КЕМПІРҚОСАҚ!
Қызыл , жасыл,
Көгі бар.
Аспанның мұндай
Мөрі бар.
Жаңбырдан соң шығады.
Көрмесеңдер
Көріп ал.
Кемпірқосақ - әдемі,
Жіберген аспан әлемі.
Жаңбыр жауып бітті деп,
Бізге белгі береді.
ҚЫС КЕЛДІ
Қар жауғызып жер бетіне,
Тоңдыратын жел өтіне.
Аяз деген – суық мезгіл,
Келіп жетті ел шетіне.
Ал, балақан, сырғанайық,
Құлап қалма, аяқ тайып.
Биялайың болсын қолда,
Шаңғың болсын соған лайық!
Шаңғы, шана, сырғанақтар,
Ал, шынығып ойна батыр!
Қалың киін деп қатулы,
Аяз бізге қарап отыр.
БОЛАР ЕЛДІҢ БАЛАСЫМЫЗ
Еркін елдің жас қыраны,
Болашақтың батырымыз.
Біз келешек ұландары,
Ер жетуге асығамыз.
Жас ұланы жарқын елдің,
Білім-білік бағытымыз.
Қазақстан – Отанымның!
Жарқырайтын жақұтымыз!
Жеткіншегін жетелейтін,
Болар едің баласымыз.
Сынақтарда төселетін,
Биіктермен таласамыз.
ҰСТАЗДАР
Ұстазым,
Мұғалімім,
Оқытушым,
Мектептің жүрегі боп соғып тұрсың.
Биязы үнің әлі жүрегімде,
Осы жыр сізге деген сыйым болсын.
Жанарың жазып жылы ізгілігін,
Адал жан – адал еңбек иегерім.
Ұстанған ұстаздықтың ұлы жолын,
Сіңірген санамызға сапалы ілім.
Оқу деп , дамыл таппай шарқ ұрасың,
Қанатты мектептегі қарлығашым.
Есейіп кетсе де еске оралатын,
Ескірмес естелігім боп тұрасың.
ТАБИҒАТ-БАЙЛЫҚ
Көк те шықты
Көктем исі - тазалық.
Күні ертең жаз келеді,
Ол- анық!
Көктем егіп,
Жаз суарып егінді,
Күтетінің күзгі азық.
Табиғаттың төрт мезгілі
мекендер
Қазақ жері - кіл байлық!
АЛТЫБАҚАНЫМ!
Қуаныш силап,
Қанат бітірген.
Қуат алайын ғажап күшіңен.
Балалық күннің желі еседі
Иіскеп алайын,
Иіскеп алайын.
Тербелші, тербел,
Алтыбақаным!
Есейдің деме,
Есіме аламын!
Ескен желіңмен естеліктерге
Есіп барамын,
Еріп барамын!
Бала сезімді
Тербеп аламын.
Бақытты шақты елеп аламын.
Тербетші,
Тербел,
Есеймес орын
Самғап барамын.
Алтыбақаным!
КІТАП ПЕН ПЛАНШЕТ
Бір күні үстел үстінде,
Жолықты планшет кітаппен.
Үнсіздікті бұзып кіл,
Сөз басталды сұрақпен.
-Сіз кімсіз? Қай жылғысыз?
Қызықсыз екен тұрқыңыз.
Түсіне алмай тұрмын мен,
Қай фирмадан шықтыңыз?
Салмақтап сөзін бастады,
Әңгімеден де қашпады.
- Кітаппын - деді нақтылап,
Сілкініп қабын қозғады.
Планшет болса паңданып,
Ұшардай болып қомданып.
-Осындай ескі-құсқыны,
Кім әкелді - деді, бұлданып.
Шаң сасып қайдан келдіңіз,
Түріңіз сондай сенімсіз.
Білгісі келер деректі,
Менен-ақ іздеп біліңіз.
- Қарағым, деді дауыстап,
Қалмадым елден қалыс қап.
Айтарың болса айта бер,
Ойым жоқ сенімен алыспақ.
Сөздік қор менде жетеді,
Ой айтар болсам келелі.
Есі бар ұрпақ өзіне
Не керектігін біледі.
- Әдемі менің түрім де,
Мен керекпін ғой түбінде.
Шіреніп планшет кітапқа
Керегің жоқ - деді бүгінде.
Сол кезде келіп иесі,
Планншетті алды қолына.
Қуаттап алмақ ойымен,
Қосылды келіп тоғына.
Жарқ еткен дыбыс естілді,
Иесі үнсіз күрсінді.
Өртеніп кетті планшет,
Кітап та оны түсінді.