Мен қисынды ойлай алатын, алғыр жігіт болдым. Байқағыштық, салмақты-салиқалылық, орнықтылық, пысықтық, ақылдылық бәрі де бір бойымнан табылады. Миым деген атылып тұрған зымыран, химиктің өлшеміндей нақты, ой-санам ота пышағындай өткір еді. Ол тұста менің жасым онсегізде ғана болғанын ойлашы!
Бозбаланың рухани күш-қуатының дәл сондай керемет болуы сирек. Миннесота университеті жатақханасында бір бөлмеде тұрған Пети Борчыны алайықшы. Екеуіміз түйдей құрдаспыз әрі шығу тегіміз де ұқсас. Бірақ, ол есек секілді топас. Тәп-тәуір жігіт болғанымен хайуаннан асып бара жатқан ештеңесі де жоқ …
Бір күні кешке оның өң-түссіз қабағы түсіп төсек үстінде отырғанын көрдім де дереу соқыр ішек болды деп диагноз қоя салдым.
-Қозғалма! – дедім оған. – Ешбір дәрі ішпе, мен тезірек дәрігер шақырып келейін.
-Жанат – деп, тұтығып, сыбырлады, ол.
-Жанат дейсің бе? – деп, анықтағанымда:
-Жанаттың терісінен жасалған тон кигім келеді – деп, быдыңдайды. Оның мәселесі тәннің емес жанның мұқтаждығы екенін дереу ұға қойдым.
-Сен неге жанат терісінен жасалған тон кигің келді? …
-Оқудағы тәуір жігіттердің бәрі киіп жүр ғой. Сен мұны білмей қайда жүрген адамсың?
-Кітапханада.
Ол орнынан атап тұрды да бөлмені кезіп жүріп «Мен жанат терісінен тігілген тон киемін. Міндетті түрде».
-Пети, неге? Ақылға салып көрейікші. Жанаттың терісі арам әрі жүні жидігіш келеді. Иісі жаман және ауыр. Сыны да нашар. Тағы...
-Сен түсінбейсің – деп, ол дереу сөзімді бөлді де: - Бұл солай болуға тиіс... Жанат терісінен жасалған тон үшін жанымды да аямаймын. Не нәрсеге болса да барамын.
Миым яғни, нақты жұмыс істей алатын бастағы құралым биік жүктемеге ауысты.
-Не болса, соған ба? – деп, тесіле қарап сұрағанымда ол:
-Иә, не болса, соған! – шіңкілдеген дауыспен жауап қатты.
Иегімді сипалап, ойланып қалдым. Тонды қайдан табуды біліп тұр едім. Әкем студент кезінде сондай тон киген. Онысы әлі күнге дейін біздің үйдің шатырындағы бір қуыста сақтаулы жатыр. Петиге де, маған да қажет бір нәрсе бар. Дәл соған тиесілі демесем де, менің кей жағынан қақым бар. Ол – оның құрбы қызы Полли Эспи…
Мен ол тұста заңгерлік мамандығының бірінші курсының студентімін. Бірер жылдан соң машықтану ісімен шетелге барамын. Болашақ заңгер үшін қандай жар керек екенін білетін қумын ғой. Менің байқауымша, мықты заңгерлердің бәрі сұлу, биязы, ақылды әйелдермен жұптасқан. Бір ғана кемшілігі бар демесең, Полли толығымен маған сай келіп-ақ тұр. Ол сұлу әрі биязы. Бірақ, ақылды емес. Шын мәнінде ол басқа бағытқа бет алған. Дегенмен, менің бағыттауыммен жүрсе, оның ақылды болып кетуге мүмкіндігі барына мен сенетінмін. Қалай болғанда да тырысып көргеннің еш артықтығы жоқ. Солай ғой, көріксіз қызды сұлу етемін дегенше, ақымақ болса да ажарлысын ақылды ету анағұрлы оңайырақ.
-Пети, сен Поли Эспиді сүйесің бе? – деп, сұрағанымда ол:
-Оны ақылды қыз деп ойлаймын. Бірақ, бұл махаббат па, басқа ма білмеймін. Оны не үшін сұрадың?
