МҰРАТ СЫЗДЫҚТЫҢ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ӘҢГІМЕЛЕРІ

СЫЙЛЫҚ

 

Рауан таңертеңгілік папасы мен әжесінің күбір-күбір әңгімесін естіп қалды. Ұққаны: бүгін мамасының туған күні екен. Айтпақшы, әпкесі Меруерт пен ағасы Еркін соңғы кездері жұмысбасты болып кеткен еді. Әпкесі сабақтан келісімен кесте тігуге отырады, ал ағасы әлдеқандай ракетаның нобайын жасап әуре. Енді түсінді. Олар да мамасына сыйлық дайындап жүр екен ғой.

Осыдан кейін-ақ Рауанның мазасы кетті. Әжесі күйбеңдеп ас үйде жүр. Бұған назар да аудармайды. Әпкесі сияқты кесте тігу де, ағасы тәрізді ракета құрастыру да қолынан келмейді. Бірінші сыныпқа барғаны жақында, оны қайдан білсін? Бірақ мамасының туған күніне сыйлық ұсынбайтыны жанына қатты батып тұр.

«Жаз күндері болса ғой, — деп ойлады Рауан, — онда үйлерінің түбіндегі жасыл баудан бір буда гүл теріп әкеліп, сүйікті мамасына сыйлар еді». Рауан шарасыздана күрсініп, ақ қырау өрнек салған терезеден далаға көз тастады.

Кенет шарбақтың жоғары бөлігіндегі белдеуден төмен қарай сорғалап тұрған мұз сүңгісіне көзі түсті. Мөп-мөлдір, әйнекше жылтырлайды. Алақай, табылды! Мамасына мүз сүңгісінің бірнешеуін неге тарту етпеске. Ақ науаттай қытырлақ дәмі қандай шіркіннің!

Рауан әжесіне білдірмей далаға шықты. Бой жететін жерде емес, мұз едәуір биікте. Сүп-сүйір өткір ұшынан мөлдір моншақ тамшы сорғалайды.

Аппақ ұлпа қардан жентектеп алды да жіберіп қалды. Мұндай сәттілік бола бермес. Нысанаға дәл тиген қар жерге екі-үш сүңгіні ұшырып түсірді.

Кешкісін қонақтар мерекелік дастарқанға жиналды. Көзілдірікті ағай сөз сөйледі. Сонан соң мамасына қонақтар және папасы сыйлықтар ұсынды. Ал әпкесі мен ағасының тартуына мамасы ғана емес, қонақ кісілер де риза болды.

— Папа, мамама менің де әзірлеген сыйлығым бар.

Мұны қонақтар да естіп қойыпты.

— Оһо, жігіт болды деген осы!

— Жарайсың, Рауан!

— Кәне, көрсетші сыйлығыңды.

Олар жер-көкке сыйғызбай мақтасып жатыр. Рауан бөлмесіне жүгіре жөнелді. Мәссаған! Тарелкаға салып, терезенің алдына қойған күміс сүңгіден түк те қалмапты. Сыйлығының еріп кеткенін енді ғана білген ол өкініштен жылап жібере жаздады. Ұлының кешіккеніне мазасызданып, бөлмеге енген папасы мән-жайды түсініп, еріксіз қарқылдап күліп жіберді. Сыйлық туралы әңгімені естіген қонақ апайлар мен ағайлар да мәз-мейрам. Әсіресе ағасы ішін басып көрші бөлмеде домалап жатыр. Рауанның жанарына жас моншақтары іркілді.

— Айналайын, балапанынан! — Мамасы Рауанды қапсыра құшақтап, кеудесіне қысты. — Кәне, бетімнен сүйші.

Бұл анасының бетінен шөп өткізіп сүйіп алды.

— Міне, маған осыдан артық сыйлықтың керегі де жоқ, — деді мамасы.

Рауанның жүзі қуаныштан бал-бұл жанып, ағасына қоқилана қарады.

 

ЖҰМБАҚ

 

Кәткен аудан орталығында тұрады. Мамандығы — су технигі. Кейде шаруашылықтың су жүйесін тексере келгенде Сержандардың үйіне соғып кетеді.

Өзі осы үйге жиен. Оны балалар жақсы көреді. Үш дөңгелекті мотоциклін төңіректеп, одан жалыққанда мойынына асылады. Зәуде бір асығыс жұмысы болмаса, қыдырып қайтушы еді. Мұны жақсы білетін нағашы інілері жиен ағасын бүгін де қуана қарсы алды. Сонымен бірге олар әжелерінің жылы-жұмсақ тәтті-дәмдіні шаруа қалжыратқан Кәткеннің алдына қоятынын да жақсы білетін еді. Үйіріліп қасынан шықпайтын.

Әдетінше әжесі бешпентінің қалтасынан тастамайтын кілтпен буфеттің қақпағын ашып жатып:

— О, тоба, әнеугүні әкеліп қойған өрік-мейіз тағы да азайып калыпты, — дейді.

— Ой, апа-ай, ылғи осылай дейсіз. Сірә, тышқандардың ісі шығар, — Кәткен қарқылдап күледі.

— Қайдам... Бұл үйде тышқанның құрығанына талай заман.

— Онда қызық екен.

