Маргарет Хэнен жүрген жерінде көзге түсе кететін ірі түлғалы кісі екен, солай болса да алғаш рет көргенімде мен таңырқай қалдым: ол бүткіл бір центнер қанар қап астықты арбадан иығына алып ұрып, қамбаға қарай адуындай бет алып, тіп-тік басқышқа барып жеткенде ғана кідіріп тыныс алды. Бұл кемпірдің толқымастан, ауытқымастан өр күшпен, төрт басқыштың бірінен соң біріне көтерілгеніне сүйсінгенімнен мынау ауыр күштің астында екі бүктетілген тарамыс тұлғаның діңкесі құрып, иығындағы дәу қапты тастап жібереді-ау деген ойымның қайда кеткенін сезбей де қалыппын. Осынша ұлан-асыр күшті көріп, кеудіреген кемпірден көзімді ала алмай, арбаның қасында қалтардым да қалдым.
Астық толы ауыр қапты арқалап, арба мен сарайдың арасына алты рет қатынады, саусыз ба дегені болмаса, мені елең қылған жоқ. Арбадан жүгін түсіріп болып, қалтасынан оттығын алып, молтақ трубкасын тұтатты да, күс-қүс бармағымен темекінің қызыл шоғын басып-басып қойды. Қолына қарасам: сап-сары, ісініп кеткен, буындары буылтық-буылтық, қара жұмыстан тырнақтары мүжіліп, алақанын күс басқан, тілім-тілім, қайсыбір жерінен ырсиып жаңа жара көрінеді — әдетте ауыр жұмыста жүрген еркектің қолы осындай болатын. Қолының бадырайған тамыры қара жұмыстың азабын көп тартқанын, жасының келіп қалғанын аңғартады. Мынау қолына қарап тұрып оның бір кезде Мак-Гилл аралында айтулы сұм болғанына ешкім де сенбес еді. Анығында мұны мен кейін барып білдім. Тап бұл күні қарияның өзі де, өмір тарихы да маған мәлімсіз-ді.
Ерге лайық дорбиған қасаң башмағын аяғына қоңылтаяқ кие салған, бұл қорпылдаған темірдей башмак аттаған сайын қызыл асығын қажайтынын бағана-ақ байқап ем. Қысыр жыландай жарау кемпір үстіне еркек көйлек, өңіп кеткен қызыл фланель жыртық-жыртық ескі юбка киген. Мен оның кескінінен көзімді ала алмай қойдым: әжім-әжім нұрлы жүзін білтеленген күмістей ақ шаш көмкеріп тұр. Шашы дудырап, бетіне түскен әжімі тым көбейіп кеткенімен, суалған екі ұрты, пістелеу келген мұрны көгілдір отты көзіне сәл жараспай да тұрғанымен — осының бәрі Маргареттің кең маңдайлы келбетінің көркін кетіріп тұрған жоқ. Оның көзін торлаған нәзік әжімі де қартайғанның, белгісі деуге болмайды. Қайта Маргареттің көзі бой жеткен қыздың көзіндей қырағы да, нұрлы да. Маған ол бір сәтте тайсалмай тесіле қарағанда, өз-өзімнен қымтырылып қалдым. Бет әлпетінің бір тамаша жері — екі көзінің аралығы. Көп адамның көз арасы көз қиығынан енді болмайды. Ал Маргарет Хэненнің екі көзі әдеттен өзге, алшақтау екен. Әйтсе де бұл оның бәденін бұзып тұрған жоқ. Көзі жіті, аңғарғыш біреу болмаса, өзге жұрттың оны елемеуі де мүмкін. Тістері түсіп, әлі ақжем болмаған қағаздай екі езуі салыңқы тартып, ерні жымқырыла бастағанымен, иегі әлі кемсеңдей қоймапты. Кәріліктің, айна қатесіз белгісі осы ғой. Ерні мумияға сәл ұсағанымен қарыспа, өжет мінезін аңғартқандай. Себебі ол жансыз сүлде сияқты емес, қайта жан дүниесі кең, өрмінез, заңғар адамның кейпін көрсетеді. Бағанадан бері ауыр қапты арқалап алып, аяғын шалыс баспай, тәлтіректеп теңселмей, тік басқышпен жоғары шығып, астығынларға құйып жүрген өзіне деген сенімі осыншама берік осынау біp жанның сыры да сол ерні мен көзінде жатқандай көрінді маған.
