Танзаниялық жазушы Абдулразак Гурна 2021 жылы «Отаршылдықтың салдары мен босқындардың тағдырын мәдениет пен құрлық арасындағы тұңғиықта ымырасыз және жанашырлықпен бейнелегені» үшін әдебиет бойынша Нобель сыйлығын иеленді. «Оның романдарында стереотиптік сипаттама жоқ және олар бізге, көпшілікке белгісіз Шығыс Африканы ашты», - делінген комитет хабарламасында.
Абдулразак Гурна – 1948 жылы Занзибарда, Шығыс Африка жағалауында дүниеге келген. Ол бастауыш білімін ағылшын мектептерінде алды. Бала кезінен Құран курсында оқып, араб тілін үйренді.
Гурнаның ана тілі – суахили. Жас кезінде ол Занзибар көтерілісінің (1964) және социалистік режим орнатқан зорлық-зомбылық жылдарының куәсі болды. 1968 жылы Англияға келді. Ол жоғары білімді Кент университетінде алды. Жазушы докторлық диссертациясында (1982) Шығыс Африка, Кариб теңізі мен Үндістан әдебиетіндегі отаршылдық тақырыбын талдады және постколониалдық әдебиетті зерттеді.
1987 жылы жазылған «Кету туралы естелік» атты алғашқы романында ол Африка елінде жастық шағында елден кеткен Хасан бейнесін колониядан кейінгі тұлғалық проблемалар тұрғысынан бейнеледі. «Кезбелер жолы» деп аталатын екінші романында (1988 жылы) Англияға, жақсы өмір сүруге үміттеніп келген Танзаниялық Дэвид иммигранттармен қарым-қатынасының нәтижесінде паранойяны бастан кешіреді және оны жоюдың жолын іздейді. «Дотти» (1990 жылы) романында да осы мәселені көтереді.
Ал, «Жұмақ» (1994 жылы) туындысында Гурна Құранда айтылатын Жақыптың ұлы Жүсіптің тарихын 1900-1914 жылдар аралығында Шығыс Африканың бейнесінде жазады. Автор Африкадағы құлдық, тарихты бұрмалау және исламофобия сияқты колониялық сөйлеу стереотиптерін талқыласа, Жүсіптің әңгімесі бір жағынан деспотизм, екінші жағынан отаршылдықты сынау сияқты қос функцияға қызмет етеді.
«Теңіз жағасында» (2001 жылы) романында империялық білім мен Африканың жергілікті әдет-ғұрпы арасындағы парадокстарға сүйенеді. «Тыныштықты сүю» (2018 жылы) шығармасында Ұлыбританияда үйленгеннен кейін өз Отанын тастап мұғалімдік қызметке кеткен Занзибарлық диссидент туралы баяндайды.
Романдардан басқа, Абдулразак Гурна Сальмон Рушди, Энтони Берджес, Джозеф Конрад, Видихадар Сураджпрасад Найпол, Зое Викомб сияқты авторлар туралы жазылған бірқатар әдеби-сындық шығармалардың авторы.
ГУРНА ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА АРҚАУ БОЛҒАН ЗАНЗИБАР:
ЖЕР АУДАРЫЛҒАНДАР ТАРИХЫ ЖӘНЕ ЭТНИКАЛЫҚ ҚАҚТЫҒЫСТАР
Абдулразак Гурнаның шығармашылық өмірінің ішкі мәніне үңілсек, макроафрикалық тарихтың артында, тарихи қуғын көрген көптеген адамдар бар екенін аңғарамыз. Занзибар төңкерісінен кейін ол не арабты не Африканы таңдауы керек еді. Алайда, Гурна үшінші бір шығар жол ретінде Занзибарды таңдады. Гурна шығармашылығына арқау болған Занзибар тарихын – Африкадағы және әлемдегі көптеген әлеуметтік әрі саяси мәселелердің микрокосмосы ретінде қарастыруға болады. Отарлық кезеңдегі Батыстың ықпалы және ағарту жүйесінің шекпенін жамылған «жергілікті дәстүрлерді құрметтеу» деп аталатын британдық басқару моделі арқылы, Африкаға Батыстың нәсілдік парадигмасын енгізді, Занзибардағы этникалық зорлық-зомбылықтың негізгі себебі де сол болды. Сонымен қатар, Гурна сияқты тұлғалардың есімі, саяси өзгерістерге байланысты еленбей қалуына әкеп соқты. Сондықтан, Африка парадигмасындағы Африканы түсіну – мәдениетке, тарихқа деген құрмет болары хақ.
