ОРХАН ПАМУКҚА 20 СҰРАҚ

1) Өмірдегі ең үлкен қорқынышыңыз не?

Жалғыз қалудан және жазуға деген құмарлықты һәм жазу ләззатын жоғалтып алудан қорқамын. Бұл екеуінің жоғалуы шөлде қалумен пара-пар.

2) Қайда өмір сүруді қалар едіңіз?

Ыстамбұлда, теңізге түсе алатын мүмкіндігім бар бір жерде.

3) Ең бақытты сәтіңіз?

Қандай да бір кітапты оқыған кезде өзімді  ұмытып, толығымен сол кітапты өзім жазғандай сезніп, сол көркем шығарма ішінде жоғалған сәтім – ең бақытты шағым.

4) Өмірдегі ең сүйікті адамыңыз?

Қызым – Руия.

5) Ең сүйікті еркек кейіпкеріңіз?

«Менің оғаш ойларымның» басты кейіпкері – Мевлут Караташ.

6) Ең сүйікті әйел кейіпкеріңіз?

«Менің атым – Қырмызының» басты кейіпкері – Шекуре.

7) Тарихтағы үлгі тұтатын тұлғаңыз?

Өте көп. Кемал Ататүріктен бастап жалғаса береді. Бірақ олардың есімдерін атап айтқым келмейді. Асылында ешкімді үлгі тұтпайтын, ешқандай бір қаһарманға мұқтаждығы жоқ ортада өмір сүруді қалаймын.

8) Адам бойындағы сіз жақсы көретін қасиет?

Кез келген жағдайдың жарық жағын көре алу қабілеті.

9) Сізді бақытты ететін не нәрсе?

Жазумен айналысу, әрине.

10)Бойыңыздағы ең негізгі кемшілік?

Сабырсыздық. Сабырдың жетіспеушілігінен басымды тау-тасқа жиі соғамын.

11) Қандай қабілетке ие болуды қалар едіңіз?

Әлі де болсын шексіз қуатты суретші болуды қалаймын. Жазушылыққа келер болсақ, оған ешқандай күмәнім жоқ.

12)  Кімнің  орнында болуды қалар едіңіз?

Өз жастық шағымның.

13) Ең көп қолданатын сөзіңіз?

«Бұл да өткінші»

14) Қандай жағдайда өтірік айтасыз?

Өтіріктің біз ақтап ала алатын жалғыз түрі – махаббат үшін, жаныңа жақыннан айырылып қалмау үшін айтылған өтірік.

15) Ең жек көретін нәрсеңіз?

Көлік кептелісінде қалу. Қаншама есіл уақытыңды зая кетіруге таптырмас орын – ол көлік кептелісі.

16) Өмірге қайта келсеңіз кім болуды қалар едіңіз?

Қайта өзім болуды қалар едім. Жаңа ғана айтқандай жастық шағын тиімді пайдаланған Орхан болғым келеді. Кейде әйел боп туып, осы жазған романдарымның барлығын әйел адамның көзқарасымен жазып шықсам ғой деп те ойлаймын.  

17) Ең қымбат нәрсеңіз?

Мен бір роман жазсам бастан аяқ тек бір түрлі қаламды қолданамын. Сондықтан да менің ең қымбыт нәрсем ол менің қаламым және жазу үстеліндегі шай ішетін кесем. Менің өмірім осы екеуімен өтіп жатыр...

18) Бұл өмірмен қалай қоштасқыңыз келеді?

Барлық романдарымды жазып бітіргеннен соң ғана ештеңе білместен, үнсіз, шу шығармай кеткім келеді. Осы сәтте мен барлық романдарымды жоспарлап қойғанымды айта кетейін.

19) Қандай қателіктерге түсіністікпен қарайсыз?

Маған еш зияны тимеген және аңдаусызда жасалған қателіктерді түсіністікпен қарсы аламын. Себебі өзім де жиі қателесемін.

20) Өмірлік ұстанымыңыз?

«Барлығын ұмыт. Бұл да өткінші. Жазуды жалғастыр!»

 

Аударған Мәди-Асқар Қанжарұлы