-Сенің қандай жоспарың бар? Жұптаспақ ойдасың ба?
-Жоға. Кездесіп жүргенімізге көп болғанымен, мен басқа қыздармен де жолығып тұрамын. Ал, не болды?
-Оның басқа жігіті бар ма? – деп, сұрадым.
-Менің білуімше, ондайы жоқ. Не болды?
Мен көңілім жайланып, бас изедім де:
-Қысқасы, егер сен картадан өшірілсең, орның бос қалады деген сөз ғой. Солай ма?
- Солай деп ойлаймын. Не істемексің?
-Ештеңе емес – деп, шкафтан жол сөмкемді шығардым.
-Сен қайда кеттің? – деп, Пети сұрады.
-Демалыс күндері үйіме барып келейін – дедім де, сөмкеге оны-мұнымды салдым.
Дүйсенбі күні қайтып келдім де «Мінеки, көр» деп, Петиді шақырдым. Жол сөмкемді ашып, 1925 жылы Суц Беркатта әкемнің киген үлкен, елтірі әрі иісі де бар затты шығардым.
Оны көрген Пети «Құдай-ау!» деп дауыстап жіберді. Ол жанат терісінен жасалған тонды алдымен ұстап көріп, одан соң бетіне басты. «Құдайым-ау!» деп, ол онбес, бәлкім, жиырма рет қайталаған шығар.
-Саған ұнай ма? – деп, сұрадым, одан.
-Оған сөз бар ма! – деген ол шаң басқан тері тонды құшақтай алды. Сосын, көзі біртүрлі болды да:
-Мұның ақысына не қалайсың? – деді.
-Сенің құрбы қызыңды!
-Болмайды, ешқашан! – деп, ол тонды өзінен алыстатты кесімді сөзін айтты.
Мен орындықта отырған күйі кітап оқыған болып, көз қырыммен Петиге қарадым. Ол қатты қиналып жүр. Бейне бір баспанасыз кезбе балалар нан тағамдар дүкенінің терезесінен сығалайтыны секілді тонға көз тастап қояды. Сөйтті де қайта бұрылып, ойлы кейіппен иегін ұстап, тонға мұңая қарады. Қайтадан бір бұрылып қарағанда бір шешімге келгендей болды. Басын оң мен солға алма кезек бұрғанда құштарлық пен шешім де алмасып жатты. Ақыры, жалтақтаудан қалды. Құмартқан көңілі тоннан екі көзін тайдырмады.
-Поллиді сүймейтін де сияқтымын. Мен онымен көңіл жарастырмайтын шығармын – деп, қояды.
-Тоныңды киіп көрсеңші! – дедім, мен.
Ол келісті. Тон оның құлақ тұсынан етігінің қоншына дейін жетіп тұрды. Кәдімгі өлі жанаттарды әкеліп үйіп қоғандай.
-Дәл келіп тұр – деп, қуана айтқанда мен орнымнан тұрдым.
-Келісім бойынша ғой? – деп, мен оған қолымды ұсындым. Ол түкірігін жұтты да:
-Айтқаным айтқан.
Ертеңінде кешкісін мен Поллимен алғашқы кездесуге кеттім. Жүздесуіміз жаппай зерттеуге айналып кетті. Мен оның басын өз талабыма лайықты ету үшін қалай жұмыс істеуім керек екенін біліп алуға тырысқан едім.
Мен жатақханама мұңайып қайттым. Өз ісіме дұрыс баға бере алмаған екенмін. Ол қыздың шала білімін толықтыру, мейлінше өрге тарту шынымен қорқынышты еді. Алдымен ойланып үйренуі керек. Мұнысы жұмысты тіпті ауырлата түсті. Бастапқыда мен оны Петиге кері қайтара жаздадым. Бірақ, бөлмеге келген соң Петидің жүріс-тұрысын, қасық-шанышқы қолданған түрін көріп тағы да тырысып бағуға бел байладым.