— Жасыңыз жеткен кісі екенсіз, мынау ауыр жұмысқа ұрынғаныңыз қалай?—дедім мен шыдай алмай.
Ол маған өткір көзімен қадала қарап, сәл ойланып тұрды да, алдымда мәңгілік тұрғанда, аптығатын нем бар дегендей, жайымен аспай-саспай сөйледі. Мен өзіне соншама сенген бұл неткен жан еді деп тағы да таңырқадым. Иә, оның мәңгілкті жақсы сезетіні даусыз, ауыр қапты арқалап, екі аяғын мығым басып, аспай-саспай баспалдақпен жоғары шығып жүргенде, оған сүйеу болған, көңіліне күшті демеу болған осы сезім ғой деймін. Тегі, өзінің рухани дүниесінде де ол аяғымды ағат басып, ауытқып кетем-ау деп қорықпайтын болуы керек. Мені бір таңғажайып сезім билеп әкетті. Елден ерек адамға кезіккенімді білдім. Міне сонан бері өткен екі-үш жетінің ішінде Маргарет Хэненмен жақын таныссам да, күн озған сайын онан алыстап, жатырқай бастағанымды сездім. Маргарет мен үшін өзге планетадан келген меймандай. Оның мінез-құлқын, жан-дүниесінің терең сырын түсінуге қаншама тырысқаныммен, оның өткен өмірі мен қазіргі күйіне қандай күшті сезім немесе қандай философиялық ұғым әсер еткенін қаншама білгім келгенімен, Маргареттің өзі де, көрші-қолаңдары да маған көмектесе алмады.
— Енді екі аптадан кейін, жасым жетпіс екіге толады,— деді ол.
— Әнеки, көрдіңіз бе, айттым ғой: сіз сияқты қарияға лайық емес. Бұл еркектің жұмысы және анау-мынау емес, мықты кісінің ғана қолынан келетін жұмыс,— дедім мен өзеуреп.
Ол тағы да ойланды, құдды бір мәңгіліктің түпсіз шыңырауына үңіліп тұрғандай көрінеді,— маған бұл ғажап әсер етті, егер сол арада ұйықтап кетіп, жүз жылдан кейін оянып, оның жауабын жаңа ғана айтқалы тұрғанын көрсем — таңырқамас едім.
— Әйтеуір бір адам жұмыс істеу керек, менің жат кісіге жалынып жүру дағдымда жоқ.
— Туған-туысқаннан, бала-шағадан ешкіміңіз жоқ па еді?
— Толып жатыр. Ешқайсысы қараспайды.
Езуіндегі трубкасын алып, басын изеп үйін көрсетті де;
— Жалғыз тұрамын,— деді.
Мен төбесін сабанмен жапқан үлкен үйге, кең capaйға, үй төңірегіндегі көлбеп жатқан көлемді егістікке қарадым да — осының бәрі мына ферманың қожасыныкі ау, дедім.
— Осыншама егісті бір өзіңіз күтесіз бе?
— Иә, жерім көп. Жетпіс акр. Бір кезде шалыма да, ұлыма да жұмыс жететұғын еді, тағы бір қызметші ұстадық, үй жұмысында даяшы әйеліміз болды, маусым кезінде уақытша кісі жалдаушы едік.
Ол арбасына отырып, делбесін қолына алып, ойлы өткір көзімен маған сынай қарады да:
— Сіз теңіздің арғы бетінен, әлгі Америкадан келген боларсыз-ау, сірә? —деді.
