен кеткен кезде дала мұнарлап,
"Жылама, жаным, келем",-деп
Жас аруыңның жанарынан жас
Жазылып түсті өлең боп.

Қос ғашықтардың біз неге осы,
Шырқай алмаймыз құнды әнін?
Бас жағын бұның іздесең оқы,
Есенғалидың жырларын...

Айнымас досты сұрама дейсің,
Аты-жалғыздық, заты-мұң.
Сағынышыңның құрап ап иісін,-
Жел болып сипар әтірім.

Құмарлығы елдің табалауға құр,
Кетеді мұңға жақын қып.
Өзіңді күтіп жағалауда тұр,
Ақындық пенен сұлулық
Сұлулық пенен ақындық...
Ал сен ше,
келсеңші, қайдасың?



17



Түн...
Тыныштық жанымды мезі етті,
Күйзеліс демеймін тез өтті.
Көңілсіз көктем кеп кезекті,
Көңілді көтерген күз өтті.

Таба алмай тағы да тәуір мұң,
Телміріп қарауын жанымның.
Даладан иісі шығады,
Сағыныш сосын
сәуірдің.

Сәттерді аңсаймын кейде осы,
Жауынның астында би кеші.
Аспан мен табиғат жасайтын
Тағдырлы, жаңбырлы үйлесім...

Жарық та түсірмей жанға түк,
Біздерді тастапты бар бақыт
Білесің өзіңдей өзімдей:
«Тәкаппарлау,
Қатыгездеу Алматы»

Жылуы қалмаған жырының,
Екі жол жазса оның бірі - Мұң.
Өткен мен өзіңді күтіп тұр,
Өрілген Өлең мен бұрымым.

Келеңсіз,
көңіл де кері кетіп,
Өмірдің ауысқан соң беті.
Күтіп жүр өзіңді бір ару
Жасы да, жайы да 17.