Кәткен орнынан көтеріліп, буфеттің ішіне үңілді. Өрік-мейіз, қант-шай негізінен буфеттің астыңғы бөлігінде, ал үстінде ыдыс-аяқтар тұратын еді. Орнына қайтадан келіп жайғасқан ол дөңгелек столды қоршай отырған інілерін көзінің астымен бағып, миығынан жымың етті. Ешкімнің ойына келмей жүрген айланы жүзеге асырған қайсысы болды екен, ә? Шай ішілген соң:

— Апа, мен бірер сағаттай көз шырымын алайын. Ұйықтап кетсем, оятарсыз, — деп Кәткен төргі бөлмедегі диванға барып қисайды.

Сәл уақыт өтпей-ақ, ас үйге мысық табандап біреу кірді. Кәткен өтірік ұйықтағансып, көзін жұма қойды. Сержан жақын маңда сезікті ешкімнің жоқтығына көзі анық жеткендей буфеттің қаусырма есігі үстіндегі тартпаны суырып алды. Аяғының астына кішкентай орындық қойып, үңірейген бос жерден қолын төменге сұқты да, уыстап кәмпит, мейіз, жаңғақ алып шықты. Тартпаны орнына қоя бергенде, селт етіп артына қарады.

— Ой, Сержан, соның бәрін өзің жейсің бе? Маған да берші.

Кәткен буфеттің тартпасын қолына алып, басын шайқады:

— Әй, бауырым-ай, адамның ойына келе бермейтін қулықты кімнен үйренгенсің?

Сержан мұрнын тартқыштап, не істерін білмей тұр. Бүйтіп масқара болатынын кім білген? Кешірім сұраса қайтеді? Егер іні-қарындастары естісе, «ұры» деген жаман аттан құтыла алмайтыны анық.

— «Ұрлық түбі — қорлық» дегенді естуің бар ма? — деді ағасы қабағын шытып.

Сержан мұрнын тартқыштап, төмен қарады.

— Онда, бауырым, ұғып ал! Ұрлықпен нан тапсаң, алысқа ұзамайсың. Күндердің күнінде абыройың айрандай төгіліп, беделден жұрдай болатыныңа мен кепілдік беремін.

— Аға, кешіріңізші, — деп Сержан ары қарай сөйлеуге шамасы келмей, булығып тұрып қалды.

— Бірақ мен кеткен соң тағы да ежелгі әдетіңе баспақшысың ғой.

— Жоқ, аға! Рас айтамын! — Сержан жанарынан ытқып кеткен жасты қолының сыртымен сүртіп: — Рас айтамын, аға, — деді.

— Жақсы. Сенейін сөзіңе. Сондықтан бұл туралы мен ешкімге дәнеңе де айтпаймын.

 

ӨКІНІШ

 

Атасының тапсырмасын орындап тастамақшы болып, Қайырбек қораға қарай беттеді. Дарбазаның сыртынан біреудің ысқырғаны естілді.

— Қайырбек, жүр кеттік. «Бірлік» аулының балалары келіпті. Осы жолы оларды нөлмен қатырмасақ па?!

— Әттеген-ай, ә! — Қайырбек басын шайқады. — Атам фермадағы бір танысынан есектің қамытын алған екен. Соны апарып тастарсың деп еді.

— Өй, бар болғаны сол ма? — Жақып көңілдене күліп қойды. — Кешке дейін әлі талай уақыт бар. Үлгересің... Көп қиқаңды қойып, бізбен жүр. Олардан өткен жолғы қарымтаны қайтармасақ, болмайды. Кездесе кетсе, мазақ қылады.

Қайырбек желкесін қасып сәл тұрды да:

— Мейлі, ендеше, — деп, балалармен бірге футбол алаңына тартты. Жолшыбай атасы кездесті.

— Қайырбек шырағым, қамытты апарып бердің бе?

Қайырбек не дерін білмей, абдырап:

— Иә, ата, апарып тастадым, — деді.

— Әп, бәрекелді. Өркенің өссін, қарағым! — Атасы риза кейіппен Қайырбекке көзін сығырайта қарап, күміс сақалын уыстай сипап қойды.

Қайырбек үйге кештете оралды. «Бірлік» футболшыларын ойсырата ұтқаннан кейін, масаттанған балалар Қаракөлде әбден асыр салды. Көлдің ортасындағы аралдан бүлдірген терді, жасырынбақ ойнады. Ойын қызығына берілгені соншалық — күннің батқанын да байқамай қалды.

Үй-іші кешкі асқа отырды. Ас үйде әжесімен амандасқан біреу дабырлай кіріп келді.

— Кеш жарық!

— Оу, Келденбісің? Жоғары шық.

Атасы көңілдене дауыстап, кешкі қонақты төрге шақырды.

— Шығамыз ғой. Айтпақшы, құрдас, қартайғанда өтірік айтатын болғанбысың? Бүгін аласың деген қамыт қайда? Үйдегілер «қамыт әкелген пендені көрмедік» деп ант-су ішеді.

— Апармағаны қалай? Қайырбек шырағым...

Атасы түсін суытып, немересіне қарады. Қайырбек ұяттан кірерге тесік таппай, көзімен жер шұқыған қалпы үнсіз отырып қалды.