Барлық істі жүйелі түрде жүргізбек болып, оны логика сабағынан бастадым. Екінші кездесуге шақырғанда есігінің алдына барып, «Полли, бүгін кешке Knoll-ге барып сөйлесеміз» дедім.
Кездесу орны Knoll кампусына келіп, кәрі емен ағашының саясына жайғасқанда ол менен бірдеме күткендей кейіпте қарады.
-Біз не туралы сөйлесеміз?
-Логика – деп, жауап бердім.
Ол бірер минут ойланды да әңгімелесуге келісіп, «Ғажап» деді.
-Логика – деп, тамағымды кенеп алдым: «Бұл дегеніміз ойлау жүйесін зерттейтін ғылым. Біз дұрыс ойлаудың алдында логикалық қателерді, адасушылықтарды тануымыз керек. Осының бәрін бүгін кешке үйренетін боламыз».
-Әлбетте – деп ол қол шапалақтады.
Мен шошып қалсам да әңгімемді ары қарай батыл түрде жалғастырдым.
-Алдымен, болжам қателіктері (Dicto Simpliciter) жайымен танысамыз.
-Аһа – деп, ол кірпігін қағып-қағып жіберді.
-Жалпы тұжырымға келсек, Dicto Simpliciter дегеніміз анық емес, жалпылама қарастырылып отырған нәрсе арқылы пайда болған қорытынды. Мысалы, жаттығу – жақсы. Сондықтан, әрбір адам жаттығулары керек.
-Мен келісемін – деп, Полли шын ниетімен айтты: «Жаттығу расымен де ғажайып дегенді айтқым келеді. Солай ғой. Жаттығу денені дамытады».
-Полли – деп, мен баяу ғана дыбыстадым. «Қорытынды дегеніміз адасушылық. Жаттығу жақсы дегеніміздің өзі жалпылама мәселе. Айталық, егер сен жүрек ауруына шалдықсаң, жаттығу саған кері әсер етеді. Дұрыс емес. Жүрек ауру адамдардың көбіне дәрігер жаттығу жасамауға кеңес береді. Сен жалпы ақпаратты анықтауың керек. Сен жұртқа көбінесе, жаттығу жақсы деуге тиіссің. Олай болмаса, болжамның қателігін тудырасың. Түсіндің бе?
-Жоқ – деп ол шынын айтты. «Тамаша екен. Тағы да басқасын».
…Бұдан кейін біз асығыс жасалған қорытынды (Hasty Generalization) туралы сөйлестік.
-Зейін қойып тыңда. Сен французша сөйлей аласың, мен білмеймін, Пети Борч да білмейді. Осыған байланысты менің қорытындым Миннесота университетінде ешкім де французша білмейді.
-Солай ма? Ешкім де ме? – деп, Полли таңдана сұрақ қойды.
Мен ашуымды барынша жасырдым:
-Полли, бұл дегенің қате. Асығыс жасалған жалпы қорытынды. Мұндай қорытындыны қолдайтын өте азғана мысал бар.
-Басқа қате білесің бе? Билеуден де көңілді деп қойсаңшы! – деді, ол демін ішіне тартып.
Мен ызамды зорға тежедім. Мына қызбен ел болмайды екенмін …
-Келесі мәселе, белгілі бір нәрседен кейін кездесетін дүние. (Post Hoc). Құлақ қойып тыңда! Билмен бірге демалысқа баруға болмайды. Оны ертіп барған сайын жаңбыр жауады.
-Оған ұқсайтын адамды мен білемін. Оның аты-жөні Юла Бекер. Біздің елді мекенде тұрды. Ешқашан қателеспеген. Оны демалысқа ертіп апарған сайын…- деп келе жатыр, Полли.
-Полли! – деп, қатты дауыстадым да: «Бұл қате. Юла Бекерге бола жаңбыр жаумайды. Оның жаңбырға еш қатысы жоқ. Егер сен Юла Бекерді жазғырсаң, кездейсоқ нәрседен қате жіберіп, кінә арқалайсың».
-Мен енді, олай қайталамаймын. Сен маған жының келіп тұр ма? – деп, өзін кінәлағандай уәде берді.
