ӘДЕБИ ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ.БАЛАЛАР ПРОЗАСЫ

2021 жылдың әдеби жыл қорытындысы.

Балалар прозасы

 

Балалар әдебиеті – ұлттық әдебиеттің қайнары. Әбу Насыр әл-Фарабидің: «Еліңнің болашағын білгің келсе, маған жастарыңды көрсет, сонан соң айтып берейін» деген қанатты сөзі қанша ғасыр өтсе де құнын жойған жоқ. Себебі ұлттың болашағын, елдің ертеңін ұрпақсыз елестету мүмкін емес. Сондықтан өсемін деген ел, руханиятын жоғалтпаймын деген ұлт ұрпақ тәрбиесіне назар аударары сөзсіз. 2021 жыл «Балалар әдебиеті жылы» деп жариялануы көңіл қуантады, ҚР мәдениет және спорт министрлігі «Республикалық бюджет қаражаты есебінен әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы аясында бірқатар қаламгерлеріміздің жас оқырманға арналған шығармалары жарық көрді.

Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен тұңғыш рет он томдық «Қазақ балалар әдебиетінің антологиясы» оқырманға жол тартты. Қаншама жылдар көз майын тауысып, бір институттың жұмысын жалғыз атқарып, қазақ ақын, жазушыларының балаларға арналған туындыларын жинаған Байбота Қошым Ноғайдың табандылығы көпшілікке үлгі. Байбота Серікбайұлының балалар әдебиетіне қосқан үлесі тек бұл ғана емес, шетелдік авторлардың өлеңдерін қазақы танымға икемдеп аударып, ертегілерді өлең жолына түсіруі т.б. қажырлы еңбегін ескеріп бүгінгі күнгі қазақ әдебиетінің қара нары дегіміз келеді.

Қаламы жүрік, қиялы ұшқыр жазушылардың 2021 жылы балаларға арналған көптеген туындылары жарық көрді. Солардың ішінде қолымызға түскен шығармаларға тоқталып өтсек. Шәкен Күмісбайұлының «Бабамдай болғым келеді», Нұрдәулет Ақыштың «Тау ішіндегі тауқімет», Бейсембай Сүлейменовтың «Сырлы Әлем»,  Әлібек Файзуллаұлының «Өтірік айтпайтын күн», Әбділдабек Салықбай «Айдана мен Ақжолтай», Сәуле Досжанның «Ауылдан шыққан милионер», Ділдәр Мамырбаеваның «Әке мен бала», Жаңабек Шағатайдың «Ауылдың кішкентай археологтары», Заря Жұманованың «Күләйша, Рокфеллер және басқалар»,  Гүлзат Шойбекова «Тұрлыханның көк туы» сынды кітаптары қолымызға түсті, сонымен қатар Сырым Бақтыгерейдің Валерий Кастрючиннен аударған «Ержүрек құмырсқасы» мен Гүлзат Ақжолованың Әлия Беркімбаевадан аударған «Дәуіт атайдың ертегілері» сынды аудармаларын шолдық. Фолиант баспасы басып шығарған Ақселеу Сейдімбектің балаларға лайықтап әңгімелеген «Алпамыс батыр» эпосының баянын, Алдар Көсенің қызықты хикаяларын кітапханалардан еркін табуға мүмкіндік алдық.

Кәсіби әдебиеттің дамуына барынша күш салып, мемлекеттік тапсырыстан бойын алшақ ұстап, аз ғана уақытта әлемнің үздік туындылары мен балаларға арналған жауһарларды, жалпы оқырманға арналған көркем шығармаларды қамтыған 60-қа жуық кітап шығарған «Qasym баспа үйінің» еңбегін ерекше атап өтуге болады.

Ғұмырының соңына дейін балаларға арнап шығарма жазып, қаламын қолынан тастамаған Шәкен Күмісбайұлының «Бабамдай болғым келеді» кітабындағы «Алты жасар Алпамыстың басынан кешкендері» хикаясы мен әр алуан тақырыптарды қамтыған әңгімелерінің оқиғасы ширақ, оқырманын жетектеп отыратын динамикаға толы туындылар.

Жастарды отансүйгіштік пен патриоттыққа тәрбиелейтін туындылардың бірі – Нұрдәулет Ақыштың «Тау ішіндегі тауқымет» атты хикаяттар мен әңгімелер жинағы. Бала табиғатына тән білуге құмарлықтан туған шым шытырық оқиғалардың жетегінде шығарманы бір деммен оқып шығасың. Шығарманы оқу барысында шығыстың тауларын кейіпкерлермен бірге аралап, тастарын ұстағандай күй кешесің. Уақыт пен кеңістікті алмастыруда автор нарративтік уақытты шебер пайдаланған. Шығыс өңіріндегі ескі обалар мен тастағы таңбалардың әлі күнге дейін толықтай зерттелмеуі, жазушының ішіндегі қыжылы іспеттес. Автор осы бір тілекті «Жұмбақ іздер» хикаясында Әнестің атасының аузына салады. Жазушының детальдарды қолдануда барынша мұқият болғанын әр шығармаларын оқығанда куә боламыз.

