АҚГҮЛІМ ЕРБОЛҚЫЗЫ. БАҚЫТ СОНША БОЛҒАНЫ МА ҚЫЗҒАНШАҚ?..

«Поэзия жас талғамайды». Өзі небәрі 11-сынып оқушысы болғанмен, өлеңдері өмір көріністерін өзгеше түсіндіретін Ақгүлімнің бір топ жырын назарларыңызға ұсынып отырмыз! Ырғағы жеңіл, әуені әсерлі жырларыңа ойлы оқырман өз бағасын береді деп сенеміз! Сәттілік, Ақгүлім!

 

АЛҒАШҚЫ ҚАР

Көктен жерге көміліп шуақты арай,
Өтеді екен бұл өмір тұрақтамай...
Тағы күз, тағы мұңдар тоғысады,
Тағдырларды сүрінтіп, сынап талай!

Суретіндей сезімнің салынбаған,
Сап-сары сағыныштар...жанымда алаң.
Күз деген – күрсінгендер кездесуі,
Көңілдегі келтірер сағымға мән.

Мендік сырды сағыныш байқады еппен,
Самал болып сырыңды айта кеткен.
Жасын өтті, жаз өтті, жаңбыр өтті,
Күз де өтеді, келеді қайта көктем.

Жүргенім бе үмітке алданып құр,
Уақыт зырлап, жүрегім жанданып тұр.
Қызғалдақты жүр едік құшып кеше,
Бүгін міне, алғашқы қар жауып тұр.

 

***

 

Жолықпай-ақ жанардағы жақұтсыз
Қалдырар сан санамызға уақыт сыз.
Тәңіріңе табыстай сап тағдырды
Отырмысың бүгін тағы бақытсыз?

Жазықсыздау жас көтеріп жанары,
Бұл көктемнің көңілсіз бір бар әні.
Көкейдегі Құдайды іздеп тапшы тез
Көздеріңде көктем өліп барады...

 

МЕЙІРІМ

 

Жасырып ап қайғысын көп сан жылдар,
Тамшыдай боп үзілер кім жаңбырда әр?!
Қауырсын жыр қанатымен көмкеріп
Өтер ме екен әлі талай тағдырлар?

Қасіреттің тастап сан мың жырасын,
Мейлі, ғасыр еңіресін... жыласын!
Қаз да қайтар мұңын саған табыстап
Бар әлемге жайып тастап құлашын.

Толастаған Күн кеудемде шағым сан
Бақ қона ма бақыттан гүл тағынсам?!

Теңіздерден кешіп өткен кәмшәт мұң
Енді тағы жолығар ма жалынсам?

Бағы ұшқан ба күйінің,
(Естілмей ме, ұлы адамдар, кей үнім...)
Әлем кімге күліп тұрған секілді
Жанарына толтырып ап мейірім...

 

КҮЗ ҒАСЫР – ҒАЛАМ...



Түнекшіл таңның көңілге байлап құр мәнін,
Күз ғасыр - ғалам,
байлаған мұңның жыр бағын.
Асығып көкке жарқ еткен жарық жасындай
Сағыныш қосқан сезімсіз көңіл сырға мың.

Жыраққа сермеп қанатын әлсіз қайғы сан,
Мазасыз түнде тірліктен қашып, Ай құшам.
"Құс жолы" болып қасымнан табыл, жарығым
Өкініш кернеп өмірден кейде айнысам.

Өртейді-ау талай сап-сары сағым таңды әлі,
Аманат айтып, құстардың қайтқан қалды әні.
Қайыңдай күзгі көктемнен күдер үзбеген
Сары даланы құшайын, сосын, қалғаны...

Жұбатар жанды өзіңдей тағы басқа кім?
Қанатын қағып жалт еткен жарық қас қағым.
Барасың тағы қалдырып мені, жыл құсым,
Көңілсіз күзге көктемнің тастап аспанын...

 

ТАМШЫЛАР

 

Тағы күн жаңбырлы...жылатқан аспанды,
Нажағай көңілден жыр перне жасқанды.
Бауыры сөгілген бұлттардай бақытсыз
Жанардан жауын боп жетімек жас тамды.

Жыр тұнған жанымның сезімсіз белеңін,
Жасындай жарқ етіп өртеумен келемін.
Көктемгі шық сынды суытқан көңілді
Тамшымын –
Тағдырға сенемін!..

Ақселеу көңілдің мұң тербеп бесігін,
Шыққандай жанынан жыр болып есі мың.
Тамшылап құраған тағдырың жоғалар
бірінде Жайықтың жаңбырлы кешінің.

Ерімей жаным - мұз, жүрегім жаншылар,
Рауандап көрінген тағы да таң шығар?!
Жас болып ағады көзіңнен құдірет
Соңғы рет... тамшылар...тамшылар...

МОНШАҚ ЖЫР



Мұңнан шекпен тіккен жандай күзді аңсап,
Тізбек құрып тырна оралды бізге ән сап.
Мұз құрсауын жібітпеген көктемдей
Бақыт сонша болғаны ма қызғаншақ?!

Жәбір көрген жапырақтай желден құр,
Тамшысы едің жүрегімнің бірден-бір.
Ала таңдай шұғыла боп құйылған
Бақи болған өмір бағын гүлдендір.

Таныта алмай өміріме тұспал мың,
Сезімімнің қаламын сан ұштар кім?
Момын көңіл – моншақ жырдың иесі
Қанатындай қалқып ұшқан құстардың.

Мәуесіндей жырын көмген шынардың,
Тағдырым да есіміңді сұрар мың.
Кешкі іңірде тамып түскен жасыңды
Мен сезбеген шығармын...