
Кейбір ұлы істер, уақыт көшінен ғасырларды талап етпейді. Аз уақытта космостық жылдамдықтағы жетістіктерге жететіндер бар. Бәрібір бұл жетістіктің астарында үлкен еңбек пен жүйелі жоспардың жатары сөзсіз. Жетістік – бұл кездейсоқ сәттілік емес, қажырлы еңбек пен табандылықтың жемісі.
Бұл орайда айтпағым, бес жылда бес белестен биік өткен — Түркістандағы облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасы. Қайта құрылғанына бар-жоғы бес жыл уақыт өтсе де, жеткен жетістіктеріне көз сүрінеді. Мәдениет пен әдебиет жолындағы қажырлы еңбектерінің төгілген тері ақ адал. Маман өз мамандығын сүйген тұста нәтиже томпайып төбе көрсетеді екен. Су жаңа ғимаратқа басшы болып келген Шардарбекова Жанат Сәдібекқызы кітапхана саласындағы жиған білімі мен терген тәжірибесін руханият ордасынан аямады. Бес жылда нағыз мықтылар ғана нәтиже көрсете алатынын дәлелдеді десем артық емес. Кітапхананың ел арасында кеңінен танылған жобаларының бірі – «Түнгі кітапхана». Бұл жоба кітапхана жұмысын жаңа жаңа қырынан ашып тұрғандай. Оқырман мен қаламгердің арасын жақындатып, кітап пен кітапхана арасындағы махаббат пен байланысты бекемдей түседі. Кешкі мезгілде ұйымдастырылатын әдеби басқосуларда ақын-жазушылардың шығармашылық бенефистері, сыр-сұхбаттар, поэзия кештері мен еркін пікір алмасулар өтеді. Осындай тағылымды кездесулер оқырмандарға сүйікті қаламгерлерімен жүздесіп, олардың шығармашылық әлеміне тереңірек үңілуге мүмкіндік береді. «Түнгі кітапхана» жобасы өңірдің мәдени өміріндегі ең танымал әрі көпшілік асыға күтетін әдеби алаңдардың біріне айналып, кітапханаға жаңа оқырмандарды тартуға және кітап оқу мәдениетін дамытуға зор үлес қосып келеді. Мен өзімде “Түнгі кітапхана” жобасында қонақ болдым. Ол сәттегі сұлу кадрларды суреттеу үшін бөлек үлкен тақырып керек. Жүректі тебірентіп жанды толқыта білді. Мен Жанат Сәдібекқызы мен оның ұжымына “идея өндіруші машиналар” деп баға берген болатынмын. Себебі, сіз тіпті елестетіп көрмеген дүниелеріңізді мүмкін етіп қояды. Мамандардың кәсіби біліктілігі, ізденісі мен оқырманға деген жанашырлығы кітапхананың дамуына берік негіз қалап отыр.

Бес жыл – тарих үшін қысқа мерзім болғанымен, жас ұжымның қалыптасуы мен үлкен жетістіктерге жетуі үшін өте маңызды кезең. Осы уақыт аралығында кітапхана оқырман мен кітаптың арасын жалғаған рухани орталыққа айналып, білім мен мәдениеттің, шығармашылық пен ізденістің парасатты мекені ретінде танылды. Кітапхана ашылған күннен бастап тұрғындардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруды, жас ұрпақтың рухани дүниесін байытуды және ұлттық құндылықтарды дәріптеуді басты мақсат етіп келеді. Соңғы бес жылда түрлі әдеби кештер, ақын-жазушылармен кездесулер, кітап көрмелері, танымдық байқаулар мен мәдени жобалар ұйымдастырылып, мыңдаған оқырманның жүрегінен орын тапты. Өздерінің сапалы аудиториясын қалыптастырды. Бұл күні кітапхана жалпығға ортақ түсінікте тек кітап оқитын орын ғана емес, жаңа идеялар мен бастамалардың орталығына айналды. Заманауи технологияларды тиімді пайдалану, электронды ресурстарды дамыту, жастарға арналған инновациялық жобаларды жүзеге асыру арқылы кітапхана өз қызметін жаңа деңгейге көтеріп келеді. Фараб кітапханасы ағаш шеберханасы, құмыра жасау сабақтары, музыкалық студия, ретро бұрыштар т.б. дүниелерді қамтитын адамның дамуына ең ыңғайлы кең мүмкіншіліктердің мекені. Мұнда әрбір оқырманға жайлы орта қалыптасып, білім алуға, шығармашылықпен айналысуға барлық мүмкіндік жасалған.
«Қолтаңбаң қалу үшін, том-томдар қалуы міндетті емес» - деп Қалқаман Сарин ағам айтқандай, жетістік уақытқа тәуелді емес. Жетістік – еңбек пен ізденіске бағынышты. Аз уақытта мұқым қазақ жұртына есімі аян Түркістан төріндегі облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасының жемісті жұмысы көз алдымызда. Күтеріміз әлі де көп. Жанат апаймен сөйлескен сайын мен,
- Сіздер тағы қалай таңқалдырар екен? - деген сұрақ мені қызықтырады
деймін. Ал, апай болса,
- Сіздердің осы сөздеріңіз баладай күткен көңілдеріңіз, бізге келесі бір
ғажап дүниені табуға жол ашады, - дейді.
Туған күніңмен кітапхана! Бес ғасырға бергісіз бес белесің құтты болсын! Кез-келген адамның жанына тыныштық табу үшін, түбі барып басын тірейтін мекені кітапхана дер едім. Ол жерде, рухың демалып, жаның тыныстайды...
Жазушы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі
Шарханұлы Мұхаммед-Қанапия