2103

СӘКЕН ЖҮНІСОВ. САҚАУ БӘТЕҢКЕ

Бөтен үйдің босағасына жаңа жеткен су жаңа бәтеңке жан-жағына тосырқай қарады. Өңшең ұсқынсыз, ескі-құсқы аяқкиімдер табалдырықтан төр үйге қарай шашылып жатыр. Табаны сөгіліп, тістері ырсиған салпы ауыз етік, бір жақ жамбасына қисайған құныс бәтеңке, қонышы бүктетіліп мыжырайған пима.

Қалай болса солай үйме-жүйме боп жатқан мұндай аяқ-киім- дерді бұрын көрмеген жаңа бәтеңке таң қалды.

Бір кезде оның тап алдында тұрған беті салтақ-салтақ, қисық өкше бір бәтеңке сөйлеп қоя берді.

— Әй, сен қайдан келдің, кімнің бәтеңкесісің?

— Мен бе? — деді жаңа бәтеңкенің бір сыңары. — Мен Болаттың бәтеңкесімін, көрші ауылдан келдім. Ал өзің ше?

— Мен, мен осы үйдегі Шолақ деген баланікімін, — деді бетін тыржитып. — Ал шыққан жерім Алматы аяқкиім фабрикасы.

— Онда жерлес болдық қой, — деді жаңа бәтеңке.

— Жерлес қана емес, екеуміз де бір күнде фабрикадан шыққанбыз, құрдаспыз.

— Қойыңыз, — деді жаңа бәтеңке енді сыпайы сөзге көшіп. — Сіз, әлпетіңізге қарағанда, менен кемінде екі-үш жас үлкен шығарсыз. — Е-е, бауырым-ай, мазақтайсың ғой, — деді көне бәтеңке ренжіп. — Менің жер басып жүргеніме екі-ақ ай.

— Маған да солай.

— Сол екі айдың ішінде мен тартқан азапты көрсең, жаныңнан түңілер едің.

— О не азап соншама? — деді жаңа бәтеңке шын таңырқап.

— Егер тыңдасаң, айтайын, бәрібір қайда асығып барасың. Біздің Шолақ, келген баланы қашан үйдің астаң-кестеңін шығарып ойнамай, жібермейді, — деп күрсінді де, бастан кешкен оқиғасын баяндай бастады.

— Мені дүкеннен сатып әкелісімен, қолды-аяққа тұрмай осы үйдің ерке-шолжаңы Шолақ киіп алды да, далаға шықты. Шығысымен, көршінің өзі секілді балаларын айғайлап шақырып: «Міне, көрдіңдер ме, көкем сатып әперді. Мұндай бәтеңке сендер- де бар ма?!» — деп мақтанды.

Балалар да оны құптады.

— Өзі құйып қойғандай шақ екен.

— Қандай әдемі!

— Әй, өзі айнадай жарқырайды, бетіне сәулең түседі, — десіп жатыр. Мен де күн сәулесіне шағылысып, жымыңдап қоямын. Бірақ қуанышым ұзаққа бармады. «Өзінің былғарысы жақсы екен. Бұған су да өтпейтін шығар», — деп еді бір бала: «Әрине, өтпейді», — деген Шолақ жүгірген бойы жолға жиналған жаңбырдың қағына перді де кетті. Қойны-қонышым суға толып, қоймалжың батпақ көзіме тығылып, тұншығып барамын. Шолақтың қаперіне түк кірмейді.

— Су түгілі, дым білінген жоқ, — деп, қақты кешіп, шалпылдатып жүр.

Ой, бауырым-ай, сол күннен былай табаным сыздан, көзім балшықтан бір арылып көрген емес.

