СОЛ БІР АРУ
Сол бір сұлу әйелді көрсем шіркін тағы да,
Пері қызы еді ол, нәзік еді жаны да.
Серуендеген шақтарда гүл далада масаты,
Жерді жеңіл қауырсын қадамменен басатын.
Сүймей-ақ мен қояйын оны мына жалғанда,
Тек қарайын сүйініп, мендегі осы бар арман –
Бақта отырса шуақтап ақ аруым таранған,
Қолында бар кітабы жаңа ғана жабылған.
Күзгі желге сыбдырлар жапырақтар жанында.
Көріктіме қараумен абайлап жай, сыр ұрлып,
Өзімді-өзім ұмытып, тұрғанымда сыбырлап.
Сезіп мені, үркіп, орнынан тез тұрып,
Ұзар бетін алыс бақ шетіне бұрып.
Жол шетінде ағаштар қоштасуды құптар.
(Айырылысар осылай бұйырылмаған жұптар)
Көз жұмған анасын көрген сәби құрлы,
Сол аруды көрсем айдай аппақ нұрлы.
1936 ж.
* * *
Суық Түнге сіңіп суиды сезім,
Жылуы тарап, жалыны сөніп.
Күндерім Құдайға келіп құлайды
жігіттей қызға оралған жиһанды кезіп.
Жүрегімді ашып, Түн жыр жазар,
Маржан ғып сөзді шаша алмай,
Жұлдыз ғып мұңды шаша алмай.
Таң болып атсамшы тап-таза …
Күлге айналып кешім мен таңым,
Ғаламдық отқа барады жанып,
Жылуына жаным бөленбей.
Жаратқан Тәңірім жоқтан барды,
Ерітіп жүректегі қысқы қарды
Ұмытылған мұңлы өлеңдей.
1923 ж.
ЖАБАЙЫ АЛМА
Жабайы алма болғым келеді,
Жабайы алма... саясы бар.
Өзегі талған әр жас бала
Тойып жейтін жемісімді,
Көлеңкемнің аясында.
Жабайы алма болғым келеді,
Жетім бала жаны мұңды.
Көзінің жасы көлкігенде,
Мені іздеп кеп көз жасымен,
Суаратын тамырымды.
Болғым келед жабайы алма,
Қурап қалсам егер бір күн.
Отын болып жалыныммен
Көз жастарын жетімдердің
Құрғатуға жарай алған.
Болсам егер жабайы алма,
Қайғы болмай жер үстінде,
Барлық адам көңілді де
бақытты өмір кешер еді,
Еске алмай өлімді де.
1921 ж.
СЕНІ КҮТІП ЖҮРМІН
Сені күтіп жүрмін. Шық түскен,
ағаштың бұтақтары аспанға ұмтылып.
Өне-бойым мұздады, дірдектеп
қара түнде, жалғыздық тым суық.
Қасыма келсең, түрілер түн-қайғы да ,
Тыныштық орнар, тыныштық …
Тыңдармыз сазы сырлы Айды да.
Ерніміз сыбырлап жүректің әуенін,
Бақыттан баянды дәмелі,
Кетер ме ек ілесіп
шырақтың буына,
тірлікті түгесіп?
1922 ж.
ШЫН ЖҮРЕКТЕН
Жоқ не әкем, не анам,
Не тәңірім, не панам.
Не бесік, не кебінім,
Не сүйгенім, серігім.
Нәр татпадым мен үш күн,
Не берсе де келістім.
Жиырма жылым – байлығым,
Сатсам болмас қайғы-мұң.
Ешкім сатып алмаса,
Шайтан мүмкін жармасар.
Шыным кіріп үйге бір
Кісі өлтірер күйдемін.
Ұстар онда дарға асар,
Тәнім қара жер басар.
Тыншығанда жүрегім,
Тұрар өмір-гүл өніп.
1925 ж.
ЕСТІДІМ ТЕМІР ӨКСІГІН
Естідім темір өксігін,
Естідім жаңбыр күлгенін.
Қирады елес, өшті күн,
Өтеді бәрі – білгенім.
Тірліктен күйбең дара қап,
Сүюді ғана жөн көрдім.
Айтшы тек алтын санадан
Адамға қару жон дер кім?
1933-1934 ж.ж.
Мажаршадан аударған Раушангүл Зақанқызы