Есте жоқ ескі заманда, көгілдір Үнді мұхитының қақ ортасында, әлем тарихынан ойып орын алған шағын арал болған. Бір кездері ол – Үнді мұхитындағы саудааралық станциясы болған, дәл сол жерден Дұңғанның атақты жиһангері Чжэн Хе (Zheng He) Атлант мұхитына сапар шеккен. Сондай-ақ, Оман империясының астанасы, суахили мәдениетінің шоғырланған жері әрі қырғи-қабақ соғыстың ең ауыр кезеңінде «Шығыс Африка Кубасы» атанып, «Өркениет» ойыншыларының мәңгілік сүйікті коммерциялық қала-мемлекеті болған. Тарих бетінен өшіп бара жатқан «Занзибар» дейтін географиялық термин, 2021 жылғы Нобель әдебиет сыйлығының арқасында, көпшілік назарына қайта ілікті.
Гурнаны танзаниялық жазушы десек те, ол Занзибарда өсіп, Англияда тұрды. Оның жасағаны – біздің дәстүрлі мағынадағы африкалық мәдениеттің бейнесі емес, қайта бөтен елдегі африкалық болмыстың көрінісі. Гурна шығармашылығына арқау болған тарих – Африканың төл тарихы емес, күңгірт санасындағы Африка жайлы түсінігі. Тіпті Танзанияның әдеби орталарында Гурнаны танзаниялық жазушы емес, занзибарлық деп ойлайтындар бар. Гурна Занзибардан 1967 жылы ғана кетті, сол тұста Танганьика мен Занзибар қосылып Танзания болып жариялаған болатын. Ал кейбір танзаниялық қаламгерлердің Гурнаны тек Занзибарлық жазушы деуіне не себеп?
Себебі, Танзания 1964 жылы аты шыққан елге айналса да, 1972 жылы Занзибар Президенті Карумның өліміне дейін, Занзибар мен Танзания материгі арасында ерекше байланыстар бола қойған жоқ. Занзибар әлі де салыстырмалы түрде тәуелсіз әкімшілікті сақтаған. Карум: «Одақ деген – пальто, мен оны суық кезде ғана киемін, жай кезде шешіп қоямын», - деген екен. Бұл сөз – сол кездегі одақтастықтан кейінгі Танзанияның ішкі қарым-қатынасының шынайы бейнесі еді. Сондықтан Гурна шығармашылығына арқау болған тарихи мәселелерді түсіну үшін әлі де Занзибар тарихын зерттеу қажет. Соның ішінде ең бастысы – Занзибар тәуелсіздігі мен 1964 жылғы 12 қаңтардағы Занзибар революциясының тарихын түсіну де аса маңызды.
Занзибар революциясының тұтануы өте тез болды, көтерілісшілер бір түннің ішінде Занзибардың әкімшілік орталығы Стоун-Таунды басып алды. Бұл Шығыс Африка тарихындағы үкіметті күшпен құлатқан алғашқы саяси әрекет болды. Занзибар революциясынан кейін Афро-Ширази партиясы мен Умма партиясы бірлесіп құрған Занзибар революциялық үкіметі социалистік жол бағытында реформа жасай бастады. 1964 жылдың қаңтарынан сәуіріне дейін Занзибардың революциялық үкіметі жариялаған революция, социализмнің реакцияшылдарға қарсы жасаған әлеуметтік революциясы болды. Алайда, сол жылы сәуір айында, Занзибар революциялық үкіметі социалистік идеологияны ұстанған Умма партиясының жетекшісі Абдулла М.Варитетті қуып шықты, сөйтіп, Занзибардың революциялық үкіметінің идеологиясы өзгерді. Олар енді революция арқылы құлатқан Занзибар коалициялық үкіметін «Арабтар ұлттық тәуелсіздіктің жемісін ұрлап жатыр» деп бағалап, шетелдік режим ретінде сипаттады, ал революция негізінде Занзибарды отаршылдық пен шетелдік езгіден азат еткен болатын. Бүгінгі таңдағы қалыптасқан тарихи құрылыс моделіне сәйкес, Занзибар Ұлыбритания мен Арабияның Қос отарлауында. Арабтар жоғарғы тап өкілі, ал африкалықтар ең төменгі жіктің өкілі ретінде қаралады. Революция отаршылдыққа қарсы екенін білдірді, сайып келгенде зияткерлік топтардың қайталанатын дискурсында, африкалық ұлтшылдық үстемдік ететін ұлт-азаттық қозғалысқа айналды. Алайда, бұл модельде, бір кездері Занзибарда үстемдік еткен Ширазилерге орын жоқ еді.