Мен терең күрсіндім.
-Жоқ. Полли. Мен ашуланған жоқпын.
-Олай болса, қателік туралы көбірек айтшы...
Мен уақытымды есептеп көрдім.
-Бүгінше осымен аяқтайық. Мен сені жеткізіп салайын. Сен үйренгеніңнің бәрін ойлап көр. Ертең кешке тағы да басқа нәрсе туралы айтамыз.
Мен оны қыздар жатақханасына дейін жеткізіп салғанымда ол бүгінгі кештің ғажайып өткенін айтты. Мен бөлмеме көңілсіз оралдым. Пети төсегінде қорылдап жатыр. Аяқ жағындағы тоны бейне бір алып жүндес жыртқышты елестетеді. Мен оны оятып, құрбы қызыңды қайтарып алуыңа болады деп айтқым келді.
Менің іс-әрекетімнің құрыдымға кетуінің логикалық кепілі сол қыз болды. Бірақ, қайтадан он ойланып, жүз толғана келе басқа шешімге келдім. Бір түнімді оған арнадым. Тағы бір түнді оған қиюға болады. Кім біледі? Бәлкім, оның басында сөніп жатқан жанартаудың бір тесігінде шоқ жатқан шығар… Тағы бір әрекет жасап көруге бел байладым.
Емен ағаштың саясында отырған келесі кеште мен:
-Бүгінгі кештегі негізгі қатені «мейрімділік» (Ad Misericordiam) деп атаймыз – дегенде ол қуана мәз болды.
-Назар аудар! Бір адам жұмыс іздеп бастыққа кіреді. Бастық одан мамандығын сұрайды. Ол алты баласы бар, әйелі мүгедек екендігін және балаларында киерге киім, ішерге ас жоқ, жалаңаяқ, жатар орын да жоқ, жертөлесінде көмірсіз отырғанда қыс келе жатқанын айтады.
Поллидің күлгін түсті бетін көз жасы сызып өтті.
-Қорқынышты, тіпті де қорқынышты – деп жылымсырай тіл қатты.
-Иә, қорқынышты. Бірақ, бұл қорытынды емес. Ол адам бастықтың сұрағына жауап бермеді. Керісінше, бастықтың жанашыр көңілін пайдаланды. Бұл мейрімділік қателігін тудырып отыр. Сен түсіндің бе?
Мен оған орамал ұсынып, ол көз жасын сүртіп жатқанда мен айғайға басып жібермеу үшін зорға шыдап отырдым.
-Келесіде – деп, мен аса сақтықпен әрі бұйырған сыңаймен «Ұқсастыру қателіктері» (False Analogy) туралы айтамыз – дедім.
Мысал айтайын, емтихан үстінде студенттерге оқулық пайдалануға рұқсат берілуі керек. Оташы дәрігерлер рентген сәулесінен отаның бағытын анықтайды, заңгерлер сот жиналысы кезінде ақпараттарды қағаздан қарайды, құрылысшылар үй салғанда сурет жобасымен танысады. Сол секілді, неге студенттерге емтихан үстінде оқулық пайдалануға рұқсат бермейді?
-Осы ғой, міне. Менің естіп келген дүниелерімнің ішіндегі ең ғажап идея екен – деп, ол қуана жар салды.
-Полли! – деп ызалана үн қаттым. – Қорытынды теріс. Дәрігер, заңгер, құрылысшы не үйренгенін тексертіп емтихан тапсырғалы жатқан жоқ. Ал, студенттер сынақтан өтеді. Жағдай толығымен басқаша жағдайда оларды ұқсастыруға болмайды.
-Сонда да әдемі ой ғой – деді, Полли.
-Есалаң! – деп, сыбырласам да, мойымай жалғастырып: - Енді, дерекке қарсы болжам (Hypothesis Contrary to Fact) туралы мәселені зерттеп көрейік.
-Қызықты естіледі – дейді, Полли.
-Тыңда, егер Кюри ханым шкафтың үстіндегі фото пластинканың үстіне уран тұзын қалдырмағанда бүкіләлем Радиді білмес еді.
