БАҚЫТТЫ БОЛУ
Дәл қазір кеудеме,
Сен жастанған кеудеме, жылы!
Кім келіп сұқса да қанжарын ,
Мен сезбейтін едім, мұны!
Бірақ,
дәл қазір жылағым келеді,
ішімде нәп-нәзік сезімдер өніп,
кеудемді жастанған өзіңді көріп,
жылағым келеді –
сен мені ,
мен сені
ал көктем біздерді тұрғанда құшып,
өзгерді әлемнің түсі...
- Құдайым , мұншалық бақытты болар ма кісі?!
БАҚТА
Көзіме жас,
Жүрекке толды мұң.
Сағынып сәттерді түнердім.
Тамаққа бар өксік тығылды,
...дауыстап айқайлап жібердім!
Ал, көршім қарады шошып,
Ағаштан үркек құс ұшты –
«тентек» деп ойлады көршім,
Ал, ойын білмедім құстың!
БІР СӨЗБЕН...
Бір рет «үф» десең, ұшып кетеді құмырсқа,
Бір рет сілкісең төгіліп түседі алма.
Бір рет тартсаңыз тамырлы жұлынар ағаш!
Бір ғана бомба астаң-кестең етеді қаланы,
Бір сөзбенен...
Айтпақшы, бір ғана сөзбен,
Бұлардың барлығын жасауға болады.
ҚАР
Тек қазанға емес,
Саған да серт болсын, жауған қар
жығылмай жетсе егер бәйшешек,
сен жайлы көктемге сөзді айтар!
Ал көктем қоңырау күлкісі сыңғырлап жазға айтар,
Жаз жапырақ жүрегін үздіріп
күзге айтар, өзгеше ұғымсыз,
Тек күз ғана шаштары сүмбіле,
Көңілшек мезгіл....
Сен жайлы жылайды тынымсыз!
жылдар
бұл жұпарлы жылдарды,
бұл әсем жылдарды,
Гүлдейін бір-бірлеп жұламын.
Масайған жаныммен,
нәзік
Басыма гүлдесте қыламын.
Бір күні,
Әсем де жұпарлы, гүлдерді
Суарып жанардың жасына,
Сонда мен ойланбай қоямын
Уыстай қабірім басына!
КӨПТІ КӨРГЕН ҚАРҒА
«қарр», «қарр», дейсің ағашқа қонып.
«қарр», «қарр», дейсің жүгіріп қарда,
Көретініңді адамнан көріп,
Неліктен қарды қарғайсың қарға?!
Қарлыққан үніңнен көңілім босап,
тістенем айта алмай алғыс,
Түркістанда үш жүз жыл жасап
Білгенің бір ғана қарғыс!
«қарр», «қарр» деме, сен-дағы ойла:
Сен жалқы тарихсың,
...қонарың бұтақ,
Өткеннен сыр айтшы, көктегі
Қалықтап жүрген ей, қара кітап!
АЛДАУ...
Сені алдадым,
Иісі жоқ гүл бердім мен, енді сен,
Иіскеме, елемегін, білмегін.
алдадым мен тағы сені ,
(сенгіш ең!)
Өзіңе арнап жұлынбаған гүлдерім.
Тағы алдадым, қолымда гүл жарқыным,
болған емес,
болса өзіңе арнаймын!
Сен де жоқсың!
жоқсың ғой сен ақыры!
Мен неліктен өз-өзімді алдаймын!
ҚОРҚЫНЫШ
Қорқып жатыр,
Жолама,
Қорқынышы жұқпасын,
Жүрегіңде оқылмасын қайғылының құтпасы.
Өмірінің жартысын берер болса бір мұрша,
«қорықпаймын» деп бекем, бар дауыспен шыңғырса.
Кешір, оның ниеті көйлегіңдей ақ еді,
«тоңдым» деумен жүгінгенше дұшпанының еркіне,
Ізгі жолда жүрегі оның періштедей пәк еді,
Қорқыныштың шалдыққанша жан өртеген дертіне!
«Кім келеді» деумен қайран қала берме, ұғыспай,
Нендей дыбыс екендігін содан сұра, біледі.
Бұл кеудеде астаң-кестең, діріл қаққан,
Уыстай,
Қорқыныштан еріп жатқан, ол - адамның жүрегі.
СЕН КЕТКЕН СОҢ
Сен кеткен соң –
жалғыздықтың алғашқы күні өтер.
Алайда, екінші күн,
Аяңдай бастайды кенеттен.
Үшінші күн,
тереземнің алдына әрең келеді сылтып басып.
Төртінші күн өтпейді –
Аяғы жоқ төрінші күннің!
Аударған Мехриддин Өтегенов