Ал Занзибардағы Ширазилер кімдер?
Занзибар тарихында, онда тұратын адамдар әрқашан аралас нәсілді этносаралық некеде болған, суахили мәдениетін ұстанған этникалық топтар жалпы түрде Занзибардың «Шираз халқы» деп аталады. Басқаша айтқанда, олар Занзибарда тұратын жергілікті тұрғындар. Осы тұрғыдан алғанда, Занзибарда дүниеге келген Гурна, шын мәнінде ширазилердің өкілі.
ХVІ ғасырға дейін Занзибардағы Шираз халқы біртұтас Орталық әкімшілік жүйеге бағынбайтын тәуелсіз ел болған. Олардың ата тегі туралы «Парсы Шираз аймағы» дейтін аңыздан байқауға болады. Басқаша айтқанда, Занзибардағы шираздықтардың шығу тегі саяси жүйенің қиялынан туындаған «қосалқы мүлік».
Занзибардың байырғы халқы тарихта нәсілге бөлінбеген, ислам мәдениетінің өкілі. Бұл іс жүзінде Занзибардың мәдени ерекшелігі, яғни жергілікті халық өз болмысын нәсілге бөлмейді. Тарихи тұрғыдан, Занзибардың тұрғындары аралас қанды болған. Батыстық мағынадағы нақты нәсілдік ерекшелік жоқ. ХХ ғасырдың басында, Занзибар британдық протекторат болғаннан кейін, британдық колонизаторлар билік жүргізу ауқымын күшейту үшін Занзибарды этникалық ерекшелігі бойынша ажырату керек болды, оның ішінде Шираз халқының бөлінуі де бар еді. Занзибар нәсілдік санатындағы арабтар, үндістер және африкалықтар негізінен британдық отаршылдықтың идеологиялық құрылымдары болды. 1920 жылдардан бастап Шираз халқының идентификациясы үш бөлікке (Хадим Шираз, Тумбату Шираз және Пемба Шираз) бөлінді. Бір ұлтты мұндай жікке бөлу саяси метафоралық түс алғанымен, айтарлықтай қайшылық болған жоқ. Шираздықтар бастапқыда арабтар мен африкалық қара нәсілділерден ерекшеленетін Занзибардың байырғы тұрғыны (Африка құрлығынан келген, Занзибарда тумаған, бірақ осында көшіп келгеннен кейін белгілі бір уақыт осында тұрған адамдар). Кейінірек Шираз үш бөлікке бөлінді. Бұл Занзибардың билігін жеңілдету үшін британдық отаршылдық кезеңге берілген кездің анықтамасы болатын. Алайда, мұндай тұлғалық шекараның мәні болған жоқ. Бірақ олар Занзибардың «саяси дәуірінің» сайлау процесі кезінде өзіндік саяси сәйкестікке ие болды.
Занзибардың 1957 жылғы бірінші сайлауынан бері жалғасып келе жатқан қақтығыстар, саяси сәйкестіктердің ойдан шығарылған нысаны болды. Бұл сонымен қатар, осы барлық проблемалардың тарихи түпкі себебін ашты – неге 100 жылдан астам уақыт бойы саяси тұрғыдан тұрақты болған Занзибар, 1957 жылдан 1964 жылға дейін бірнеше жыл ішінде зорлық-зомбылық алаңына айналып, жеккөрінішті халге жетті?
Занзибардың «Саяси дәуірі» және ұлтшылдықтың екі түрі
Занзибар тәуелсіздігінің тарихында 1957 және 1964 жылдар аралығында Занзибар ұлтшылдары мен африкалық ұлтшылдар арасында қарқынды партизандық соғыс жүрді. Міне сол кезең «саяси дәуір» (суахили Зама за Сиаса) деп те аталды. «Африкалық ұлтшылдық» негізінен қара африкалықтардың ұлтшылдығына қатысты. Оның жалпы эмоциялық проекциясы этникалық топ емес, ел де емес, нәсіл. Бұл Африканың көптеген аймақтарында отаршылдық кезеңде ұлттық егемендік ұғымы болмағандығымен түсіндіріледі. Сондықтан ұлтшылдықтың бұл түрі Шығыс пен Батыста бар ұлтшылдықтан айырықша ерекшеленеді. Сұлтандық құрылғаннан бері Занзибар халқында ұлттық атрибуттары бар мұраты болды (Сұлтандық, жоғарғы билеуші. Сұлтан мен Африка еліндегі Судан жиі айтылып жатады. Сұлтан дұрыс аударма. Судан тек Африка елдері Судан мен Оңтүстік Суданды білдіреді).