-Рас, рас – деп, бас изеген Полли: - Сен киносын көрдің бе? Мені таң қалдырды ғой...
-Мен оның қате екенін айтқым келеді. Бәлкім, Кюри ханым әлде бір кезеңде радиді ашатын да шығар. Ол болмаса да өзге біреу тауып білер еді. Мүмкін, өзге де көп жағдай болар. Сен бір мәселеден жалған қорытындыны бастап алып, кейін одан мүмкіндігі бар қорытынды шығаруыңа болмайды...
Тағы бір мүмкіндік беруге шешім қабылдадым. Бар болғаны жалғыз. Бұл да бір тән мен жанның төзімін қатар таусатын пәле екен.
-Келесі қателікті түп негізді улау (Poisoning the Well) дейміз.
-Қандай күшті – деп, ол елп ете қалды.
-Екі адам сөз таластырып жатыр. Біріншісі, орнынан көтеріліп «Менің бәсекелесім әйгілі суайттің бірі. Оның сөзіне сенуге болмайды» деді. Ал, Полли, ойлан. Мұқият ойлан. Қай жері қате?
Мен оның назарын бір нүктеге қадап, сарғыш қабағын түйгенін жақыннан байқадым. Кенет жанарында ақыл ойдың ұшқыны шашылғандай болды. Оның мұндай кейпін алғаш рет көруім.
-Бұл әділетсіздік. Мұнда ешбір әділдік жоқ. Оны ауыз аштырмай тұрып, өтірікші деп атап тастаса, оған ешбір мүмкіндік берілмейді ғой – деп, жақтырмағандай айтты.
-Дәл солай – деп, қуана жар салдым. – Жүз пайыз дұрыс. Бұл әділетсіздік. Бірінші адам жұртты аузына қаратардан бұрын түп негізгі қайнар көзді улады. … Полли, мен сені мақтаныш етемін.
Ол бірдеме деп ернін жыбырлатты да беті қызарып кетті.
-Көрдің бе, сүйіктім, бұл соншалықты қиын емес шығар. Сенің жасайтын жалғыз нәрсең ойды жинақтау. Ойлан-тексер-пайымда. Енді, үйренген барлық дүниемізді тұжырымдайық.
Поллидің мүлде есуас еместігі мені қанаттандырды. Мен оған барынша төзімділік танытып, қажымай үйретуімнің арқасында еңбегім жемісін берді. Мысалдарды үнемі қайталап, қателерін көрсетіп, бастырмалата бердім. Бұл үңгір қазғанмен бірдей еді. Алдында барлық іс ерік-күш жұмсауды талап еткен, қою қараңғылығы басым еді. Мен жарыққа қашан жететінімді білмеген болатынмын.
Алайда, мен ерінбей-жалықпай жалғастыра бердім. Мен үгітіп, тырнап, ұрғылап жүріп ақырына жеттім. Мен болмашы саңылаудан жарық көрдім. Сол саңылау үлкейе берді, одан күн күлімдеп кіріп, бәріне нұр шашады. Ол үшін бес түн шаршасам да, нәтижеге жеттім. Мен Поллиді логикатанушы еттім. Қалай ойлауды үйреттім.
Менің ісім осымен бітті. Ол маған өте қажет еді. Ол менің үй-мүлкіме сай келетін жан, балаларыма қайырымды ана боларлықтай сынақтан өтті. Оған ғашық еместігімді бұл қыз білмеуі тиіс.
Керісінше... Мен келесі кездесуде оған көңіл білдіруді жөн көрдім. Біздің өзара қатынасымыз білім алудан романтикаға ауысатын уақыты жеткен еді.
Емен ағаштың түбіне келіп жайғасқан соң мен оған:
-Полли, біз бүгін қате туралы сөйлеспейміз – дегенімде ол:
-Қап, әттеген-ай – деп, сағы сынғандай жауап қатты.
-Сүйіктім – деп мен оған күлімсірей рух беріп: - Біз бес кешті бірге өткіздік. Бірге болу қандай ғанибет. Біз таңданарлықтай үйлесім таптық.