Бейсембай Сүлейменовтың «Сырлы Әлем» кітабы «Хан шатырдан – Күн шатырға саяхат» романы мен «Тентектер» повесті, ертегілер және әңгімелерден, естеліктер мен эсселер топтастырылған. «Хан шатырдан – Күн шатырға саяхат» атты екі повестен тұратын романын фэнтези жанрында жазылған еңбек атай аламыз. Фольклорлық кейіпкерлер – Тазша баладан бастап, Керқұла атты Кендебай, Күнікей қыз бейнелерін шығармасына арқау етіп, ертегінің мотивтерін пайдалана білген. Жер шарының әр алуан түпкірлерін аралап, сан түрлі жан-жануарлардың бейнесін жасап, ертегі кейіпкерлері мен әлем әдебиеті кейіпкерлерін бүгінгі заманға топтастыруы, олардың қатарына еліміздің мақтанышы Тоқтар Әубәкіровтың протатипін қосуы авторлық ізденісті көрсетеді. Сонымен қатар Бейсембай Сүлейменовтың «Туған күніңмен, Айтұмсық», «Горилла – адам» атты туындылары қазақ, орыс, ағылшын тілінде жеке кітапша болып жарық көрді.

Әлібек Файзуллаұлының «Өтірік айтпайтын күн» әңгімелер мен ертегілер, хикаят пен аңыз-дастандар жинағы балалар мен жасөспірімдерге тәрбиелік, тағылымдық мәні мол туындылар. Қысқа сюжетке құрылған әр әңгіменің астарында тәрбиелік мән бар. Абайдың «Жаман дос – көлеңке: басыңды күн шалса – қашып құтыла алмайсың, басыңды бұлт шалса – іздеп таба алмайсың» деген қанатты сөзінің негізіне құрылған «Көлеңке дос» әңгімесі мақалдың мағынасын жас балаларға түсіндірген, герменевтикалық әдісте жазылған әңгіме.

«Тілекші», «Өтірік айтпайтын күн» әңгімелерінен жақсы көру мен әділ болуды, жақындарын алдамауды, «өтіріктің құйрығы бір тұтам» екендігіне тоқталады. «Темекі» әңгімесі арқылы ата-ананың әр қадамын абайлап басу керектігін, бала үлкендерге қарап бой түзейтінін меңзейді.

Әділбек Салықбайдың «Айдана мен Ақжолтай» әңгімелер мен хикаяттар жинағы бүгінгі заман бейнесін балалардың образы арқылы аша түскен. Кітаптың өн бойында мейрімділік пен достық, төзімділік пен қайсарлық, әділдік пен адалдық қамтылған. Сонымен қатар шығармада бірқатар діни мотивтер кезігеді.

Әділбек Салықбайдың «Санжар» хикаясы – табандылық пен төзімділікті, отан сүйгіштік пен намысты көрсететін туынды. Кішкентай ғана Санжардың үлкен додаларда өзін-өзі қамшылауы оқыған жастың рухын өсірері анық. Шығармадағы Санжардың ойы арқылы негізгі фонға шығып отыратын кейіпкер – әкесі. Санжардың әке үмітін ақтау, әкенің сенімінен шығу жолындағы қажырлы еңбегі бүгінгі таңда құлдырау процесіне түскен әке статусын біршама көтере түседі.

Жазушы Сәуле Досжанның «Ауылдан шыққан миллионер» атты екі кітабы бүгінгі күннің бестселлеріне айналды. Бес жасында әкесінен айырылған Жомарттың өмірге құлшынысы мен еңбекқорлығын баяндаған шығарма – көркем оқиғаға құрылған нағыз мотевациялық еңбек. Шығарманың өн бойында алақан жаюды ар санаған, қаймағы бұзылмаған қазақы танымның исі аңқиды. Жетім мен жесірдің тағдырын баяндау арқылы қиындықпен күресудің жолы еңбек, қанаты мақсат екенін көрсетеді.

Шығармадағы Жібек образы арқылы келіннің әулетіне құрметін, ұмыт бола бастаған ырым, тыйымдарымызды, сонымен қатар қайсарлықты бейнелейді.  Мұқан мен Дәулетбек образы арқылы жетімді жебеу мен қазақы дархандықты жеткізеді. Дәулетбектің балаларының айыбына жалғыз жүйрігі «Желжүйрікті» келінінің босағасына байлауы нағыз мәрттік болса. Келіні Жібектің жауабы жалғызымның басын жардың, Жолдыбайымнан қалған жалғыз тұяқты жараладың деп байбалам салмай.