— Иә, мен американмын.
— Америкада біздің Мак-Гилл аралының адамдары сирек ұшырайтын шығар?
— Штатта жүргенімде ешкімін көре алмадым, дедім.
Ол басын изеді.
— Иә, біздің халық үйкүшік келеді. Дүние араламайды демеймін, аралайды, бірақ теңізде жүріп қазаға ұшыраған, яки жат жерде безгектен, тағы сондай кеселден опат болғандары болмаса түбінде ел-жұртын табады.
— Сіздің балаларыңыз да теңіз жүзіп, дүние кезіп, бәрі де аман-есен қайтып оралған болар? — дедім.
— Иә, Сэмюэлден өзгесінің бәрі келді. Сэмюэл марқұм суға кетіп өлді ғой.
Сэмюэлдің есімін атағанда кәрияның көзінен бір ғажайып сәуле елестегендей болды. Мен екеуміздің арамызда кенет пайда болған телепатия байланысы арқылы қарияның ішінде үлкен қасірет, өшпес өкініш жатқанын сезген сияқтымын. Сырдың кілті тап осы жерде жатқандай көрінді, егер жіптің ұшынан айрылмай, ептеп тарқата берсем, түсініксіз жайлардың дәл үстінен шығармын-ау деп түйдім. Бұрын одағайлап үйлесе алмай жүрген мен осы жолы бір орайын тапқандай, Маргареттің ішкі дүниесіне үңілгендей болдым. Тілімнің ұшына тағы бір сауал келіп, тықыршып тұрғанымда, ол шу-шулеп атын шаужайлап, маған «сау болыңыз, сэр!» деді де жүріп кетті.
Мак-Гилл аралының халқы қулық-сұмдығыңды білмейтін жуас халық. Бар ғаламда бұлардай бейнетқор, байсалды, сабырлы, үнемшіл халық көрмедім десем қате айтпаспын. Бұларды жат жерде кездестіре қалсаңыз (егер елінде көрмесеңіз теңізде ғана көресіз, өйткені Мак-Гиллде туып-өскен адам әрі теңізші, ірі фермер болады) ирландиялық деп айта алмайсыз. Өздері біз арландармыз дейді, Солтүстік Ирландияны мақтап, дәріптеп отырады, шотландиялық ағайындарын іліп-шалып ажуалайды. Шыны, бұлар нағыз шотландар,— бұл жаққа қоныс аударғанына көп заман болғанымен арғы Шотландиялық. Бір ғана Шотландияға тән рулық қауымның шеңберінен аспайтын томаға-тұйыққа байланысты әлі күнге дейін сақталған кейбір тіл ерекшеліктерін айтпағанда, мыңдаған басқа қасиеттерінен де бұлардың нағыз шотландар екенін анық ажыратуға болады.
Мак-Гилл аралы мен Ирландия құрлығының аралығында ені жарты мильдей жіңішке шығанақ жатыр. Осы қылдай шығанақтан өтсеңіз, бөтен елге келгендей боласыз. Мұнда Шотландияның дәстүрі айқын сезіледі. Ең алдымен, арал тұрғындарының бәрі де — пресвитериандар. Онан кейін жеті мыңдай халық тұратын аралда трактир көрмейсіз, бұл елдің ұстамдылығын осыдан-ақ аңғарыңыз. Мак-Гилл тұрғындары ескі ғұрпын берік ұстайды, мұнда көп айтса — заң, инабатты кісі — сопы. Ата-ананы сыйлайтын, үлкеннің сөзін екі етпейтін ел бұл заманда жоқтың қасы ғой. Ал әдепті арал жастары кешкі сағат онға дейін ғана серуендейді, қыз атаулы әке-шешесінің рұқсатынсыз жігітімен көшеге аттап шыға алмайды.
