10

Амантай Өтегенов: «АУДАРМА СҰЛУ ӘЙЕЛ СЕКІЛДІ...»


Қазақстан Жазушылар одағының, Халықаралық «Пен-клубтың» мүшесі, танымал ақын, аудармашы, журналист Амантай Өтегенов қазақтың Абай сынды данышпанынан бастап, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Тахауи Ахтанов, Қалтай Мұхаметжанов, Әбіш Кекілбаев секілді біртуар талантты жазушыларының шығармаларын орыс тілінде сөйлетіп, бөтен жұртқа танылуына үлкен үлес қосқан. Амантай қазақ жазушыларының 20 шақты романын аударыпты. Амантай шығармаларын тәржімалау кезінде жазушылармен қоян-қолтық араласа жүріп, олардың өзі қанық болған мінез-құлқына, адамгершілігіне, пендешілік қасиеттеріне қатысты сәттерден сыр шертеді.

 

— Амантай мырза, сіздің ақындығыңызға сөз жоқ, бірақ бізді бұл жолы аудармашылығыңызға байланысты мәселелер қызықтырып отыр. Аудармаға сізді жетелеген не нәрсе?

— Менің былай деп қалжыңдайтыным бар. «Өлең – менің нақсүйерім, журналистика әйелім, ал аударма мен үшін күтпеген жерден көзіме түскен сұлу әйЕЛ». Осы айтқаным рас, өлеңсіз тұра алмаймын, журналистикамен жан бағамын, ал аудармаға кейде еріксіз қол созамын. Бұл менің бір тілден екіншіге тәржімалау жұмысының бәсін түсіргенім емес, керісінше өзіңді өзің азапқа байлап бергенмен бірдей екенін айтқым келгені.

Анам қазақ тілі мен әдебиетінің маманы болғандықтан ба, орыс мектебін бітіргенмен, екі тілге де жаман болғаным жоқ. Әуелі өзге жұртқа Махамбетті орысша сөйлету арманым болды. Студент кезімдегі жолдастарым әлі күнге «Амантай футбол ойнап жүргенде «Хмурый, хмурый, хмурый день. Черной тучи, злая тень» деп жүретін» деп еске алып отырады. Бұл Махамбеттің «Мұнар да мұнар, мұнар күн, Бұлттан шыққан шұбар күн» дегені ғой баяғы. Сол студент кезімізде орыс курстастарыма мәтіндерді қазақ тілінен аударып беретінмін. Аудармаға осы жайттар баспалдақ болған болар, бәлкім. Ең алғашқы аудармам фантаст жазушы Әбдулхамит Мархабаевтың көлемі 4-5 баспа табақ болатын шығармасы, аты есімде қалмапты. Студенттер жазушылармен жақсы аралас-құраластықта болатын сол кезде. Бір күні Есенжол Домбаев Қалтай Мұхаметжанов ағамызбен таныстырды. 4-курста Қалағаң басқаратын «Жаңа фильмге» жұмысқа тұрдым. Сол жылы Қалтай Мұхаметжановтың «Қуырдақ дайын» пьесасы мен «Айман-Шолпан» киноповесін аудардым. Бұлар Алматыдан да, Мәскеуден де «Дар доброты» деген кітап болып басылып шықты.

— Қалтай Мұхаметжанов өте білімдар жазушы әрі әзіл-қалжыңның кені деседі. Сол кісінің дүниелерін аудару кезінде болған әдемі сәттерден есіңізге түсіріңізші.

— Талай жазушылардың жанына жақын барын көрдік аударманың арқасында. Солардың ішінде өзім Тахауи Ахтанов пен Қалтай Мұхаметжановты өмірдегі ұстаздарым деп есептеймін. Олардың әр сөзі үлгі, әр қимылы өнегенің өзі. Білім қандай, сол білімдерімен жан-жағындағылардың жанын нұрға шомылдыра білетін. Қалағаң ауыз әдебиетінің ешкім білмейтін үлгілерін біледі, жатқа соғады. Езуіңді жиғызбайды. Қалағаңның «Қыз бен Қожаның айтысы» дегені есімде қалыпты. Қыз: «Қожеке, ақын болсаң айтып берші, Жұлдыздар аспандағы нешеу екен?» деп сұрайды. Қожаның жауабы:

 Ас дәмін нан мен тұзды татқан білер,

Жол шаңын жол азабын тартқан білер.

