
Жетісу облысының Алакөл ауданындағы Ақши ауылында «Алакөл толқыны» мәдени-туристік фестивалі өтті. Республикалық оқиғалар мен іс-шаралар күнтізбесіне енген шараға 5 мыңнан астам адам қатысты.
Фестивальге Қытай, Ресей, Беларусь, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген туристер мен қонақтар, еліміздің әр өңірінен келген демалушылар және жергілікті тұрғындар қатысты. Шараны 40-қа жуық блогер ақпараттық тұрғыда насихаттап, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдардың жалпы қамтылуы 5 миллионнан астам қаралымға жетті.
Фестивальдің ашылу рәсімінде Алакөлдің табиғи ерекшеліктері, туристік әлеуеті мен тарихи-мәдени құндылықтары таныстырылды. Арнайы бейнеролик арқылы өңірдің көрікті жерлері мен туристік мүмкіндіктері көрсетілді.
Ресми бөлімде Жетісу облысында туризм саласын дамыту, туристік инфрақұрылымды жетілдіру және Алакөл жағалауын халықаралық деңгейдегі туристік бағытқа айналдыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар айтылды.
.jpeg)
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев Алакөлдің еліміздің туризм саласындағы стратегиялық маңызына тоқталды. Сондай-ақ мәдени-туристік жобалардың Қазақстанның туристік имиджін қалыптастырудағы рөлін атап өтті.
Фестивальдің концерттік бағдарламасында танымал орындаушылар Turar, Ayree және Асель Мекебаева өнер көрсетті. Әншілердің орындауындағы танымал шығармалар жағалауға жиналған көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Іс-шара барысында ходулистердің қойылымдары, тірі мүсіндер мен алып ойыншық кейіпкерлердің бағдарламасы ұсынылды. Қонақтар интерактивті ойындарға қатысып, арнайы сыйлықтарға ие болды. Фестиваль аумағында фотозоналар да ұйымдастырылды.
Кешкі бағдарламада DJ-дің қатысуымен заманауи музыкалық кеш өтіп, лазерлік жарық шоуы мен көбікті кеш ұйымдастырылды. Фестивальдің соңы Алакөл аспанын түрлі түске бөлеген мерекелік отшашумен аяқталды.
«Алакөл толқыны» фестивалі Алакөлдің туристік әлеуетін танытуға, ішкі және келу туризмін дамытуға, сондай-ақ өңірдің мәдени-туристік тартымдылығын арттыруға бағытталды.
Маржан ӘБІШ,
«Egemen Qazaqstan»