-Асығыс қорытынды – деп, Полли ап-анық айтты.
-Ғафу ете гөр!
-Асығыс қорытынды. Сен бес-ақ реткі кездесуден кейін қалай үйлесім таптық деп отырсың?
Мен рақаттана күліп алдым. Сүйкімді ару қателікті мықты үйреніп алған.
-Сүйіктім – дегенде мен оның қолын ақырын ғана сипадым: - Бес реткі кездеу деген аздық етпейді. Жақсыны сезіну үшін бүтін бір тортты толықтай жеу міндетті емес қой.
-«Ұқсастыру қателік» (False Analogy) – деп, Полли жылдам айтты: - Мен торт емес, қызбын.
Мен күлген болдым. Сүйкімді қыз сабақты миына құйып алған екен. Тәсілімді өзгертейін деп шештім. Әрине, махаббат жариялаудың тікелей әрі әдеттегі екпінді жолын таңдадым. «Алпауыт» миым қолайлы сөз таңдауға дейін қысқа ғана үзіліс жариялады да:
-Полли, мен сені сүйемін. Сен менің әлемімсің, ай, жұлдыз, ғарышымсың. Жалынамын, сүйіктім, менімен жұптасатыныңды айтшы! Олай болмаса, өмірімде еш мән қалмайды. Қиналамын. Тамағымнан ас өтпейді. Әлемді кезіп, арып-ашып кетемін – деп, қос алақанымды қапсырып өкінетіндей ишара білдірдім.
-«Мейрімділік» (Ad Misericordiam) – деді, Полли.
Тістеніп кеттім… Есімнен тана жаздап қалдым. Барымша тырысып, өзімді тыныштандырдым да:
-Сонымен, Полли! – деп, өзімді зорлап тұрып, күлімсіредім: - Сен қателерді үйренгенің көрініп-ақ тұр.
- Дұрыс айтасың – деді, ол мәз болып.
-Мұны саған кім үйреткен еді?
-Сен үйреттің.
-Міне, солай. Осы себептен сен маған қарыздарсың. Жоқ демессің, сүйіктім? Егер сені кездесуге шақырмасам, қателер туралы сен ешқашан білмеген болар едің ғой.
-Дерекке қарсы болжам (Hypothesis Contrary to Fact) – деді, ол.
Менің қас-қабағымнан тер тамшылай бастады.
-Полли, сен мұның бәрін сол күйінде қабылдамағын. Бұл жай ғана сабақта өтетін дүниелер ғой. Оқу орнында үйренген нәрселердің бәрі өмірде қажет бола бермейтінін сен білесің ғой.
-Жалпылама қорытынды (Dicto Simpliciter) – деп, ол саусағын шошайтты.
Тағы да. Мен екі көзім сүзеген бұқаша қанталап, жер тепкіледім.
-Сен менің құрбым боласың ба, жоқ па?
-Болмаймын.
-Неге?
-Себебі, мен Пети Борчқа бүгін таңертең жұптасатынымды айтқанмын. Мен басым айналып, осы бір ессіз ойынды аяқтауға келгенмін. Ол екеуіміз серттесіп, қол алысқан соң!
-Алаяқ! – деп айғай салып, жерді бір тептім.
-Полли, сен онымен жүрме. Ол өтірікші, алдамшы, барып тұрған алаяқ.
- Түп негізді улап (Poisoning the Well) ойбайлауды доғар! Ойбай да қателік болуы мүмкін.
Бар күшімді сарқып, тамағымды бір кенеп алдым.
- Жарайды, олай болса қайтеміз. Сен логикатанушысың. Мұны қисынға салып көрейікші. Сен қалай Пети Борчты менің орныма таңдай алдың? Маған қарашы! Керемет студентпін. Ұлы ғұлама, келешегі кемел жігітпін. Петиге қара. Топас, есекбас, күндік ас-суының өзін қай жерден қалай табарын білмейді. Сен маған айтшы, оны таңдауыңда қандай логикалық себеп бар? – дедім.
- Неге айтпасқа? Оның жанат терісінен жасалған тоны бар.