Жұлдыздың аспандағы қанша екенін,

Бір білсе, шалқасынан жатқан білер.

Қалағаңның жұмысымен сол кезде Министрлер Советінің демалыс үйінде жаттық. Тахаң сонда «Шырағың сөнбесінді» жазып жатыр екен. Екеуі арадан қыл өтпестей тату дос еді. Тамақ ішіп болғаннан кейін, алма бақты аралап 1-2 сағат жүретін әдеттері. Сондайда айтылмайтын әңгіме болмайды. Әдебиет, мәдениет, саясат, әзіл-қалжың бәрі қамтылады. Тоғызыншы май күні де жұмыс істедік. Тамақ ішіп болған соң, Тахаңның даяшыға бүтін елу сомдықты қалтасынан шығарып төлегенін көрдік. Ол кезде бүтін елу сом дегенің ойдағы ақша, Қалағаң Тахаңа: «Таха, бүгін мереке емес пе, бір арман коньягын алмайсың ба?» деді. Арман коньягы деген де өте қат дүниенің бірі, дегенмен сол жердегі буфетте бар болатын, мені жүгіртіп жіберіп, өздері есік алдында күтіп тұр екен. Тахаң коньякты алуын алды, сосын: «Оу, Қалаға, Гитлерді жеңген мен сияқты едім, коньякты маған алдырғаныңызға жол болсын?» деді. Қалағаң сөзден жеңілді-ау деп ойладым мен іштей, ал ол езуіне әдемі күлкі үйіріліп: «Таха! Мүйізің шықса, сол Германияға кіргеніңде де талай арақты ішкен шығарсың-ау, көп болса мына жақта Қалтай бар еді ғой, Амантай бар еді ғой деп әкелген сарқытың болар» дегенде, Тахаң рахаттана күліп алды. Мен болсам Қалағаңның тапқырлығына таң қалдым. Мұндай адамдармен қатарласа жүріп қызмет жасау мен секілді жас жігітке үлкен бақыт еді, аударманың да азабы азаятын, рухани әлемім де байи түсетін. Қалағаң мінезі өте жайлы, рухы биік адам, қазақтың қара өлеңіндегі «Жақсының жанында өткен жарты сағат, Жаманның өтіп кеткен өміріндей» деген осы. Бір ғажабы, осындай ірі тұлғалар ізінен ерген інілерін қатты қадірлеп, өздерімен тең кісідей ұстайтын.

Қалтай Мұхаметжанов 50 жасында «Халықтар достығы» орденін алған жазушы. Өзі «Тодор Живковтан кейін алған мен» дейді, соған қарағанда, бір сыры бар шығар, бос сөйлемейтін адам ғой. Сонда академтеатрда үлкен шығармашылық кеші өтіп, онда Әбдіжәміл Нұрпейісов баяндама жасады. Ел басшысы Дінмұхамед Қонаев өз үйінде жазушыны қабылдау үстінде: «Сен туралы баяндаманы Нұрпейісов емес, Жазушылар одағының хатшысы Әнуар Әлімжанов жасауы керек еді ғой», — депті. Сонда Қалағаң: «Әнуар Әлімжанов мен өлгенде некролог (қазанама) жазуы мүмкін, бірақ баяндама жазуы мүмкін емес», – деп күлдіріпті. Ащы қалжың, ащы да болса жазушылар арасында әртүрлі жікшілдікке берілген баға деп те есептеуге болады.

— Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романын аударғаныңызды білеміз. Келбеті келіскен, бетің бар-жүзің бар демей бетке тіке айтатын мінезі бар жазушы Тахаң жайлы да көзі кеткеннен кейін әркім әртүрлі әңгімелер айтып жүр ғой. Өзіңізбен істес болған кездерден есте қалған тағы не бар?