Занзибардың «саяси дәуірінің» жеті жылында төрт сайлау болды, ал 1961 жылы Заң шығарушы кеңес сайлауында бірдей нәтижелерге байланысты бір жылы екі сайлау болды. Алайда, сол кездегі Шығыс Африка отарынан айырмашылығы, Занзибарда африкалық ұлтшылдар және Занзибар ұлтшылдары дейтін екі түрі ұлтшылдар болғандықтан, 1957 жылдан бастап аралдағы барлық сайлау нәсілдің, мәдениеттің және аясы тар ұлтшылдықтың өзара ықпалына түсті. Тәуелсіздік алғанға дейінгі төрт сайлаудың нәтижесі Занзибарды бейбіт түрде тәуелсіз ете алмады, керісінше оны тұрақсыз саяси жағдайға түсірді. Сонымен қатар, Занзибардағы соңғы төңкерісті тудырды.
Занзибар ұлтшылдары ең алғаш болып бас көтерді, бұған себеп болған Екінші дүниежүзілік соғыс тұсындағы Африка елдерін «шомылдыру» рәсімі еді. Занзибардағы ұлтшылдықтың күшеюі африкалық ұлтшылдықпен және шетелде оқыған арабтармен байланысты болды. Занзибардағы Британдық консул Сэр Генри Поттердың ойынша: «Араб ұлтшылдарының басшылары Африка құрлығындағы ұлтшылдардың жетекшілеріне ұқсайды, өйткені екі жақ та бостандыққа баса назар аударады. Бірақ тарихы ұзақ арабтар мұны онша ұната қоймады, олардың мүдделері африкалықтардан басқаша екенін алға тартады». Дегенмен, арабтардың аға буын өкілдерінің қарсылығына бола, Занзибар ұлтшылдық тенденциясы азайған жоқ, Занзибардағы Араб бірлестігі шетелден оралған жас арабтарды, соның ішінде араб корольдік отбасы мүшелерін де үнемі өзіне тартып отырады. Насердің Египет революциясынан шабыттанған бұл араб зиялылары отаршылдыққа, империализмге қарсы ұрандар көтере бастады. Занзибар ұлтшыл партиясының негізгі мүшелері араб қауымдастығынан. Олардың ішінде Али Мухсин мен Амур Захор жергілікті саяси партияларды өзгерту арқылы Занзибар ұлтшылдарын бір жерге жинай алды, әрі Занзибар Ұлттық партиясын құрды. Олардың негізгі саяси талаптары – ересектердің сайлау құқығына ие болуы, заң шығару кеңесіндегі нәсілдік жағынан бөлінген өкілдікті жою, Занзибар сұлтандығына дереу тәуелсіздік бергізу болатын. Занзибар Ұлттық партиясы әуел бастан Британдық колонизаторларға қарсы болды деуге болады.
Занзибардың тәуелсіздік үшін этникалық шеңберден шығудағы ұлттық дайындығы британдықтарды алаңдата бастады. Ағылшын отаршыл үкіметі Занзибар Ұлттық партиясына қарсы тұратын, Ұлыбританияға адал партияларды топтап, Занзибар ұлтшылдығын тежеуге кірісті. Занзибардағы африкалықтар басқарған Афро-Ширази партиясының эмбриондық формасы ретінде – Афро-Ширази одағы астыртын құрылды.
Занзибар екі үлкен аралдан және көптеген кішкентай аралдардан тұрады. Екі үлкен аралдар – Венуджа аралы және Пемба аралы. Негізінде, Занзибар Венуджа аралына қарасты. Пемба аралы Венуджа аралындағы Стоун Таунның саяси орталығынан алыс болса да, Пембаның Шираз халқы қара нәсілді африкалықтармен немесе арабтармен араласуға қарсы. Пемба Шираз басшыларының күшті қарсылығына байланысты Афро-Шираз альянсы тек осымен дараланса керек.
