АЙЫМ АЛТАЙҚЫЗЫНЫҢ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ЕРТЕГІЛЕРІ

Қанағатсыз құмыра

(заманауи ертегі)

Ертеде ең қымбат шыныдан жасалған өрнегі өзгеше құмыра болыпты. Ернеуіне алтын жалатылып, өңірі небір асыл тастармен зерлеген құмараны көрген жұрт “енді жалғыз жүре бермей теңіңді тап, сұлу гүлдердің бірін алып, басыңа қондыр” деп кеңес айтатын болды. Сыр сымбаты келіскен құмыра осылайша өзіне өмірлік серік болатын гүл іздеуге аттанады.

Құмыра көп ұзамай ғазал бақта өсіп тұрған алқызыл раушан гүлін көреді. Табиғат жаратқан хас сұлудың көркіне есі кеткен ол  сол бойда гүлге сезімін білдіріпті. Құмыраның сымбатына сүйсінген раушан да оның ұсынысын қабыл алады.

Сөйтіп, сұлу құмыра мен раушан гүлі жұп болыпты. Алайда, күн өткен сайын гүлден ажар кете бастайды. Құлпырған бақша гүлі көп ұзамай әбден солып қып-қызыл реңін де жоғалтыпты. Өзінің көркін қашыра бастаған гүлден мезі болған құмыра жаңа гүл табу үшін жолға шығады. Сөйтіп тау етегінде өсіп тұрған бәйшешектерге жолығады. Сұлу гүлдердің бірінің сабағын үзіп алып оны да басына қондырады.

Басында нәзік болып жайқалған бәйшешек те уақыт өте келе көркінен айырылады. Құмыра бұл гүлдің де тағдыры қысқа болғанына еш қынжылған жоқ.  Әдетінше басқа гүлдерге көз салып, сейіл құруын жалғастыра берді.  Бір қызығы, жайқалған гүлдің бәрі де құмыраға салғаынғаннан кейін тез солып қала берген екен. Қызғалдақ, еңлікгүл, қырмызы, түймедақ… Құмыраға салынған әлемнің әсем гүлдерінің бәрі кезекпен қурап қала беріпті.

Бір құшақ қураған гүл арқалаған құмыраға бұрынғыдай ешкім құрметпен қарамайтын болды. Әр гүлге сезімін білдіріп жүргенде құмыраның да шырайының шырқы кетіп, тоз-тоз болып қартайып тынады.

Сүлдесін сүйретіп келе жатқан құмыра бір күні ғажайып гүлге кезігеді.  Көздің жауын алатын гүлдің күлтелері құдды нұр шашып тұрғандай еді. Алыстан арбаған гүлді көрмекке жақындап барса, әсем гүлдің сабағы қыштан жасалған қарапайым ескі құмырада тұр екен.

Шыныдан жасалған қымбат құмыра өз көзіне өзі сенбейді. “Ей құмыра, шыныңды айтшы. Дүниеде мен көрмеген гүл қалмады. Бәрінің жұпарын жұтып, көп гүлді басыма қондырдым. Өзім таза хрустальдан жасалған  қымбат құмырамын. Бірақ, гүл таңдаудан жолым болмады. Басында сұлу көрінген гүлдің бәрі маған қосылғанда солып қала берді. Ал, сен қыштан жасалған  арзан құмырасың. Мынандай хас сұлуды өзіңе қалай қараттың?” дейді таңданысын жасырмастан.

Сонда қыш құмыра ойланбастан:

“Уа, бауырлас. Біріншіден, мен бұл гүлді шын ұнатқан едім. Өз бақытымды жолықтырған күні, ғұмырымды бір гүлге арнап өтуге серт еткем. Оған жақсы жағдай жасау үшін алдымен ішімді суға толтырдым. Одан кейін күн шуағы мол түсетін жерден орын таптым. Кейін оны басыма қондырған соң күн сайын сезімімді білдірдім. Басқа гүлдерге мойын бұрып та қарамадым. Сабағына нәр барып, күн шуағына еркелеп жүріп гүлім де құлпыра түсті. Гүлім жайқалып тұрғанда менің арзан құмыра екеніме ешкім мән де бермейді. Сен гүл таңдаудан емес, оны баптаудан қателестің.” дейді. 

Өзінің сымбатына ғана сенген шыны құмыра өзінің түбіне жеткен “қанағатсыздық” екенін  сонда түсініпті.

 

Қос қуыршақ

(үлкендерге арналған ертегі)

         Ертеде бір шебер екі бірдей әдемі қуыршақ жасап шығарады. Сүйіспеншілікпен жасалған қуыршақтардың екеуі бірінен-бірі өткен сұлу  еді. Шебер өз туындысына қызығушалар табылар деген ниетпен қуыршақтарды шағын дүкеніне апарып қояды.  Қараңғы шеберханадан шығып, жарық терезенің алдындағы сөреге орналасқан екі қуыршаққа сол сәтте жан біткен екен.  

 Ақ көйлекті қуыршақ айналасындағы қайнаған тіршілікке қарап мәз болады. Ал, күлгін көйлекті қуыршақ әйнектегі өз сұлбасына сүйсінеді. Дүкенге келген адамдардың бәрі қуыршақтардың сән-салтанатына қызықпай өтпейтін. Адамдардың өзіне ауған назарын ұнатқан күлгін көйлекті қуыршақ осы дүкенде мәңгі қалып, бәрін таң қалдыра беруді тіледі. Ал, ақ көйлекті қуыршақтың аңсары терезенің сыртындағы әлемге ауып тұратын. Оның тілегі - әйнектің арғы жағындағы әлемге апаратын бір адамның қуыршағы болу еді.

Екі қуыршақ та іштей өз тілектерін қайталаудан тынған жоқ. Күлгін көйлектісі - адамдар қызыққан сайын мәңгі осылай сұлу қалпында сөреде тұруды мақсат тұтты. Ақ көйлектісі - адамдар өмірінің бір бөлшегі болуды қалады. Арада көп уақыт өтпестен дүкенге үш-төрт жасар қызын ерткен әйел келді. Ол тоқыма  жіптер сатып алып тұрғанда кішкентай қыз екі қуыршақты айналшықтап жүреді. Өзіне адам баласының жақындағанын жақтырмаған күлгін көйлекті қуыршақ “ажармыды бұзады, маған тиіспесін” деп қабағын түйіп алады. Сүйкімді қыздың қылығына сүйсінген ақ көйлекті қуыршақ оған күлімсірей қарайды.

     Кішкентай қыз әлбетте жүзі жылы қуаршаққа ұмтылады. Сол күні анасы мен қызы күлімдеген қуыршақты сатып алып үйге қайтты. Бұл оқиға күлгін көйлекті қуыршақты қатты қуантса керек. «Адамдардың қолында қор болғанша, сыр-сымбатымды бұзбай осында тұра бергенім жақсы» деп ойлады ол. Күні бойы кербез қалпымен келушілерді тәнті еткен қуыршақ, қасына адам жоласа қабағын түйіп алатын. Сондықтан, оны ешкім де сатып ала қойған жоқ.

     Күлгін көйлекті қуыршақ бір күні терезден бұрынғы ақ көйлекті құрбысын көріп қалады. Әлгінде дүкенге келген қыз оны себетке салып қыдыртып жүр екен. Қуыршақ бұрынғысынан да құлпырып кеткен. Иесі оның шашын өріп ұшына бантик тағып та қойыпты. Қанша қызықса да ол өзіне қарап қолын бұлғап амандасқан ақ көйлекті досын байқамағандай болып безеріп тұра берді. «Кішкентай қыз қызығы басылғанда қуыршақты тастай салады. Ал мен мәңгі сұлу қалпымда қалам» - деп өзін-өзі жұбатты ол.

     Арада біраз жылдар өтті. Терезенің алдында жылдар бойы тұра берген күлгін түсті қуыршақтың кейпі адам танымастай өзерді. Күн көзінен бояуы өшіп, сүйсінер сұрқы қалмапты.

Жыл артынан жыл жылжыды. Қуыршақтарды жасаған шебер де қартайып, өмірден озған екен. Ескі дүкен жабылып, керексіз дүниенің бәрі қоқысқа тасталды. Қанша қаламаса да күлгін түсті қуыршақ та қоқыс алаңына аттаныпты. Лас заттардың арасында өзінің мәнсіз өткен өміріне налып жатып ол өзіне таныс бейнені байқап қалады. Байыптап қараса ол баяғыда шебер жасаған ақ көйлекті қуыршақ екен. Құрбысын көріп қуанған қуыршақ одан өткен өмірі жайлы сұрай бастайды. «Мен ғұмыр бойы дүкен сөресінде тұрдым. Адамдар маған басында қызығып қарайтын. Кейін ешкім менің көркіме таң қалмайтын болды. Ал сен адамдармен өмір сүрдің. Өміріміз әр түрлі болса да түбінде қоқыста жатырмыз ғой...», - деді күлгін көйлекті қуыршақ осы сөздерден медеу тапқандай.

- Білесің бе құрбым!? Мен өз өмірімнің осылай өткеніне, қазір қоқыста жатқаныма еш налымаймын. Маған керемет отбасының мейірімді қызының ойыншығы болу бақыты бұйырды. Мен өз қожайынымның әр қуынышында қасында болдым. Ол қорыққан кезде мені құшақтап жататын. Екеуміз көшеде бірге серуендейтінбіз. Құрбылары да маған қамқор еді. Мен ол қыздың қалай бой жеткеніне куә болдым. Есейгенде ол менімен сирек ойнайтын болды. Бірақ ешкімге айта алмайтын сырларын маған ақтаратын. Кейін қожайын қыз өсіп отбасын құрды. Сосын дүниеге келген қызына мені тарту етті. Ол балақай да маған жаман қараған жоқ. Мен сол отбасының бір мүшесіне айналып кеттім. Бір ғұмырымда қанша нәрсе басымнан өтті. Қоқысқа да кездейсоқ тап болдым. Бірақ сезініп көрген сезімдерім мен әдемі сәттер үшін осы күніме де ризамын», - деп тіл қатты ақ көйлекті қуыршақ.

Қуыршақтар өз тілектеріне сай өмір сүрді. Тек күлгін түсті қуыршақ дүкен сөресі мен терезеден басқа ештеңе көрмей өткеніне өкініп жатты. Адамның да тілегінің орындалуы қиын емес. Тек «таңдаудан» жаңылмасақ болғаны..