— «Өлі арыстаннан тірі тышқан артық» дейді данышпан халқымыз. Пілге үрген кәндендей кейбіреулер асылдың бағасын асырмаса, түсіре алмайды деп ойлаймын өз басым. Артында «Қаһарлы күндер», «Боран», «Ант», «Шырағың сөнбесін», т.б. секілді керемет шығармалар қалдырған Тахаң өз шығармалары тәрізді кесек мінезді, жаны өте нәзік, сері, сақи адам еді. Ол кісімен жұмыс жасау рахаттың рахаты. Бір сағат жұмыс жасаймыз, екі сағат әңгімелесеміз. Әлі есімде, «көпті көрген көнелер» деген тіркесті аударғаным ақыры Тахаңның көңілінен шықпай кетті. Әр сөзінде мән бар. «Фадеевтің Варясы, былай қарағанда, қолдан қолға өтіп жүрген арзан әйел сияқты, ал, шынында, оның жүрегі толған пафос» десе бірде, енді бірде «Кемеңгердің ішінде де ит өліп жатады» деген мәтелі бар-ды. Жүзі ашық адам, өзіне ұнамағанды күңкілдеп сыртынан емес, мінбелерде күркіреп тура айтатын. Кезінде жүзіне тура қарауға тайсалғандар бүгінде арзан әңгімемен қадірін кетіргісі келетіні күлкілі.

Тахаң сұлулыққа сүйсіне білетін адам еді, сұлуларды да жек көрмейтін... Тахаңның өздігінен ізденіп көп оқығандығын, оқуға да ештеңе қарап тұрған жоқ, шынайы талант екендігін таныта түсетін мына бір әңгімені айтқым келеді. Тахаң бір кезде Леонардо до Винчидің «Мадоннасы» туралы «Литературная газетада» үлкен мақала берген, бұл мақаласы Одақ көлеміндегі белгілі деген өнертанушыларды, қылқалам шеберлерін тәнті етіп, таң қалдырған деседі. Тахаңның өнерді терең түсінгендігін осыдан-ақ аңғаруымызға болады. Осындай адамдардан тәлім-тәрбие алған адамның жаман болуға хақысы жоқ деп ойлаймын.

— Иә, Тахауи Ахтанов, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шынайы дос-жар адамдар болғаны баршаға аян. Сіз Әбдіжәміл Нұрпейісовтің жиырма жыл бойы жазған «Соңғы парыз» деген үлкен шығармасын тәржімаладыңыз. Қанша уақытыңыз кетті, қызығып, құнығып аудардыңыз ба? Сырт қараған адамға жұмбақ көрінетін жазушымен жұмыс кезінде қиын болған тұстары болды ма?

— Мен Абай атамның жасында, қырықтың үстіне шыққан кезімде оның өлеңдерін аудардым. Ешкімнің тапсырмасымен емес, өз жүрек қалауыммен. Абайды аудару үлкен сын. Көңілің анау-мынауды місе тұтпайды, өзіне үлкен талап қоясың. Өзіме өзім «Абайдан соң аударма дегенді қоямын, тек өз өлеңіммен боламын» деп іштей серт бердім. Сөйтіп жүргенде Әбекең Алматыдан іздеп келді, қоярда-қоймай айтқанына көндірді. Өзімнің бағамды көтерейін деп айтып отырған жоқпын. Әбекең сияқты өте талғампаз, кіді адамның дүниесін аудару оңай емес екенін біліп біраз бұлғақтадым. Қоймады ақыры. Бұл аудармаға үш жыл уақытым кетті.

Әбекең басқа жазушылардай емес, жұмысқа беріліп кеткен адам. Менен 17 сағат бойы тапжылмай жұмыс істеуді талап етеді, әрі өзі де сенімен бірдей жұмыс істейді. Бір сөйлемнің 17-20 нұсқасын жасаймыз... Бұл кісінің талғампаздығын, жауапкершілігін осыдан-ақ байқар, оқырман. Бұл шығарманы Әбекең екеуміз біресе Қызылордада, біресе Алматыда, біресе Ақтөбеде жүріп аудардық. Мен де қылшылдан тұрған жас емеспін, кейде жұмыстан шаршап кетемін. Темекі шегіп, арасында анда-мында кіріп-шығып жүріп аламын. Сіркем су көтермейді. Қызылорда әкімінің резиденциясында жатқан кезіміз. Әбең менің сол аз-кем қимыл-қозғалысымды да ұнатпады. Бір күні: «Амантай, осы сен қызықсың, біресе темекі тартасың, біресе анда кіресің, біресе мында кіресің» деп кейіді. Мен де жүйкем жұқарып тұрған адам, шырт ете қалдым. Ашуланып жатқан 10 минутта ойыма келгені: «Болды, бұдан әрі жұмыс істеу мүмкін емес, кетем!» «Алматы-Ақтөбе» поезына үлгеріп міндім де, жүре бердім. Содан шынымен-ақ Әбеңмен жұмыс істеуден қаштым. Бірақ Әбең соңыңа түскесін қоя ма, Ақтөбеге дейін келіп, қайта көнбесіме амал қалдырмады. Содан мен өз шартымды қойдым: «Алты күн 12 сағат жұмыс істеймін, бір күн демаламын, сізден бөлек тұрамын». Әбең келісті, сөйтіп романды аударып шықтық-ау. 12 сағат жұмыстың өзі жиырма төрт сағат қара жұмыспен бірдей ғой, әбден жүйкеледім. Дегенмен Әбең риза. Жұмыстың нәтижесі адамға қанат бітіреді екен.

