
Әкемді көргенше асығып келем. Бүгін бір белестен өткендей алып- ұшып келе жатырмын. Алғашқы дәрігерлік тәжірибемді атқардым, енді үш жылда ақ желең жамылған нағыз дәрігердің өзі боп шығамын. Әкем егін- тегінді уыстап қолда ұстайтын агроном болғанымды қалап еді, мен дәрігер болам деп алған бетімнен қайтпадым.
-"Тұқымымызда тамыр ұстап, кеселді дәл табатын Ырзахмет деген тәуіп болған" деп айтып отырушы едіңіз, мен де тамыр ұстап, жұрттың кеселін дәл табам,- деп уәж айттым.
- Өзің біл, ағаң да қалаға көшемін деп әбігерге түсіп жүр, ауылдың да берекесі кетіп бара жатыр,- деді салқын сөйлеп. - Күріш пен бидай, жүгері мен тары, жоңышқа дейсің бе, жерге қылтиып шыққанның бәрі агрономның қолында ғой, - деп күбір ете қалды.
- Жоқ нәрсені неге сөз ғып отырсыз. Оның бәрі қазір жоқ қой, - деп кенжелігіме салып, еркін сөйлеп кеттім. - Колхоз барда зоотехник балаңыздың қызығын бір адамдай көрдіңіз. Енді мен дәрігер болам,- деп ала шабаданымды қолыма ұстап, Алматыға тартып кеттім.
Оған да жыландай жылжып, төрт-бес жылдың жүзі болыпты.
Бас хатшылар бірінен кейін бірі о дүниелік болып, топырағы торқа болғырлар халықтың көз жасын көлдетті. Енді бір меңдібас хатшы қайта құру деп ұрандатып келіп, көп ұзамай колхозды таратып, енді біреулер "Бай, қуатты болайық!" деп көгілдір экраннан сөйлеп жүр. Көкем осы хабарды көріп отырып қыңырайып қалды.
- Қазақ бір-бірін көргенде "Бәқуат па, күйлі-қуаттысың ба?" дейді. Күйлі-қуатты жүргенге не жетсін! "Тық деген тауыққа тиеді", байлықты айтқанда кедейлер қыңырайып қалмас па екен?– Әкемнің бір айтары бар, сөзден ши шығарып отырады. Өмірбойы ауылдағы қоймада таразбан болса, өмірде гір тасы мүлт кетіп, ары-бері ауытқымаған тықыр тақуаның дәл өзі. Осындай әкесі бар мен кіммін сонда?
Ағам да қалаға көшемін деп дызақтап жүр. Зоотехник кезінде ай сайын бір қойдың басын кесіп, әкесіне тартатын. Ет дегенің біздің үйде қып- қызыл боп керсенге сыймай тұратын. Әкем:
- Бұның бас- аяғы болмай ма?- десе, ағам:
- Колхоздың қойын кім жемей жатыр. Қой саны бәрібір 50 миллионға жетпейді. Көке, оның бәрі бос сөз ғой. Артық сөздің керегі не, балаң әкелген етті қарпып жеп, тыныш отыра бермейсіз бе,- деп айтып тастаған.
- Иә, Алла ақырын берсін,- деп әкем әр сөзін таразыға тартқандай қылау тигізбей айтып, ернін қымқырып қала берген.
Әкемді тұқыртып сөйлеген сол ағам колхоз тараған соң қалаға көшем деп әбігерге түсіп жүр, дәл бір қалада біреу ыстық күлшесін дайындап отырғандай- ақ. Мейлі, жиған-тергені, ауылдың тілімен айтқанда, "ұрлап- жырлағаны" бар шығар. Дүниені кім ұрламай жатыр, ұрлыққа жіңішкелеп жол салып беріп отырған да жоғарының өзі емес пе? Несібесіне қарай бұйырғанын көре жатар.
Мен үйдің кенжесімін. Ағайынды екеудің үлкені - алдымдағы ағам еді, інісі оқуын бітіргенше ауылдағы бұйырған тірлікті істеп жүре берсе қайтер еді. Қалаға көшіп, сойылған қойдың қанынан алыстаймын дей ме екен, онсыз да қара қойдың маңырағанын сағына бастадық. Апай- топай ауысқан Бас хатшылар одақтас республикалардың тіршілігін тексеріп, қылмыс іздеуге кірісті. "Өзбек ісі" деп тексеруді мұсылманнан бастады, кезекте қазақтар тұр дейді. Коррупцияның көкесі Кавказда емес пе, солардың үстінен неге іс қозғамайды? Славян елдерін неге тексермейді? Ой-й, мұсылман деген қой аузынан шөп алмас момыным- ай, қызыл жалауды желбіреткеніңе мәз боп, қолыңды бұлғап қашанғы тұрар екенсің? 31-ші жылғы аштықты да сенен бастады, 37- ші жылғы "халық жауларын" да кебежеңе дейін тінткілеп, сенен іздеді. Сен қай кезде керексің Мәскеуге? 41-ші жылы Гитлер Мәскеуге 12 шақырым қалғанда қырбық мұрт Панфиловты бас қылып, Бауыржанды оқ қылып атқанда, Отанды қорғауға керек болдың. Орыс әскері шегініп- шегініп, Кремльге 12 шақырым қалғанда Отан жүрегін Бауыржан қорғап қалды. Қазақ пен қырғыз, өзбек пен башқұрт, Қиыр Шығыстағы бұғы баққан якут- түркілер жауды тоқтатты. Бұны да нұр жауғыр Александр Бек "Волоколамск тас жолы" деген кітап жазып, оны Фидель Кастро оқып, жер жүзіне тарап кетті. Әйтпесе Мәскеу немісті мұсылман тоқтатты деп жұмған аузын ашар ма еді? Клочков деген политрук "Кең-байтақ ұлы Ресей, шегінер жер жоқ, артымызда Мәскеу!" деп айқайлады деп кино түсіріп, көз алдады. Мәскеуді қорғап қалған мұсылман қырық жыл үн- түнсіз политрукті тыңдап, басын изеп қала берді. 45-ші жылы жауыз Гитлердің ордасына Рақымжан жанын жалдап Жеңіс Туын тікті, туды тіккен орыс пен грузин боп шыға келді.
Мен өзі бала күнімнен кітапты көп оқимын. Адамның төрт аяқты малдан айырмашылығы - сөйлей білетін тілі мен кітап оқи білетін көзінде емес пе? Шукшин деген жазушы әрі актерды сондай жақсы көрем. Кезінде әйгілі Шолоховтың "Олар Отан үшін шайқасты" деген шығармасы әбден тәлкекке түсті. Шегініп келе жатқан орыс әскері, таңдайларында жеңістің емес, жеңілістің дәмі бар солдаттар деревняны тонап, қатындарды зорлаған шындықты суреттейді. Жылдар бойына бұғаттап ұстаған осы шығарманы Шукшин бертінде артық жерін жонып тастап, жұқалап киноға түсірді, әрі өзі Лопахин болып басты рөлде ойнап жүргенде жүрегі ұстап, жан тапсырды. Құдай куә, сол Шукшин шындықтың құрбаны болды-ау деп адам жанын аялаған болашақ дәрігер басыма сан түрлі ойлар келіп-кетеді. Мейлі, мен қолына қандауыр ұстаған оташы болам, бірақ кітап оқығаным оқыған, оқудан танбаймын, шындықты айтудан шалт бұрылып кете алмаймын.
Иә, бар жиған- тергенімді ой елегінен өткізіп, пойыз деген қиялдың кемесіне мініп, әкемді көргенше асығып келемін. Студенттер қауымы облыс орталығына тәжірибеден өтуге келгенбіз. Бұл ең алғашқы тәжірибеміз. Адам союды, қуыққа жасалатын отаны көзіммен көрдім. Түк де сескенген жоқпын, неге сескенесің, алпыс екі тамыры адырайған тыржалаңаш адамның скелеті күндіз- түні бас жағымда тісі ақсиып төніп тұрған жоқ па? Неге қорқам, мен жігітпін, мен болашақ дәрігермін.
Әкемнің атбайлары, қара шаңырақтың тұтқасын ұстап қалар да өзіммін. Ағам қалаға көшіп кетсе қартайған әкем мен шешеме кім қарап, дәрет суын кім жылытып берер екен деген көлденең ой да жанымды қинайды. Мен әлі үш жыл оқуым керек, сонан кейін ғана қолға диплом тиеді. Әке- шешемді сонан кейін ғана қолыма аламын. Екі әпкем әлдеқашан теңін тауып, өзге шаңырақтың түтінін түтетіп, жапырағын жайқалтып отыр. Дұрыс- ақ, қыз дегенің жат- жұрттық. Мейлі деймін, таразбан әкемнің ел- жұрттың алдында сынаптап жинаған беделі бар, "Сақыптың қолы таза, кісі ақысын жемейді" деген сөз бар, сол абыройы, аз-кем зейнетақысымен күнін көрер. Қолда бар екі- үш уақ малды да 31-ші жылғыдай біреулер тартып әкетіп жүрмесе... Бүгінгі биліктің беті жаман. "Қай- қайдағыны ойлап..." деп өзіме-өзім тоқтау салдым. Осы білімдарлығым мен қиялилығым да басыма бәле болды, қашан да "Менің атым Қожадағы" Қожа сияқты "бүйректен сирақ шығарып" тұрам. 31-ші жылдың беті аулақ, біз әбден аяққа тұрған елміз.
Сумақай ойдан арылып, пойыздан түстім де, екі шақырым жердегі аулыма қара жерді аннан- мыннан бір басып, жаяу тарттым. Жекеменшік басталғалы автобус та жүрмейді, тек "таксовайт" еткендер қасыңа тұра қап, барар жерінді айтып болмай жатып ақысын сұрайды. Қасыма тоқтаған бір "Запорожец", бір «Москвич» - екі тайқар мәшинеге де қолымды бір- ақ сермедім, Құдай екі аяғыма қуат берсін.
«Ассалаумағалайкум!» деп айтып, әкемді көргенше асығып келем.
***
-Ассалаумағалайкум!- деп кіріп келгенімде әкемнің қоңқайған мұрны мен сығырайған көзін ғана көрдім. Пеш түбіндегі өзінің меншікті орнында үн- түнсіз жатыр. Мен кіріп келгенде бір қозғалақтап қалды, бірақ жадырап, жарқын жүз танытпады. Облыстық ауруханада тәжірибеден өтіп жүргенімді біледі, мені көргенде көңілі дір етіп қуанса да, өмірбойы таразыға қарап, гір тасын тең ұстаған салқынқанды пенде перзентіне алып- ұшпады.
- Әкең сие алмай қалды, - деп шешем құлағыма сыбырлады. Сол сәт былғары курткамның қалтасында қалған, тәжірибеге пайдаланып жүрген катетер- түтікке саусағымды тигіздім, бұл сырқаттың зәрін шығаратын бірден-бір құрал.
Әкемнің қолын алып болысымен бетіне үңілдім. Езуіне тартылған қос сызық қалыңдай түсіпті, қараторы өңі де сарғыш тарта бастапты. Ащы зәр бұлқынып сыртқа шыға алмай ер- азаматтың бетіне тепкені көзге көрініп- ақ тұр.
- Қашаннан бері?
- Кешеден бері...
- Кешеден бері неге доғдыр шақырмай отырсыздар?
- Өзі ғой, балам кеп қалар деп тырп етпей жатқан...- шешемде кінә жоқ.
Қолтықтап алып, сүйемелдеп сыртқа шығардым. Қою қараңғылық жер-дүниені тұмшалап тастапты, тек қиық Айдың сәулесі жерге жарық нұрын төгіп тұр.
- Көке, иығымнан мықтап ұстаңыз.
