ЖАҢАЛЫҚТАР
Түркістанда «Voice of Turan – 2026» фестивалі өтеді

25–27 қыркүйек күндері Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» туристік кешенінде халықаралық «Voice of Turan – 2026» қазақ әндері фестивалі өтеді. Ашық аспан аясында ұйымдастырылатын өнер додасы биыл жетінші рет көрерменге жол тартпақ.

Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен өтетін халықаралық фестиваль қазақ музыкасы мен қазақстандық авторлардың үздік шығармаларын шетелдік тыңдарманға таныстыруды көздейді. Сонымен қатар жоба көне Түркістанның тарихи-мәдени келбетін әлемге кеңінен насихаттауға бағытталған.

Биылғы ән додасына Франция, Испания, Италия, Сан-Марино, Тунис, Венесуэла, Индонезия, Ватикан, Беларусь, Болгария, Грузия, Армения, Мексика, Марокко, Куба, Гвинея және Бразилиядан, сондай-ақ Тыва, Қарачай мен Башқұртстаннан өнерпаздар қатысады.

Үш күнге жалғасатын фестиваль тек ән байқауымен шектелмейді. Оның аясында қолөнершілер ауылы құрылып, түркітілдес елдердің дизайнерлері өз туындыларын таныстырады. Түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, түркі әлеміне танымал өнерпаздар бір сахнада бас қосады.

Фестивальдің негізгі мақсаты – Ұлы далада қалыптасқан ән өнерін әлемдік мәдени кеңістікке шығару, қазақ музыкасының халықаралық беделін арттыру және Түркістанды түркі дүниесінің рухани-мәдени орталығы ретінде кеңінен таныту.

Жобаның бас продюсері – Мейіржан Алиакбаров. Фестивальдің қазылар алқасы мен құрметті қонақтары қатарында Құрмаш Махан, Жұбаныш Жексенұлы, Сырым Исабаев, Ғаділбек Жанай, Серік Ибрагимов, Гүлсім Мырзабекова, Әли Өтенов және Мейіржан Алиакбаров бар.