19

Жадыра Шамұратованың «СЕКУНДТАР АРАСЫНДАҒЫ ШЕКСІЗДІК» кітабы туралы

Әншейінде тыным таппай зуылдайтын уақыттың асыққан кезде өтпей қоятынын байқаған боларсыз. Әсіресе біреуді күткен кезде сағат тілінің табандап тұрып алатынын қайтерсің.

Үйден кеткеніне 3 жыл 8 ай 14 күн болған жалғыз ұлын сарыла күткен жесір ананың сартап уайымын түсіне алар адам бар ма екен? Егер бар болса секундтардың арасында шексіздік бар екеніне көзі жетер еді.

Әкесі жол апатынан мерт болғанда мектеп жасына енді ғана ілінген ұлын ешкімнен кем қылмай өсірді емес пе? Соңғы екі жылда мінезіндегі өзгерістерді де байқап еді-ау. Бірақ аса мән бермеген екен. Бұрын ашық-жарқын жүретін ұлының тұйықталып, жолдастарымен араласуын азайтқанын да сезген. Намаз оқығанын көріп, имандылыққа бет бұрған екен ғой деп ойлаған...

Алайда дәстүрлі исламнан тыс жат ағымның жетегіне кеткен ұлының санасы уланып жатқанын білді ме екен? Ақтөбеден алысқа шығып көрмеген жиырма екі жасар жігіт анасын тастап Сирияға не үшін кеткен?...

«Алла жолындағы соғыс!» деген жалаң ұрандарға елітіп жастардың жат жердегі тозақ отына баруына кім кінәлі? Дер кезінде тоқтата алмаған жақындары ма?... Ақиқатты бұрмалаған жат ағымның өкілдері ме?.. Әлде діни сауаты төмен болғандықтан екі аятты жаттап алып уағыз айтқан жанның сөздерін сыни тұрғыда қабылдай алмаған өзі кінәлі ме?... Жиһадшының шешесінен бүкіл ауыл неге теріс айналды?

Жадыра Шамұратова – өзінің шығармаларында қоғамдағы түйінді мәселелер мен нәзік тақырыптарды көтеріп, оқырманға шебер жеткізе білетін жазушы.

«Секундтар арасындағы шексіздік» новелласында жат ағымның жетегінде кетіп, Таяу Шығыстағы соғыс ошағына барып опық жеген жас жігіттің өкініші мен көз жасын көл қылған анасының психологиялық жай-күйі сипатталған.

Неге бұл тақырып біздің оқырмандарға жақын? Себебі 2013 жылы Сирияға кеткен 150 жиһадшы туралы ақпарат әлі күнге санамызда тұр.

Шығармада айтылмаса да, мемлекет тарапынан бұл мәселеге қатысты ауқымды шаралар атқарылды. 2019-2021 жылдары «Жусан» операциясының нәтижесінде Сирия жерінен 613 қазақстандықтың елге жеткізілгені  (420 бала, 160 әйел, 33 ер адам) соның айғағы.

Жазушының 2026 жылы «Фолиант» баспасынан шыққан «Секундтар арасындағы шексіздік» кітабына 5 новелла, 3 хикаят және 3 әңгіме енген. Оқырманның жанына жақын шығармалар құмар ойынның құрсауына түскен жандардың күйзелісі, ақша үшін жақынын мерт қылудан тайынбайтын адамдардың әрекеті және дамуында ауытқулары бар балалардың тағдыры жөнінде баяндайды.

Күнделікті өмірде кездесетін кейіпкерлердің басынан өткен оқиғалар мен олардың жан тебіренісін әдемі өрнектей білетін жазушының туындылары оқырманға етене жақын.

Кітапты оқып отырып, кейіпкерлерді бұрын көрген бір адамға ұқсатқандай боласыз. Себебі ол кейіпкерлер – біз күнде көріп жүрген қоғам мүшелері.

Оқырмандар жылы қабылдаған Жадыра Шамұратованың  «Сандық» атты жинағы да 2023 жылы «Фолиант» баспасында жарық көрген болатын.

Құрметті оқырман, «Секундтар арасындағы шексіздік» жинағын оқып, әділ бағасын беру өзіңіздің еншіңізде.

 

 Қанат Бейсенгазин

«Фолиант» баспасының қоғаммен байланыс бойынша ресми өкілі