Бір күні балалармен үйдің қасында ойнап жүрген Шолақ мені шешіп алды да, бұзау байлайтын қазықтың басына іліп қойды. Күздің бір жазға бергісіз шуақты күні еді. Ғұмыры күннің жүзін көрмеген ұлтаныма жылу тиген соң, тұла бойым бусанып, маужырап, қалғи бастап едім. Әлдебір нәрсе тап өкше тұсымнан зу етіп өте шықты. Көзімді сығырайтып аша бергенімше болған жоқ, оң жақ езуімнен бір нәрсе сарт ете түсті. Қазықтың басында шыр айналып, қонышыма зорға ілініп тұрып қалдым. Көзім қарауытып кетті. Одан арғысын шала-шарпы білемін: жұдырықтай-жұдырықтай тас тұмсығыма, жұлығыма, табаныма, көзіме сарт-сұрт тиіп жатыр.

Сөйтсем, мені кептіруге ілмей, қарауыл ғып атуға қойған екен. Қайтейін, өне бойымды тасқа жыртқызып, жаралап, қисайта- мисайта қабырғамнан басып қайта киіп алды. Шиқ-шиқ етіп, мұңымды шағып кете бардым.

— Бәтеңкем қалай сықырлайды! — деп Шолағым масаттанып қояды. Жыртылған қабақ ішкі ұлтанға тиіп, үйкеліп жүргенін қайдан білсін?!
Басқа балалар сияқты доп тепкен бір сәрі-ау, Шолақ кейінгі кезде өгіздің тоқпақ жілігінің басын тауып алды. Күнде мектепке жеткенше, одан үйге келгенше, әлгі жіліктің басын тепкілейді келіп. Тұмсығымнан тұмсық қалмады. Әуелі ақ жем боп жұқарып еді, енді тесілуге айналды. Е-е, айта берсем, көрген қорлық толып жатыр. Осындай тепкінің астында жүріп, қалай тозбассың. Екі ай маған екі жылдай болды ғой, — деп, көне бәтеңке көзінің жасын сығып-сығып алды. Жаңа бәтеңке аяп кетті.

— Осынша азапқа салғанда, тым құрымаса, бір мезгіл кремдеп те қоймай ма? — деді қалай жұбатарын білмей.

— Бауырым, түсіне алмай қалдым. Крем дедің бе, ол не зат?

— Крем деген — май. Оны жақса, денең жадырап, өңің кіріп қалады, тез тозбауға жақсы.

— Ойбай! Бауырым, қайтейін-ай! Ондай майыңды жақпақ түгілі, тұмсығымызға бір иіскетпей қойды ғой.

Жаңа бәтеңке одан әрі ештеңе дей алмай, көне бәтеңкенің сыңарын іздей бастады.

— Әлгі сыңарың қайда кеткен, сыңарың?..

— Қайда кетті дейсің ол байғұс. Жатқан шығар осында, — деп, көне бәтеңке шашылып жатқан аяқ киімдерге қарады.

— Е, әне, жатыр ғой қисайып. Үйге келгенде ол екеуміздің басымыз қосылып көрген емес. Шолақ босағадан өте бере, бауымызды да шешпестен екі жаққа лақтырады. Содан қашан қайтып келгенше, бір-бірімізді көру жоқ.

Жаңа бәтеңке оған жылы шырай білдіріп:

— Әй, аман ба, бауырым, — деп еді, ол үндеген жоқ.

Көне бәтеңке:

— Е, ғаріптің күні менен төмен, қайтесің оны, кінәлама, сақау ол, — деді.

— Сақауы қалай, оған не болды?

— Тілі жоқ, — деді көне бәтеңке.

— Тілі қайда кеткен?

— Анада әлгі Шолағымыз таспен ататын рогатке дей ме, немене. Сол рогаткеге былғары таба алмай, оның тілін суырып алып, соған салған.

Жаңа бәтеңкенің тұла бойы тітіркеніп кетті. Бір жағынан Шолақ сияқты ұқыпсыз, салақ баланың қолына түспегеніне қуанып, билей жөнелгісі де келді.