1957 жылы Занзибар өзінің алғашқы сайлауын өткізді. Құрылғанына бір айдан сәл ғана асса да, Афро-Шираз коалициясының рейтингі Занзибар Ұлттық партиясынан да жоғары болды. Кейіннен Афро-Шираз партиясы ресми түрде құрылды.
1957 жылы Занзибар Ұлтық партиясының толық жеңілуі араб қауымдастығы арқылы партияның дәстүрлі саяси үстемдігіне қауіп төндірді. Өткен тәжірибеден сабақ алған Әли Мусин сайлауда жеңіске жету үшін, ұйымға бағынған әрі тәртіпті заманауи партияға сүйену керектігін түсінеді. Ең маңызды қадамдардың бірі – Ұлыбританиядағы Бабудан Занзибар Ұлттық партиясын қайта құруды сұрау керек болды. Бабу – Занзибардағы африкалық марксистердің отаршылдыққа қарсы күреске қатысқан алғашқы өкілі еді. Бабудың ойынша, Занзибардың саяси партияларын реформалаудың бағыты өте айқын. Занзибардың болашағы екі саяси бағытта жүреді: біріншісі – панафрикандық бағыт, екіншісі – Қытайдың революциялық бағыты. Бабудың мақсаты – Занзибар Ұлттық партиясын елді отаршылдыққа қарсы біріктіретін бұқаралық партияға айналдыру болатын. Ол барлық этникалық топтар мен таптардың өкілдерін отаршылдыққа қарсы тұру үшін оларды біріктіруге тырысты, сонымен бірге нәсілдердегі таптық айырмашылықтардың шындығын және Занзибардың тәуелсіздігін, социалистік дамумен біріктіру мақсатында жұмысшы табы мен кедей шаруаларды біріктіру қажеттілігін де атап өтті. Нәтижесінде Занзибардың Ұлттық партиясы сол кездегі социалистік елдерден қолдау таба бастады.
1958 жылы Занзибар Ұлттық партиясы мен Африка-Шираз партиясы алғаш рет біріктіріліп, екі партия да «Занзибар бостандығы комитетін» (Zanzibar Freedom Committee) құрды. Алайда, қуаныш ұзаққа созылмады, 1961 жылы сайлаудың екінші кезеңі жарияланып, министрлік жүйесі енгізілді, яғни сайлау нәтижелері тәуелсіздік алғаннан кейін үкіметтің құрылуына әсер ете алды. Сонымен, екі партия 1957 жылғы сайлау алдындағы шиеленісті жағдайға қайта оралды.
1959 жылы Афро-Шираз партиясынан Пемба Шираз партиясы ұжымдық түрде кетті. Бұл оқиға тікелей Африка-Шираз партиясының бөлінуіне және Занзибар Пемба халықтық партиясының құрылуына әкеп соқты. Пемба халықтық партиясының құрылуы да Афро-Шираз партиясының Шираздан бөлінуінің нәтижесі болды. Занзибар Ұлттық партиясы үшін Бабудың партия ішіндегі беделінің артуы, Мусин мен Бабу арасындағы қайшылықтың партия ішінде көміліп қалуы, екеуінің арасындағы басқа да қайшылықтар, тек саяси құқықтар үшін ғана емес, одан да маңыздысы Бабу әкелген социалистік идеология Мусин насихаттап жүрген Занзибар ұлтшылдығына қайшы келді.