— Әбдіжәміл ағамызды ақшаға келгенде қатты, сараң адам екен дегенді естіп қаламыз, сіз жақсырақ білесіз ғой, қаламақы бергенде ренжіткен жоқ па?

— Жұрт айта береді ғой. Маған сараңдық жасаған жоқ. Тіпті көшеде газет сатып жүрген келіншектерді көргенде аяп, «Қайтсін, күнкөрістің қамы ғой» деп, артығымен ақша тастап кетеді. Қатты ден қалай айтасың сондай адамды?

Әбеңнің досқа адалдығы туралы айта кетейін. Тахаң өмірден озғаннан кейін, Әбең Ақтөбеге әдейі келіп, облыстың бірінші басшысына кіріп, мен қасына еріп жүрдім, Тахаңның басын қарайту үшін 2 миллион теңгеге жуық ақша керектігін айтты. Бірінші басшы азамат екен, сөзге келген жоқ, сұрағанын берді, Тахаңның өз атағы өзіне жетеді ғой, дегенмен «өзі жоқтың көзі жоқ» дегізбейтін Әбеңдей адамның болғаны тіпті жақсы екен-ау деп ойлаған мен: «Әбе, өзің кеткеннен кейін жоғыңды іздеушің болған қандай жақсы!» – дедім. Әбең: «Иә, ондай адам керек-ақ. Өз басым Әбіш бар ғой деп ойлаймын», – деді.

— Әбіш ағамызды айтып қалдыңыз. Әбіш Кекілбаевтың шығармасын аударып көрдіңіз бе?

— Иә, «Үркерін» аудардым. Бұл 1981-83 жылдар, жастау кезім. Әбекең Орталық Комитетте мәдениет және әдебиет бөлімінің меңгерушісі. Келіп-кетіп жүріп аудардым Ақтөбеден. Әбіш ағамның тарихи дүниесін аудару кезінде көптеген тарихи шығармаларды оқуға, ізденуге тура келді. Мысалы, Шоқанның «Вооружение казахов» деген шығармасымен таныстым. Өте терең ақыл-ой иесі бұл шығарманы тарихи романдағы Әбілқайыр, Бөкенбай тәрізді тұлғаларға қатысты терістеу түсініктерді сейілту үшін жазды деп есептеймін. Кейін «Әйтеке би» очеркін аудардым.

— Әбіш – жоғары қызметте жүрген жазушы. Қатардагы адамдарға қарым-қатынасы қалай екен?

— Ол – үлкен жүректі жазушы. Сондықтан ұсақ мінездің де адамы емес. Өткенде Астанаға бір досыма барып қайттым. Әбекеңе кіріп шықсам қалай болар екен деп ойлағам. Ағамыз менің аты-жөнімді айтқанда, бір сөзге келмей-ақ қабылдап, жарты сағаттай әңгімелесуге уақыт тапты. «Үркерді» аударып жүрген кезімде: «Аға, қаламым тез жүруі үшін алдын ала қаламақы төлеп қойсаңыз дұрыс болар еді», – дедім. Сөзге келместен қолыма 2 мың сомды ұстата салды. Мәрт адамның мінезі. Жалпы өте бауырмал, кең пейілді адам деп таныдым.

Жалпы аударма арқылы талай жақсылармен үзеңгі қағыстырдым, көп үйрендім. Жеке шығармашылығыма обал жасамаййын деген оймен қояйын-ақ деп келем. Болмайды-ау бірақ...

Бұл жазушылардан басқа Бексұлтан Нұржекеевтің «Күтумен өткен ғұмыр», Есенжол Домбаевтың «Жаман Жәутік» кітаптарын орысшаладым.

Поэзия – бөлек әлем... Әзірге осымен доғаралық.

 

Сұхбаттасқан: Ардақ ҚОНАҚБАЕВА

«Ақтөбе» газеті, 16 қараша 2000 жыл.