Айым Алтайқызы.Күнге қарамайтын күнбағыс


Ерте, ерте, ертеде   шалғайдағы күн шуағына шомылған шалғында күнбағыстар шоғыры өскен екен.   Аспан арайын аямай төккен сайын, гүлдердің де күн келбеттері құлпыра түскен кез. Күннен көзін алмайтын  күнбағыстардың маңайында дән аңдыған шымшықтар шулап жүр. Күн шығыстан көтерілгенде гүлдер де күлтелерін көкке көтеретін. Күн батысқа жылжыса бұлар да бағытын сонда бұратын. Гүлдердің бәріне ортақ осы әдетке бір күнбағыс қана үйренісе алмай-ақ қойды. Күнге бағытын бұрудың орнына ол түнді жақсы көретін. Шапағымен шашағын шыжғыратын ыстық күннен гөрі, оған сәулесімен сағағын сипалайтын айдың нұры ұнайтын. Түні бойы көз ілмей, аймен сырласқан күнбағыс таң қылаң бергенде қалғып кететін. Күндіз көлбең қағып жүретін көбелектен бастап, дәнін шоқып кететін шымшықтар да түнде қалың ұйқы құшағына енеді.Осы бір тыныш мезетті сүйген күнбағыс басқалардан болмысым бөлек, ерекшемін деп ойлады.

Ашық аспанның ажарын бұлт бүркеп күз мезгілі де келді. Күнбағыстардың дакылы жетіліп, дәндері  де пісті. Таңғы салқыннан дір етіп оянған ерекше күнбағыс алғаш рет айналасын алтын нұрға малып, атып келе жатқан таңды көрді. Сонсоң, бір кездері қылтиып қана шығып тұрған көрші күнбағыстарға көз салды.

- «Мәссаған, күнбағыстар, біз қандай әдеміміз, анааау аспандағы алтын күннен аумайды екенбіз, саралжын күлтелеріміз күннің шапағына ұқсайды екен» - деп күнбағыс таң қалады. Бірақ, басқа күнбағыстар керісінше оның бұларға мүлде ұқсамайтынын айтады.

- «Ия», -  дейді күнбағыс басқаларға мақтанып, «мен сендерден ерекшемін, мені ешқандай құс мазаламайды, өйткені мен күндіз еңкейіп, түнде ғана ояндым, осылайша барлық дақылымды»сақтап қалдым!» Ерекше күнбағыс осылай деп қайтадан ұйқыға кетеді.  Келесі таңда ол тағы да суықтан қалтырап оянады. Көҙін ашса айналасындағы күнбағыстарды бір машина тиеп алып жатыр екен.  Әлгі машина бұл күнбағыстың қасына келгенде бұрылып кетеді. Аң-таң болған күнбағыс басқа достарынан сұрайды:

-Гүлдер-ау. Бұл машина сендерді қайда алып бара жатыр? Неге мені өздеріңмен алып кетпейсіңдер?

-Эх, күнбағыс. Сен өзіңді ерекше санап күнге бетіңді бұрған емессің. Сондықтан сенің дәндерің піспей қалды. Ал біздің пістелерімізді енді теріп алып адамдарға азық ретінде сатады. Ал, тұқымымызды жерге сеуіп қайтатадан өнім алады. Біз келесі көктемде қайтадан күнбағысқа айналамыз, - деді достарының бірі.Күнбағыс сонда қарсы алдына жиналған жауынның суына еңкейіп қарап өз кескінін көреді. Күннен қуат алмаған оның дәндері  жетілуден қалған екен.  Өз табиғатынан қашып, тіршіліктің нәрінен құр қалған күнбағыс ерекшемін деп жүріп қураған қу шөпке айналғанын сонда түсініпті.  Сағағы қурап, сабағы бүгіліп тұрған гүл басын соңғы рет көтеріп  шарбы бұлтты жарып шығып жарқ еткен күнге тіл қатады:

-Ей, жарық күн. Сен мені жылуыңа бөлеп, қамқорлығыңа ала аласың ба? Мен енді күнде ерте оянамын. Түн болғанда ұйықтап, күндіз сенен қуат аламын. Өтінем маған көмектесші.

Жауын бұлтының арасынан әрең сытылып шыққан күн сонда тіл қатты:

-Айналайын, күнбағыс. Мен жаз бойы барлық күнбағыстарға бірдей мейірімімді төктім. Ал енді күз келді. Жел күшейіп бетімді  жиі бұлт жауып қалатын болады.  Мен бұрынғыдай нұрымды шаша алмаймын.  

Күнбағыс енді кімнен көмек сұрарын білмей қатты қиналады.     

Әр нәрсенің өз уақыты болатынын ол кеш ұқты. Бірақ, өкінгеннен еш пайда жоқ еді. Осылайша күнбағыс «Егер маған тағы бір мәрте өмір берілсе мен басқалар сияқты ерте оянатын едім. Күн нұрынан қуат алып, әр күнімді естен кетпестей етіп өткізуге тырысар едім. Басқа тіршілік иелерімен дос болар едім. Әр дәнімнің үлкен болып өсуі үшін бар күшімді салар едім. Сөйтіп, басқа жаратылыс иелеріне пайдамды тигізер едім. Ал, қазір ерекше болғанымнан не пайда? Ешкімге көмегің тимесе, өзіңді жалғыз сезініп өтсең ондай өмірдің мәні де жоқ екен» Күнбағыс осылай деп қураған күйінде, сол алқапта жападан жалғыз қар астында қалып қойыпты. Бірақ, оның кеудесінде бір түйір дән қалып қойғанын ол білген жоқ. Бәлкім, келесі көктемде сол дән жетіліп, жаңа бір күнбағыс өсіп шығатын шығар?!