МИНИСТР АҚТОТЫ РАЙЫМҚҰЛОВА ХАНЫМ НАЗАРЫНА!

МИНИСТР АҚТОТЫ РАЙЫМҚҰЛОВА ХАНЫМ НАЗАРЫНА!

2021 жыл елімізде «Балалар әдебиеті жылы» болып жарияланғаны белгілі соған байланысты Ақтоты Райымқұлова Tengrinews.kz порталына сұхбат берген екен.

Министр өз сұхбатында: «Айналасына оқуға құштар достары мен замандастары жиылған, үйінде сөре тола кітап тұрған бала адамзатты мейірімге шақыратын аса құнды дүние – кітап әлемі бар екенін біліп өседі. Балаларға білімге тек оқу ғана жетелейтінін жете түсіндіру керек. Бұл – бәріміздің жеңісіміздің кілті», - депті.

Дұрыс қой, алайда, биылғы «Балалар әдебиеті жылы» өз мәнінде өтіп жатыр ма?

Бұл үлкен республикалық шараға бюджеттен 227 миллион теңге бөлінгенін білеміз, алайда, жылдың сегіз айы өтіп кетсе де, не бір кітап шыққанын, Сіздердің тарапыңыздан не бір балаларға арналған әдеби конкурс жарияланғанын көрмедік.

Жазушылар биылғы жылы жемісті еңбек етті, баспагерлер өз күштерімен балалар кітаптарын басып шығарып жатыр. Бірақ бұған мәдминнің қатысы шамалы. Бұл іс-шаралар балалар әдебиеті жанашырларының өз бастамасымен жүзеге асып жатыр.

Мемлекеттен қыруар қаржы бөлінсе де, оның әлі игерілмей жатқаны қаламгерлер қауымын алаңдатып отыр.

Олай дейтінім, «Балалар әдебиеті жылы» жариялана салысымен, қазақстандық балалар жазушылары топтасқан чат құрылған болатын, қазіргі кезде ол жерде жүз шақты адам бар. Кеше жарыққа шыққан Ақтоты Рахметоллақызының сұхбаты бүгін сол жерде қызу талқыланды.

Ендігі қаламгерлердің уайымы, сол грант расымен, балалар жазушыларының қолына тие ме?

Қаламгерлер бүгін бұған сене қоймайтынын жеткізді.

Министр өз сұхбатында: ««Биыл жалпы таралым саны 120 мың дананы құрайтын қазақстандық және шетелдік авторлардың 40 еңбегін жарыққа шығаруды көздеп отырмыз. Бұл кітаптар еліміздің кітапханаларына таратылады. Біз қазақ балалар әдебиетін қалыптастырушы – қазақстандық балалар жазушыларының да қолдауға мұқтаж екенін білеміз», - депті.

Балалар жазушылары «небәрі қырық автордың кітабы жарық көреді» дегенге наразы, бұл тым аздық етеді деген ойда. Біз ол тізімнің баяғыда бекітіліп қойғанын білеміз, бірақ тізімге кімдер кірді? Қандай критериймен? Ол жағы жалпыға әлі беймәлім.

Министр атап өткендей, «қазақстандық балалар жазушылары қолдауға мұқтаж» екені рас, көп талантты авторлар кітаптарын жарыққа шығара алмай, қазіргі кезде қолдары байланып отыр, министр ханым.

Тағы бір мәселе, неге осы кезге дейін конкурстар жарияланбады? Бұл балалар әдебиетіне жаңа есімдер әкелуші еді ғой? Енді жыл соңына дейін небәрі төрт ай қалды. Бұл аз мерзімде бөлінген 227 млн. теңгені қалай игермексіздер?

Ақтоты Рахметоллақызы өз сұхбатында: «Кітап палатасы мемлекеттік бағдарламаға арнайы платформа әзірлеп, онда өтініш білдірген авторлардың еңбектерінің қысқаша мазмұнын жариялады. Еліміздің әрбір азаматы осы плтаформада өзіне ұнаған кітапқа дауыс бере алады», - деген екен.

Лайк басу арқылы кітап сапасын анықтау өте тиімсіз тәсіл. Кез келген әнші, жұлдыз кітап "жазып", миллиондаған оқырмандары арқылы лайк жинай алады. Әдебиет тағдыры лайк арқылы шешілмеуі керек, бұл мәселеге біраз байсалдырақ қараған дұрыс-ау.

Сұхбат беруші 2017 жылдан бері 60 қазақстандық жазушыға қаламақы төленгенін алға тартыпты. Қаламгерлер жыл сайын түрлі мемлекеттік наградаларға ұсынылып, оның ішінде үздік жастар Президенттік стипендиямен марапатталатынын айтыпты.

Республиканың түкпір-түкпірінен жиналып, чатымызда бас қосып отырған жүз шақты балалар жазушылары «Балалар әдебиеті жылы» басталғалы, яғни, осы сегіз ай ішінде ешқайсы бір де бір қаламақы, немесе грант алып көрмепті. Ішінара жекелеген баспалардан кітаптары шығып жатқандары бар. Бірақ балалар жазушылары өздеріне қаламақы, кітап сату, кітап насихаты, түрлі марапат, шығармашылық грант жағынан шынайы қолдау керек екенін айтып жатыр Сізге!

Сұхбат, есеп бергенде, сөздеріңіз көңілде үміт оятады, бірақ көп сөздеріңіздің шындыққа жанаспайтынын жақсы білетін, жұмыстарыңызды жіті қадағалап отырған жүз пар көз бар екенін де ұмытпаңыздар, министр ханым!

 

Анар Кабдуллина, әдебиет сыншысы