ЖАҢАЛЫҚТАР
Ақтөбеде «Жыр қанатты қаған» кубогының иегері анықталды

«Рухнама» шығармашылық орталығының С.Бәйішев атындағы әмбебап ғылыми кітапxанада құрылғанына екінші жылдың жүзі болса да «Жыр қанатты қаған» атты конкурсты екі рет өткізіп үлгеріпті. Конкурс қатысушылары «Жыр қағанаты» атағымен қоса кубок иегері атанады.  «Рухнамалықтардың» «анасы» атанған ақын Гүлімай Әбішқызының айтуынша, клубқа тіргелген жергілікті жас ақын-«құлыншақтардың» саны 60-қа жуық екен. Биылғы жыл іріктеуден өткен 14 ақын жиналған көпшілік алдында бақ сынасып, жөпелдемеде суретке қарап өлең жазып, классик қазақ ақындарының өлеңін әрі қарай жалғастырып жазу сияқты шағын мастер-класстық шеберлік өткізді.  10 минуттың ішінде таңдалып алынған суреттің образын ашарлық өлеңін жылдам жазып, ұтқырлықпен сөз саптау – жазуға төселген кей ақынның да қолынан келмесі анық. Тапқырлықпен ұйымдастырылған сайыстың өтімділігі сол – көпшілік тапжылмай демін ішіне жұта қызықтап отырды. Өйткені, жас ақындар қауырсын-қаламдарын қағып, қызара бөртіп, әр бұрышқа тығылып шабытын шақырып жырын жазды. Әр кезеңнен өте алмай қалып, «Жыр қағанаты» үшін жан берген ақындардың жүзінде реніш, әділ өтпеді дейтін наразылықтың табын байқамадық. Қайта қабілетін қайраққа салып жанығандай, өзара бір-біріне тілекші жастарға ризашылығын айтқан Мейірхан Ақдәулетұлы көптің ішінен хас талантты танып, бас жүлдені табыс етті. «Жыр қағанаты – 2019»-дың иегері – Мәртөк ауданының Сарыжар аулының Хлебодаровка орта мектебінің 11-сынып оқушысы Анжелика Өтепбергеноваға бұйырды. "Жыр қанатты қаған" кубогінің өзі авторлық шығарма, оның құрылуына Облыстық Халық шығармашылық үйі демеушілік етіпті. Әділқазылардың төрағасы Мейірхан Ақдәулетұлы «Анжелика талантты ақын. Төселген, құйылып тұрған ақын» деп бағасын берді. Төменде Анжеликаның екі өлеңін тарту етеміз.

 

***

Өлең деген

Сезіну,

Жауғанын жаңбырдың.

Күлгенін тағдырдың

Ақ ұлпа қарларға еліктеп

Айғағын қалдырмау бар мұңның

 

Ақынға қашанда

Жаза-мұң,

Мен жанымның азабын

Жазамын.

Тыныштық табардай

Бар әлем

Естілсе алыстан

Ғазал үн.

 

Көңілдің кіршіксіз жырлары,

Ақынның бітпейтін мұңдары.

Үзілсе, үзілер үміт те

Қиялдың байланыс сымдары.

 

Ғазалды

Ғаламға табыстап

Кетердей алыс бақ.

Жоқ ойым өлеңмен жарыспақ

Қағанша болсам ғой,

Ғазалды кетер ем ғарышқа ап.

Алыстап...

 

***

Неліктен?

Еркелейді неліктен тағдыр маған,

Кезеңдерін ұмытып таңды ұрлаған.

Бойжеткеннің бұлыңғыр өмірінде,

Теріс қарап күледі сан мың ғалам.

 

Шақырмайды неліктен жыр әлемі?

Назарға алу керек қой мына мені.

Тағдырымды Тәңірден сұрағанда,

Тағдырыңды өлеңнен сұра деді.

 

Неліктен жетелйді дала мұңға?

Бір үміт жүр шық толған жанарымда.

Бір сәуле жүр бақыттың құшағында,

Бір өлең жүр ілініп қаламымда.

 

Неліктен жырларымның мұңы басым,

Мен жыласам өлеңмен жуынасың?

Жап-жас болып қартайған жүрегімнің,

Шыдай алмай кетемін сырына шын.

 

Неліктен көрінеді қала мұңды,

Біле ме, әлде мұңнан ән саларымды.

Бәрібір көңіл шіркін біледі ғой,

Бақытты боларымды...

 

qalamger.kz