1961 жылғы екі жалпы сайлаудың нәтижесі бойынша, Занзибар Ұлттық партиясы Пемба халықтық партиясының қолдауына ие болып, жалпы сайлауда жеңіске жетті. 1961 жылғы жалпы сайлау Занзибар Ұлттық партиясына, Занзибар тәуелсіздік алғанға дейін және одан кейін де саяси бастама берді, бірақ олар сонымен бірге үлкен зорлық-зомбылық қақтығыстарды да тудырды. Африкалықтар жиі қоныстанған Нгебо аймағында жалпы 10 адам қаза тапты, одан басқа 15 адам ауыр, 63 африкалық және 79 араб жеңіл жарақат алды. Зорлық-зомбылыққа қатысты Үкімет комиссиясы: «Занзибар халқы 1957 жылғы шілдедегі бірінші жалпы сайлаудан кейін, ақпараттық арандатушылықтың себебінен азды-көпті зардап шекті... Дәлел ретінде біз саяси партиялардың бұқаралық ақпарат құралдары деп атауға болатын бірнеше жағдайды келтірдік. Кейбір елдерде ақпараттық арандатушылыққа жол бермеу практикалық нәтиже бермеуі мүмкін, бірақ Занзибардағы жағдайда отты көсеуге өлшеусіз рөл атқарды деп санаймыз». «Ақпараттық арандатушылық», бұл – комитет төрағасы сэр Фостер Фостер-Саттон жасаған термин. Оның пікірінше, Занзибардағы қақтығыстар сайлау алдында екі жақтың зиялыларының шамадан тыс саяси үгіт-насихатына байланысты болған. Бұл қатыгез оқиға – Занзибар тұрғындарының саяси партиялардың үгіт-насихатының әсерінен туындаған зорлық-зомбылықтың микрокосмосы болып табылады. Бұл – этникалық қақтығыс емес еді, бірақ ақырында Афро-Шираз партиясы оны Занзибар Ұлттық партиясын қолдайтындарды қорқыту үшін жасалған этникалық проблема деп қарастырды.
Афро-Шираз партиясының саяси қатерімен айналысқан Мусин, сонымен бірге Афро-Шираз партиясының саяси қатерімен де айналысты. Мусиннің талабы бойынша Занзибардың британдық отаршылдық Үкіметі өртеу бабы бойынша Бабуды 18 айға бас бостандығынан айырды. 1963 жылы 29 сәуірде Бабу босатылды. Занзибар тәуелсіздік алғанға дейін Занзибар Ұлттық партиясының ішіндегі қайшылықтар ақыры бұрқ етіп тұтанды. Егер Афро-Шираздың бөлінуі африкалықтар мен Шираз арасындағы этникалық келіспеушіліктерге байланысты болса, онда Занзибар Ұлттық партиясының ішіндегі күрес Бабу мен Мусин арасындағы идеологиялық даудың нәтижесінде пайда болды.
1963 жылы маусымда Бабудың Занзибар Ұлттық партиясынан бөлініп кетуін жариялауының бірден бір себебі, Бабу өзінің дара билігі мен дискурстық билігін біріктіргісі келді, Занзибар кәсіподағын Заң шығару жиналысында 6 қауіпсіз орынға ие етуге тырысты, ал Мусин ұсынысты қабылдамады. Осылайша, 1963 жылы маусымда Бабу Занзибар Ұлттық партиясынан шыққанын жариялады және өз бетінше Умма партиясын құрды. 1963 жылдың шілдесінде Бабу Афро-Шираз партиясымен саяси одақ құруды таңдады.
1963 жылы Занзибарда соңғы сайлау өтті. Занзибар Ұлттық партиясы мен Занзибар Пемба халықтық партиясының саяси альянсы жеңіске жетті. 1963 жылы 10 желтоқсанда Занзибар үкіметі тәуелсіздігін жариялап, Занзибар коалициялық үкіметі құрылды. Занзибардың «саяси дәуірі» дамуының маңызды ерекшеліктерінің бірі – Занзибар қоғамының қос ұлтшылдықпен екіге бөлінуі. Отаршылдық биліктен бас тарту, автономияға қол жеткізуге деген жалпы ұмтылыс және осы мақсаттарға жетуге деген ұзақ мерзімді күш-жігер, Занзибарлар арасында үлкен қолдауға ие болған жоқ. Шын мәнінде, Занзибардың қос ұлтшылдығы Занзибардағы қоғамдық тәртіпті былықтыра түсті. Соның нәтижесінде тәуелсіздік алғаннан кейін бір айдан кейін Занзибар революциясы болды.
Танганьика Занзибар революциясынан кейін көп ұзамай Занзибармен біріктірілді – революция Танзанияның бірігуіне мүмкіндік берді. Занзибар президенті (Тіпті Танзания одағынан кейін де Занзибар әлі күнге дейін президенттің нақты орнын сақтап қалды) Карум әкімшілік жолдармен Шираз өкілдерін Занзибар саясатына араластырмауға тырысты. Гурна өзінің 1967 жылы Занзибар туралы «Қоштасу естелігі» (Memory of Departure) атты тұңғыш кітабында: «Нәсілшілдік туралы сұрақтарға жауап беруден бас тарту – британдықтарды менсінбеу, бірлік пен ұлттық мәртебеге деген сенім. Ал қазір жауап бермеу – қылмыс» деді. Занзибар проблемасы – еуропалық отаршылдық кезіндегі нәсілдік құрылыстан туындаған қарама-қайшылық. Танзания одағынан кейін Занзибардың нәсілшілдіктен асып түсетін социалистік факторы ыдырап, нәсілдік мәселенің ұшығы Занзибарға қайта тиді. Бұл тек Занзибар ғана емес. Күшті нәсілдік ксенофобия – материктік Танзанияда, Угандада және басқа жерлерде, әсіресе үндістерді шетке қағу тұрғысынан да көріне бастады.
Карум Занзибардың тәуелсіздік кезеңі елеулі саяси қайшылықтарға әкелгенін және біртұтас бірегейлік этникалық алауыздықты жоюдың ең жақсы жолы екенін жақсы білген. 1970 жылы қаңтардағы жаппай митингіде Карум: «Шираз жұрты Занзибардың заңды мұрагері емес» деген тақырыпта сөз сөйледі. Бұл сөзінде Карум Шираз халқының әлеуметтік мәртебесі ағылшын отаршылдық үкіметінің Занзибарда бөлімшелер құру үшін әдейі ойлап тапқанын айтты. Осылайша, Занзибардың Шираз халқы тарих бетінен ғайып болды.
Африкалықтар мен арабтардан бөлек занзибарлық болу мүмкіндігі бар ма?
Занзибар үкіметінің әкімшілігі біртұтас болды, осылайша Шираз халқының әлеуметтік дәрежесі ақыры африкалықтардың қатарына қосылды, ал Занзибардың саясаты бинарлық құрылымға – африкалықтар мен арабтардың қарама-қайшылығын жеңілдетіп берді. Тарихи дискурсты қайта құру кезінде, Занзибар революциясының басында адамдардың 42%-ы өздерін Шираз деп атады, ал 1980 жылдардың басында бұл сан 20%-ға дейін төмендеді. Ширазиттердің басым көпшілігі өздерін африкалықтар деп санайды. Танзания 1990 жылдары бірпартиялық жүйеден көппартиялық жүйеге көшкен кезде, саясаттың босаңсуы Занзибар аймағында Шираз халқының тарихи өзіндік ерекшелігіне қатысты сұрақтар туғызды. 1999 жылғы сауалнамада 27,5% халық өздерін Шираз деп атады, уақыт өте келе бұл сан арта түсті. Шираздықтардың біртұтастығы жойылған жоқ, бірақ бұл бірегейлік қазіргі тарихта жоқтың қасы.
Бүгінгі таңда Танзания Ширазды ұлт деп танымайды. Кейбір дереккөздерде Шираз бен суахилиді теңдік белгі ретінде қарастырса, шын мәнінде, суахили өзін-өзі анықтайтын термин ретінде 1948 жылы-ақ жоғалып кеткен. Джонатон Глассманның зерттеуіне сәйкес, суахилилердің бірте-бірте жойылуының себебі құл саудасының тоқтатылуымен байланысты, өйткені «суахили» сөзі «құлдардың ұрпақтары» деген сөзбен көбірек байланысты. Сондықтан Африкадағы суахили мәдениетінің феноменін, яғни суахили халқын қалай түсінуге болатынын зерттеудің қиындығы да осында. Бүгінгі суахили деп аталатын және тарихи Шираз шығу тегі жағынан бірдей емес. Африкалық сәйкестік парадигмалары тұрғысынан суахили тілінде сөйлейтіндер суахили тілімен синонимді емес, ал суахили этникалық терминге қарағанда мәдени терминге көп жақын.
Занзибардың саяси және тарихи дамуын сынау және ой елегінен өткізу ерекше маңызды, өйткені Танзания мақтан тұтатын суахили мәдениеті африкалық мультикультурализмнің өкілі, ал Занзибар аймағы – мәдениет шоғырланған жер. Кениялық саясаттанушы Әли Мазруи «Үштік мұра» атты еңбегінде: «Африка байырғы, ислам және батыс мәдениеттерінің үздіксіз интеграциясы аясында қалыптасады және үшеуі бір уақытта бәсекеге қабілетті және бір-бірін толықтырады», - деген. Занзибардағы арабтар да нәсілдік жағынан арабтар емес, олар белгілі бір мағынада Нигерияның солтүстігіндегі фуланилерге көбірек ұқсайды. Африка тарихын нәсілдік қарама-қайшылық туралы әңгіме ретінде түсінуге келетін болсақ, Танзания ғалымы Шериф былай дейді: «Африканың ұлттық тәуелсіздік жолындағы жүріп өткен жолына қарасақ, нәсілдік сәйкестілік – бұл адамдардың өзі немесе басқа адамдардың тұлғалық проекциясы. Осы үстірт ойлар арқылы тарихты талдау «Иллюзияны қағазға түсіру» дегенді білдіреді. Карумның тұлғалық бірегейлік саясаты Танзания тұтастығының алғышарты еді, алайда, тарихта әрқашан екілік оппозиция болған емес. Гурна өмірінен бір түйгеніміз: макроафрикалық тарихтың артында тарих қуғынға ұшыратқан көптеген адамдар бар. Оның тұрмыстық ортасында ешқандай таңдау жоқ еді, не африкалықтарды, не арабтарды таңдау керек еді. Алайда, Гурна үшінші жолды таңдады.
Африканың әртүрлі аймақтарының тарихын терең түсіну тек ақпарат алу немесе оған қатысты мәліметтерді біліп қалумен шектелмеуі тиіс. Занзибардың тәуелсіздік тарихынан Гурнаның бас кейіпкерлерінің кім екеніне қатысты қате түсініктің басты себебі де осы тарих екенін байқауға болады. Бірақ біз оның шығармашылығынан, оның Африкаға деген сағынышы мен өкініштері қатар жүргенін сеземіз. «Бұл мүмкін теңізбен қатысы бар... Теңіз сондай тыныш, сұлу әрі жарық, жалт-жұлт етеді. Бір қарасаң, тұла бойы сондай тұтас, бірақ аласы ішінде. Мен тағаны нағыз берік, тұғыры шын биік жерге аяқ басқым келеді. Шираз халқының, суахили мәдениетінің де, Гурнаның да Африкаға тәуелді екеніне күмән жоқ».
Гурнер «Үнсіздікке тамсану» кітабында айтқандай: «Біз өзімізді қалыпты адамдар деп санағымыз келеді. Біз араптар, африкалықтар, үндістер, комориялықтар ауылымыз аралас, қойымыз қоралас, бір-бірімізбен етене байланыстамыз, бізде аралас некеге тұрғандар да бар. Айтылымдағы өркениет бар бізде. Міне біз өзімізді осылай суреттейміз, ия, біз дәл осындаймыз. Біз іс жүзінде «біз» емеспіз, бірақ әрқайсымыз нәсілшілдікке деген наразылық үшін өзімізді кешіре аламыз, тарихтың тас түнегі біздің көкірегімізді көлегейлей алған жоқ. Біз өзіміздің тегімізді білмегендіктен, құлдықты сезінбегендіктен, әділетсіздікті түсінбегенімізден емес... Келер тарихта бірегей ел болатынымызға сенуіміз керек. Гурна алысты барлай білді, екі жақтың бітпейтін тартысын көрді, шын мәнінде, бұл батыстың қолдан жасаған ойыны һәм ақпараттық шабуылы. Басқаша айтқанда, отарлық кезеңде Батыстың ықпалымен және ағартуымен «жергілікті дәстүрлерді құрметтеу» деп аталатын британдық басқару моделі, Африкаға Батыс нәсілдік парадигмасын енгізді және Занзибардағы этникалық зорлық-зомбылықтың негізгі себебі болды, бұл Гурна сияқты тарихи тұлғалардың жұтылып кетуінің де басты себебі болды.
Тарих шындыққа назар аударып, болашаққа көз жүгіртсек, біз Африка елдерінің тәуелсіздік тарихын ұлтаралық қақтығыс деңгейінде қабылдамауымыз керек. Гурна шығармасына арқау болған Занзибардың тарихын Африкадағы және әлемдегі көптеген әлеуметтік әрі саяси мәселелердің микрокосмосы ретінде қарастыруға болады. Африка парадигмасындағы Африканы түсіну мәдениетке қосқан үлес, одан да маңыздысы тарихқа деген құрмет болар еді.
Гао ТЯНЬИ (Gao Tian Yi),
Қытай әлеуметтік ғылымдар академиясы
Дүниежүзілік тарих институтының Ph.D докторы.
Қытай тілінен аударған: Нұрбек КЕҢЕСБАЙ.
«Найзатас» әдеби-көркем журналы.