17

«Фольклор – жас оқырманның рухани және адамгершілік тәрбиесінің құралы»

 

Егер сен алдыңа бір жылдық мақсат қойсаң - егін ек,

бірнеше жылға мақсат қойсаң - ағаш отырғыз,

ғасырларға мақсат қойсаң - ұрпақ тәрбиесімен айналыс

(Халық даналығы)

Қазақ халқының ұрпақ тәрбиесінде ерекше орын алатын философиялық ойлау жүйесі, оның ішкі мәні мен астарлы ой құбылысының ерекшелігін көптеген еңбектердегі пайымдаулар мен тұжырымдар арқылы тануға болады.

Халқымыз тәрбиені тал бесіктен бастап, ұрпағының сана-сезіміне сіңіруді қолға алып, тәрбиемен қатар білімді игерткен. Фольклор арқылы әр халықтың өмір сүру образын, тәрбие беру әдістері мен тәсілдерін тануымызға болады. Фольклор – қарапайым сөз түрінде, ән мен би, күй түрінде таралып отыратын шығармалар. Бұл шығармалар әдемі көркем сөздермен боялып, құнды пікірлер түрінде өзгеріп, рухани құндылықтарға айналады, импровизацияланады.

Фольклор балалардың терең адами сезімдерді қабылдау қабілетін дамытуға мүмкіндік береді, дүниенің тұтас бейнесін қалыптастырады, туған халықтың тарихы, мәдениеті мен дәстүрлеріне деген ортақтық сезімінің оянуына ықпал етеді.

Қазіргі уақытта ең маңызды міндеттердің бірі – адамгершілігі жоғары әрі білікті Қазақстан азаматын тәрбиелеу. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында «Балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеген абзал» деп, ұрпақ тәрбиесінің, ұлттың жаңа болмысын қалыптастырудағы үш тағаны ретінде білім, ғылым және мәдениет саласын дамытуға баса назар салып келеді. Сонымен қатар «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» жарлығын бекіте отырып адами капиталды дамыту, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайту, білім беру, тәрбиелеу және оқу-ағарту ісінің негізгі элементі ретінде кітап оқу мәдениетін насихаттау, зерделі ұлт қалыптастыру, сондай-ақ шығармашыл, жасампаз және бәсекеге қабілетті тұлғаны дамыту үшін жағдай жасауға нақты мақсаттар жүктеді.

Қазақ фольклорының сирек кездесетін ерекше нұсқалары мен орны толмас рухани, мәдени, экономикалық және әлеуметтік қазынасы -  «Мәдени мұра» бағдарламасының толық жинағы топтастырлған, еліміздің әр баспасынан жарық көрген кітаптардың міндетті даналары жинақталған  115 жылдық тарихы бар Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы еліміздің мол мұрасын сақтаушы ғана емес, оны насихаттаушы әрі еліміздің идеологиялық бастамаларының негізін жүзеге асырушы мекеме.

Рухани-адамгершілік бағыттағы бұқаралық-мәдени іс-шаралар қатарында «Жаһандық ұрпаққа арналған балалар кітаптарын жазу» атты сериясы аясында балалар әдебиетін дамытуға арналған конференция, жыл сайын 15 мамыр – Халықаралық отбасы күнінде отбасымен оқуды насихаттауға арналған шаралар, оның ішінде жас-ата анаға арналған балалар тәрбиесіне бағытталған кітаптардың библиографиялық тізімі, кітап сатып алуға кітапхана атынан жеңілдіктер мен сыйлыққа кітаптар  ұсынылып,1-маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Қандай кітап оқимыз?» калейдаскоп ұйымдастырылып, балалардың сүйікті халық еретгілері мен аңыз кейіпкерлерді жақын тануға мүмкіндік берсе, 1 қыркүйек білім күніне арналған танымдық-тәрбиелік маңызы бар балаларға арналған іс-шаралар мен экскурсиялар және т.б. іс-шараларды атап өтуге болады.

Фольклорды балалар аудиториясына қызықты әрі тартымды етіп ұсыну мақстаныда Ұлттық кітапхананың мұрындық болуымен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен биылғы жылы өткен «Мәдениет және инновация» форумына үндістандық зерттеуші Дипа Киран шақыртылып, ол өз кезегінде шешендік өнер мен ауызша халық шығармашылығының педагогикалық әлеуетін, кітап оқытудың бірнеше әдістерін ашып көрсетті.

Балалар тәрбиесі мен олардың білім көкжиегін арттыруға бағытталған іс-шаралардың басынан кітапхананың табылуы жазылмаған ереже.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен 2021 жыл «Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдер оқуын қолдау жылы» болып жарияланып, елдегі кітапханаға оқырмандарды тарту және оқуды насихаттау бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы «Балалар әдебиеті – Тәуелсіздік кезеңінде» (1991–2022) атты Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдер оқуын қолдау жылына және Балалар жылына арналған ұсыныстық библиографиялық көрсеткіш дайындады. Көрсеткіш 1991 жылдан 2022 жылдың мамырына дейінгі кезеңді қамтиды.

Көрсеткіш екі бөлімнен тұрады: бірінші бөлімге қазақ тіліндегі, екінші бөлімге орыс тіліндегі әдебиеттер енгізілген. Қазақ тіліндегі бөлім он бір тараудан тұрады: I. Балаларға арналған прозалық шығармалар; II. Балалар поэзиясы; III. Қазақ балалар драматургиясы; IV. Фольклор, балаларға арналған ертегілер; V. Балаларға арналған фантастикалық шығармалар; VI. Қазақ балалар әдебиеті және сын; VII. Қазақ балалар әдебиетін зерттеу; VIII. Ғылыми-техникалық прогресс және балалар әдебиетіндегі көркемдік таным; IX. Балалар әдебиетіндегі уақыт, қоғам, бала тақырыптары; X. Балалар поэзиясының дамуы туралы; XI. Қазақ балалар драматургиясы туралы.

Ұсынымдық библиографиялық көрсеткіш әдебиеттанушыларға, оқытушыларға, мамандарға, магистранттарға, докторанттарға, студенттерге және кең оқырман қауымына арналған.

Еліміздің көпшілік кітапханалары, соның ішінде ҚР Ұлттық кітапханасы рухани-адамгершілік тәрбие беру бағытында белсенді жұмыс атқарып өз оқырмандарына патриоттық және отбасылық құндылықтарды, үлкендерді құрметтеуді, экологиялық сананы сіңіруді, ұлттық болмыс пен көптеген басқа да құндылықтарды тәрбиелеуді жалғастырып, Ұлттың мәдени және рухани дамуындағы бірден бір серіктес әрі ең басты жанашыры ретінде жалғастыра бермек.

 

Айбала Бекмұханбет

ҚР Ұлттық кітапхана қызметкері,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистранты.