
…кешкі Бақ
...қамыққан жандар, көбі — өткен...
себепсіз бірі себеппен...
...жарығы Айдың — күлгіндеу,
жарып бір түссе кенеттен...
гүлдесе шынар, сәнді — емен,
түрленіп шығар тал деген:
сырласу керек жүрекпен,
мұңдасу керек жанменен...
...дүние қандай кешті гәп?..
дір етер сөзден, есті ап,
жазықсыз жылы жымияр
жапырағы қызыл Кешкі Бақ...
2022 жыл
Менің Отаным
...неше ғасырлар бойы адамдар
тек бір ұлтарақтай жер үшін күресті ме?..
...жоқ,
олар төргі бөлмедегі әкесінің ескі кітаптары,
анасының құшақтағандағы мейірімі мен
түндерде түндігіне түсетін Ай жарығы
немесе сол Ай жарығы түсетін түндігі үшін
күрескен болар...
менің әр қаламсабым мен дәптерім де —
менің Отаным.
әр адал, шынайы жүрек —
менің Отаным.
...мұндай да Отан болады
және ондай Отан менде ғана бар...
2019 жыл, күз.
…қар жауады.
...топырақтың суықтығын,
жапырақтың сарғайғанға дейінгі әр лүпілін,
гүлдің үлбіреген күлтелерін,
желдің самал боп ескенін
және... табанына батқан тастарын,
шөлі мен аптабын есіне сақтап —
Қар жауады.
***
уақытпен бірге
жер беті біртіндеп өзгеруде...
бейуақытта киім ілгіштегі күртең жерге түссе,
ескерту болар:
пиғыл, ниет дұрысталуы үшін...
...қоғамдағы адамдардың өзара топтасу әрекетінен маған:
дәрігерлердің адам өмірін сақтау үшін бірге консилиум жасауы,
мұғалімдердің бала тағдырын зорлық-зомбылықтан ашық қорғауы,
ғалымдардың адамзат қауіпсіздігі үшін кей идеядан бас тартуы,
спортшылардың қоғамда азаматтық позициясын айта алуы,
көлік жүргізушілердің жолға тап болған құстар мен аңдарға кезек беріп, тоқтауы секілді адамдығы,
құдайы болмысқа адалдығы ұнайды.
***
жапырақтар — жалын шарпып, піскен,
топыраққа дән емес, оқ түскен...
нан иісі аңқу керек үйден
қабырғалар қалып жатыр күйген...
жаратылған махаббаттан, нұрдан,
неге адамдар соғыс үшін құрбан?..
арасынан Аспан менен Жердің
тағы осындай бір қасірет көрдім...
... сен де маған сендің, адамзат,
мен де саған сендім:
— Келдім.
2022 ж, мамыр