Бақытбек Қадыр Open Eurasia-2022 әдеби байқауының финалына шықты
Бұл туралы Eurasian creative Guild (Лондон) баспасы жариялады.
11-рет ұйымдастырылып отырған «Open Eurasia 2022» халықаралық әдеби байқауының финалына «шағын проза» (әңгіме) номинациясы бойынша отандасымыз жазушы Бақытбек Қадыр шықты.
«Шағын проза» номинациясына 60 қаламгер қатысқан. Одан 25 қаламгер қысқа тізімге іліккен. Ал 10-16 желтоқсанда Австралияның Мельбурн қаласында өтетін Open Eurasian Literary Festival & Book Forum-ында жеңімпаздар анықталып, марапаттау рәсімі OEBF фестивалі аясында өтеді
«Бұл фестиваль – 2012 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді екен. Биыл жазда маған Eurasian Creative гильдиясынан байқауға қатысуға ұсыныс түсті. Байқауға «Жасыл шатырлар» деген әңгімемді жібердім. Әңгімем финалға шығыпты. Әзірге мен үшін бұл да жеңіс. Ары қарай бұйырғанын көреміз», – дейді Бақытбек Қадыр.
Open Eurasia әдеби байқауында жеңімпаз болған қаламгерлер ECG (Eurasian Creative Guild (London) кітап сериясының бөлігі ретінде кітабын шығаруға және кез-келген гильдия жобасына қатысуға, басқа да Еуропа елдеріндегі әдеби байқауларға қатысуға мүмкіндік алады.
Бақытбек Қадыр – «Жасыл шатырлар» әңгімелер жинағының авторы, «Дауыс» антологиясының құрастырушысы. 2020 жылғы «Алтын тобылғы» әдеби байқауының лауреаты. Қазір Қосшы қаласының «Jana Bastau» газетінің бас редакторы