Ауының түймесін ағытып, еркектік жыныс мүшесін шалбарынан шығардым. Әкемнің мүшесіне қараңғыда көз салғам жоқ, қиық Айға арқамызды беріп тұрдық. Біраз уқалап дәрмен беріп, тірі жан - тірі құбылыстың деңгейіне жеткіздім де, қалтама қол сұғып, иненің жасуындай тесігі бар жіп-жіңішке түтікті үрпіге ытқытып жібердім. Сол- ақ екен, шор еткізіп, зәрлі су шөп басын шая бастады. Тәулік бойына тұрып қалған ащы зәр есекмия мен ақбастың төбесін жуып, әкемнің қолы бүлкілдеп, иығымды сығымдай берді. Есекмия мен ақбас түп- түгел суға малшынған сәтте әкем күбір етті.
- Бәрің осы жерден шыққансыңдар...
- Сиіп болыңызшы, сосын айтасыз...
Сірә, адам жаны рақатқа бөленген сәтте тәтті сөз ырқына көнбей ауыздан ытқып кетсе керек, адамзат ала сезімге бөленген кезде қалай қарғыс айтқанын білмей қалады-ау деймін. Әкем маған алғыс айта қоймас, бірақ бұл да оның бір босаңсыған кезі болар. Әкесінің әлсіз сәтін сөз етіпті деп ел- жұрт оқырануы да мүмкін. Оу, ол да адам ғой, қара адамның да, ақ адамның да (африкалық негр мен европалық ақ нәсілділерді айтып отырмын) жан- дүниесі құлыптаулы қалмау керек, өйткені ол - Адам, адамға тән нәрсенің бәрі жат емес, біз қашанғы аузымызды буып, "осындай совет адамының" бейнесін сомдаймыз. Өмірде де, әдебиетте де Коммунистік партия аузымыздан артық сөз шығармай жан сарайымызды құлыптап қойды. Адамзат жан сезімін ешқашан ірікпеу керек, әсіресе көркемөнер мен әдебиетке еркіндік керек. "Әкесінің жыныс мүшесін сөз қылыпты " дейтіндер де табылар. Адамның он екі мүшесі - өмір сүру құралы, бір мүшең істен шықса, сен ғаріпсің. Реализмнен модернизмге ауыстық, біз де ұлт ретінде барлық салада жалтақтамай өмір сүруді үйреніп, ауыздағы сөзді айта алмай ынжықтыққа салынып, кібіртіктеуді қоюымыз керек. Мойынға түскен бұғауды үземіз деп қақаған қыста көтерілісті біз бастаймыз да, оның қызығын жайнаған жазда Кавказ бен Прибалтика көреді, бірінші боп тамағымызды жыртып айқайлап, қанжоса болсақ да, еркіндік бізге ең соңынан тиді. "Соңғы түйенің жүгі ауыр" деп бір сөйлеп қойып, тікенек жантағымызды жеп тұра береміз.
Әкемнің жаны жай тауып, үйге сүйемелсіз өзі кірді. Екі аяғын тең басып кеп жадырап, төрге жайғасты.
- Жұмыс қалай боп жатыр?– деді сөзге тартқысы кеп.
- Адам союға қатысып жүрмін. Сіз қуық ауруға шалдыққан сияқтысыз. Ертең барып, басшылармен келісіп, сізді алып кетем. Тексереміз, ота жасау керек болса, жасатамыз.
- Ағаң мал союшы еді, сен енді адам соясың. Біздің әулетке тек союды жазған екен де. - Көңілі толмай отыр ма десем, жоқ, маңдайы жазылып, жадырап қалыпты. Мен үйге кіріп келгенде қандай еді, зәрін шығарып, жаны жай тапқасын айтқан сөзі мынау. Мейлі, не десе де әкем ғой, әкеге сот жоқ.
Әкем мен шешем үшеуміз шүйіркелесіп отырып дастарханды жинадық. Бір түнеймін де, қалаға қайтам, дәрігерлермен келісіп, әкемді алып кетем. Араға тәулік салып...