– Қайнаға «бас жарылса – бөрік ішінде», – деген, Ағайын адамсыз. Жолдыбай алдыңызда тақ тұратын. Бұлда бір балаңыз... Үлкен басыңызбен алдыма келіп отырсыз, сізге рақмет! – деп жауап беруі асқан даналықтың белгісі іспеттес, бүгінгі аналардың бойынан іздейтін негізгі қасиеттердің бірі.

Әкесіз өмірдің ауыр күндерін, жетімдіктің ащы дәмін Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» хикаясынан көре аламыз. Оқиғасы қою, тілі жеңіл қылып өрілген шығармада жазушының балалық шағы шынайы суреттелген. Мұнда автор типтік бейне жасауды мақсат етпегенін аңғаруға болады.

Ділдәр Мамырбаеваның «Әке мен бала» әңгімелер мен хикаяттар жинағы – бала психологиясын ашып көрсеткен туындылар. Балалардың өтпелі кезеңдегі дағдарыстары мен жастық амбицияларын ашуға тырысқан туындыларды көбінде ересек балалар мен ата-аналар оқитын ересектерге арналған шығарма дегіміз келеді.

Жаңабек Шағатайдың «Ауылдың кішкентай археологтары» кітабына әңгімелер мен хикаяттары топтастырылған. Ата-ананың балаға деген мейрімін ешбір техника алмастыра алмайтынын «Рымтай, робот және инеліктер» атты әңгімесінен байқаймыз. Жаһандануға құлаш сермеген заманда мейірімді де бір уақ естен шығармау керектігін барынша насихаттауға тырысқан автор, әр шығармасында осы идеяны баса көрсетуге тырысады. «Ауылдың кішкентай археологтары» хикаясында Құмар мен Петрдің бір-біріне деген жанашырлығы, өзі буыны қатпаған бала бола тұра, Құмардың Сабырханды далада қалдырмай бәйек болуы достыққа адалдықты көрсетсе, Беріктің «Ең әуелі «ата, әже» деп жазуды үйренер едім» – деуінен, қоғамда қарттардың тәрбиесі кем түсіп, ата-әже мейірімін сезінбей өсіп келе жатқан ұрпаққа жанашырлық сезіледі.

Отбасы құндылықтары сөз етілген туынды – Заря Жұманованың «Күләйша, Рокфеллер және басқалар» кітабы. «Күләйша, Рокфеллер және басқалар» әңгімесінде оқиға кішкентай қыздың баяндауы арқылы суреттеледі. Қаланың тіршілігі мен қала өміріне бейімделмеген қарттың күйі. Маңайындағы ағайынмен араласуы – барлығы далада өскен қазақтың психологиясын анық бейнелейді. Шығармада қала адамының психологиясы мен ен далада еркін өскен адамның психологиясы паралель сипат алады.  Ата-анасы мен бала арасындағы қарым-қатынасты шынайы бейнелеуге тырысқан автор бүгінгі күннің жаргон сөздерін пайдаланған. Шығарманың негізгі идеясы бай бол, кедей бол адамдық қасиетті жоғалтпауға шақырады.

Заря Жұманованың мысалдары да кішкентай оқырманға ой салатын шығармалар. Автор шығармаларында оқырманға ақыл айтпайды, тек кейіпкерлерінің іс-әрекеті арқылы ой салып, негізгі шешімді қабылдауды оқырманның өз еркіне қалдырып отырады. Осы арқылы бала бойына шешім қабылдау мен жақсы-жаманды ажырата білу қасиеттерін дарытуға ат салысады.

Қорта айтқанда 2021 жыл қазақ әдебиеті үшін өнімді жылдардың бірі болды. Қаламгерлеріміз мемлекет тарапынан қолдау көріп, көптеген кітаптар жарыққа шықты. Ендігі уақытта саннан сапаға көшіу мақсатында авторларға ұсыныс ретінде айта кететін негізгі мәселе –  балалардың жас ерекшеліктеріне қарай жазу. Бізде ондай кітапшалар бар, бірақ тілі күрделі. Енді әріп танып келе жатқан балалар көп сөздің мағынасын ұқпай мүдіріп қалады. Сондықтан әр жас деңгейіне қарай күнделікті қолданыстағы сөздердің синонимдерін пайдалануға тырысса. Немесе көркем шығармалардың оқиғалар желісін ғана сақтап бала тіліне лайықтап және қазақ тілін жетік білмейтін адамдарға лайықтап шығармаларды өзгертетін орталық құрылса. Ондай орталықтар шығармаларды бет алды өзгертпей автордың келсімі арқылы жұмыс жасаса деген ұсынысым бар.

 

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер

институтының аға ғылыми қызметкері. PhD,

 Хуатбекұлы Ерканат