
Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында қазақтың әйгілі әншісі, композитор Манарбек Ержановтың 125 жылдығына арналған «Манарбек Ержанов – ұлт өнерінің аңызы» атты еске алу кеші өтті. Мерейтойлық шарада өнер майталманының шығармашылық мұрасы дәріптеліп, әндері мен күйлері қайта жаңғырды.
Алматы қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өткен тағылымды кеш «Манарбек мұрасы» көрмесінен басталды. Көрермендер әнші-композитордың өнер жолына арналған көрмені тамашалап, «Сазген» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің орындауындағы күйлерін тыңдады.
Кештің ашылуында Алматы қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Арман Халбеков пен өнер иесінің қызы Гауһар Манарбекқызы сөз сөйлеп, Манарбек Ержановтың қазақ музыка мәдениетіндегі орны мен шығармашылық мұрасының маңызына тоқталды.
Концерт шымылдығы «Адырна» фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен «Алтынай» би ансамблінің өнерімен түрілді. Кештің әсерлі сәттерінің бірі – Манарбек Ержановтың өз дауысымен сақталған «Шегенің термесі» жазбасының тыңдарманға ұсынылуы болды. Атақты әншінің үнін көрерменге қайта естірткен бұл туындыны дәстүрлі әнші Нұрболат Исаев сахнада жалғастырып әкетті.
Мерейтойлық бағдарламада дәстүрлі ән өнерінің өкілдері Манарбек Ержановтың репертуарындағы және халық жадында сақталған бірқатар шығарманы орындады. Атап айтқанда, Мақпал Қазыбекқызы «Балқадиша», Зарина Рахманбердиева «Желдірме», Әділ Ахметжан «Ақ қурай», Дүйсенбек Өмірәлиев «Сайра бұлбұл» мен «Қойшының әні», Мадина Шарипова «Бақыт жыры», Жігер Омархан «Жетісу» әндерін шырқады. Сондай-ақ Ақгүл Жиенбаева, Нұрболат Ұзақбай, Гүлім Алшынова, Ерғали Ағайдар, Диас Мұратхан мен Рауан Әбілбаев өнер көрсетіп, ұлттық ән өнерінің бай мұрасын көрерменге ұсынды.
Кешке арнайы шақырылған өнерпаздар да мерейтойлық бағдарламаның мазмұнын байыта түсті. Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек Аркенов Манарбек Ержановтың «Паравоз» шығармасын орындаса, Е.Рахмадиев атындағы Астана мемлекеттік академиялық филармониясының солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арайлым Рахымқызы «Көк көгершін» әнін шырқады.
Тағылымды кеш Айзада Қазыбекқызы мен «Алатау» фольклорлық ансамблінің орындауындағы «Ахау, керім» халық әнімен түйінделді. Финалдық композиция кезінде барлық өнерпаз сахна төріне көтерілді.
Манарбек Ержанов қазақтың дәстүрлі әншілік мектебін кәсіби сахнамен ұштастырып, ұлттық музыка өнерінің дамуына елеулі үлес қосты. Оның орындаушылық шеберлігі мен шығармашылық мұрасы кейінгі буын әншілеріне өнеге болып келеді. Алматыда өткен мерейтойлық кеш те әйгілі өнерпаздың әншілік дәстүрі үзілмегенін, ұлт жадында сақталған асыл мұраның бүгінгі сахнада жаңаша тыныстап жатқанын көрсетті.