- Бір күнге шыдаңыз, ертең емес, арғы күні келем...
- Пышағыңа абай бол. Сен адам соясың ғой, ағаң малды сойып бітірді, енді не істер екен, - деді салқын ғана.
Шақырып қойған таксиім "бапылдап" мазаны алып барады. Ол күтіп тұрғанына да ақша дәметеді. Жабайы капитализмнің түрін қара.
- Көке, жақсы, амандық болса, күн салып келем,- деп ақырып тұрған тайқар таксиге қарай жүгірдім.
***
Студенттерді бастап келген атақты оташыға айтып едім, "Әкеңе жасамаған жақсылықты кімге жасайсың" деп, бірден бөлімше меңгерушісімен сөйлесіп, "Алып кел", - деді. Енді күндізгі тәжірибелік оқуымды бітіріп, түс ауа 120 шақырым жердегі ауылыма тартып кеттім. " Поштабай" пойыз тарс- тұрс етіп көрінген бекетке тоқтап, сәлем беріп өтеді, енді Төретамнан ассақ менің бекетім. Бәленің бәрі осы Төретамнан келіп жатыр. Қазір біз сияқты жергіліктілер болмаса, бұл жерді жұрт Байқоңыр дейді, күнара аспанды астаң- кестең ғып біздің ауылдың төбесінде тік тартылған зымыран самғап жатады. Бұл жер Мәскеудің иелігінде. Оларға ешкім де "қой" деп айтып, саусақ ұшын шошайта алмайды. Тәуелсіздік алғалы да жалға алған жердің қожасы - орыстар, біздің жақтағы мұнайдың иесі - қытай боп тұр. Біздің ауылдың тең жартысы қылтамақ пен өкпе обыры, сол жерде түртінектеп жүріп нәпақа тапқан сыныптастарымның көбі шашы түскен таз, қуықтың "құдіретімен" әжетхананы торуылдап әбігерге түскен біреу. Уланған ауа мен лас су қуыққа барып тат боп тұрып жатыр. Басқасын былай қойғанда, Байқоңырдағы билеушілер кәріз суын Сырдарияға ағызып, кәрі су осылай зәрлі сумен былғанып, әруақ адамзаттың қылығын кешіре алмай әбігерге түсіріп отыр. Облысты басқарған бірінші басшы Әуелбеков суырылып шығып, Мәскеу арқылы орынсыз оспадарлыққа тиым салған екен, ол кеткесін бәрі бәзбаяғы қалпына түсті.
Тайқар таксиім үй жанына кеп тоқтады. Үй маңы қара- құра адам. Бұл не, әлде ағам қалаға көшкелі буынып- түйініп жатыр ма? Есік алдына қазақы киіз үй тігіліпті. Түңлігі жабық. Жақындай бергенде шешемнің қыздай сыңсыған даусы естілді. Әкем пеш түбінде де, төрде де жоқ. Екі жігіт қолтықтап ішке кіргізгенде әулеттің үлкені Кәрібай көке сөз алды.
- Сен кетісімен әкең жүріп кетті. Барар жеріне асыққан шығар, жақсы кетті. "Балам жанымды жай тапқызды, ол үлкен доғдыр..." дей бергенде... - деп кемсеңдеп қалды.
Мен шалдардың алдында көзіме жас алмадым. Адам соятын қатыгез оташымын ғой, біреудің жанын ауыртып, соған жақсылық жасаймын.
- Әй, қайда кеттің?- деді ақсақал.
Қаракөлеңкеде үйдің артына барып, қабырғаның бір бұрышын сипап тұрып өкіріп жібердім. "Үлкен доғдыр болғанымды көре алмай кеттің".
- Бәрің осы жерден шықтыңдар...- әкемнің жаны жай тапқанда айтқан сөзі құлағымды тесіп жіберді.
"Иә, бәріміз сол жерден шықтық. Енді не болар екенбіз?" Бұл сөзімді ешкім естіген жоқ.