ЖАҢАЛЫҚТАР
«Кемел дастаны»

Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына орай жаңа музыкалық шығарма дүниеге келді

Ұлттың рухани жадын жаңғыртып, тарихи-мәдени мұраны ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына орай қазақ музыкасының қоржыны жаңа туындымен толықты.

«Кемел дастаны» деп аталатын музыкалық шығарманың авторы – Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Қорқыт» этно ансамблінің көркемдік жетекшісі, композитор Шолпан Қорғанбек.

Жаңа туынды – тарихи тұлғаның тағылымды ғұмыры мен ұлт мәдениетіне сіңірген еңбегіне арналған музыкалық тағзым. Композитор шығарма арқылы халқына қызмет етуді өмірлік мұрат еткен Өзбекәлі Жәнібековтің ел тарихына, ұлттық өнер мен мәдени мұраға деген жанашырлығын әуен тілімен жеткізуге ұмтылған.

Өзбекәлі Жәнібековтің есімі қазақтың тарихи-мәдени мұрасын түгендеу, ұлттық құндылықтарды қайта жаңғырту ісімен тығыз байланысты. Ол халқымыздың салт-дәстүрі мен қолөнерін, көне жәдігерлері мен тарихи мұрасын зерттеуге, сақтауға және ел игілігіне қайтаруға айрықша еңбек сіңірді. Ұмыт бола бастаған ұлттық құндылықтарды қайта түлету жолындағы қызметі қазақ руханияты тарихында ерекше орын алады.

Шығарма атауында да терең мән бар. «Кемел» сөзі тұлғаның парасат-пайымын, азаматтық болмысын, ел алдындағы еңбегінің салмағын аңғартса, «дастан» ұғымы бір адамның ғибратты ғұмырын тұтас дәуірмен, ұлт тарихымен сабақтастыра баяндайтын кең тынысты мазмұнға жетелейді. Сондықтан «Кемел дастанын» бір тұлғаға арналған музыкалық арнау ғана емес, ұлтқа қызмет етудің мәнін әуенмен өрнектеген туынды деуге болады.

Шығарманың музыкалық иірімдерінде туған жерге деген перзенттік сүйіспеншілік, тарихи мұраға құрмет пен ұлттық өнерге адалдық астасып жатыр. Автор Өзбекәлі Жәнібеков өмір бойы берік ұстанған елге қызмет ету мұратын музыка тілі арқылы бүгінгі тыңдарманға жеткізуге талпынған.

Өнер – ұрпақтар арасын жалғайтын рухани көпір. Ал музыка халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан жадын, дүниетанымы мен сезімін сақтап, кейінгі буынға жеткізетін айрықша өнер. Осы тұрғыдан келгенде, «Кемел дастаны» өткенге тағзым етумен шектелмей, ұлттық құндылықтар сабақтастығын бүгінгі буынмен жалғайтын шығарма ретінде мәнді.

Жаңа туындыны алғаш рет Қазақстанның КИнЭС рекордтар кітабына енген «Қорқыт» этно ансамблінің өнерпаздары орындайды.

Ұлт мәдениетінің көрнекті тұлғасына арналған «Кемел дастаны» – тарихқа тағзым, рухқа құрмет, келер ұрпаққа аманат болған музыкалық дүние.