Жас жігіттер теңізге шыққанда, порттардың ырду-дырдуына араласып, бір «серпініп қалатыны» рас. Бірақ еліне келгенде баяғы әдепті тұрмысқа бағынып, қыздармен кешкі сағат онға дейін ғана сыпайы қыдырады, жексенбі күндері уағыз тыңдамаққа шіркеуге барысады, үйіне келсе, үлкендердің бала жасынан құлағына құйып тастаған ескі сөздері мен өсиетін тыңдап отырғандары. Теңіз ұлдары дүниенің төрт бұрышын аралап, талай ;әйелмен танысса да, соның ешқайсысын әйелдікке алып келмеген. Осы дәстүрді бүкіл аралда бір-ақ адам бұзыпты: ол бір мектеп мұғалімі екен, жігіттің бар жазығы шығанақтың арғы бетінен, өзі туып-өскен деревнясынан жарты миль ғана жерден әйел алғаны. Жұрт оның бұл күнәсін кешірмепті, өле-өлгенше ешкім жылы шырай бермепті. Ақыры бір күні ол опат болып, әйел әке-шешесінің қолына көшіп кеткенде ғана Мак-Гиллге шіркеу болған осынау дақ өшкендей болады. Ал дәстүр бойынша теңізшілердің бәрі еліне қайтып оралып, өз жұртынан қыз алып, семья құрып, аралдың атам заманнан бері дәріптеп келе жатқан ізгі жол-жорасын бұлжытпай сақтайды.
Мак-Гилл аралында о заман - бұ заманда даңқы жер жарған оқиға болып көрмегені де рас. Тарих хикаяларының бірде-бірі бізде болып еді деп аралда ешкім мақтана алмайды. Мұндағылар ешуақытта жасыл жауынгер 1 болып, фениандар сықылды өзара анттасып, астыртын сойқан жасап, немесе жер бөлісеміз деп желігіп көрген емес. Рас, бір оқиға болған, бір кісі жер аударылған, бірақ ол да болса, арендатордың адвокатының кеңесімен байқау үшін жасалған ресми шара болса керек.
Сонымен Мак-Гиллдің шежіресі жоқ. Ол бір тарих мақрұм қалдырған арал ғой. Ол тиісті алым-салығын өтеп, тақта отырған правителіне бағынып, дүниеге ешқандай зиян-зәбір тигізбеген ел. Осыған орай дүние де тыныштығымызды бұзбаса екен деп тілейді. Аралдың тұрғындары әлемді екіге бөледі — бірі Мак-Гилл аралы, қалғаны өзге дүние. Мак-Гилден өзгенің бәрі арал халқы үшін алыста жатқан тағы, жат дүние. Солай екенін бұлар әбден біледі де, өйткені теңіз аралап, еліне қайтқан жерлестері сонау асқақтап кеткен алыстағы жай дүние жайлы, ондағы құдайдан безген ел-жұрттың өрескел күпірлігі туралы талай айтқан.
Мен дүниеде Мак-Гилл деген арал барын Коломбодан Рангунге жолаушылап бара жатып, Глазгоның сауда пароходының шкиперінен естідім. Менің қолыма хат жазып берген де сол еді. Хат арқылы мен шкипердің жесірі миссис Росстың үйін тауып алдым. Миссис Росс қызымен ғана тұрады екен, жастай шкипер болып алған екі бірдей ұлы теңізде көрінеді. Бос бөлмесіне менен бұрын пәтерші жібермей отырса да, баласы шкипер Росстан хат әкелгесін маған бір бөлмесінде тұруға рұқсат етті.
Маргарет Хэненді көрген күні кешке таман мен миссис Росстан оның жай-күйін сұрастыра бастадым — сөз ,үстінде менің бір жұмбақ сырға ұшырағаным анық болды.
Миссис Росс аралдың өзге тұрғындары сияқты (бұған көп ұзамай көзім де жетті) Маргарет Хэнен туралы сұрағыма жөнді жауап бермеді. Дегенмен сол күннің, кешінде-ақ Маргарет бір кезде осындағы сұлулардың алды болғанын естідім. Өзі бай фермердің қызы болған. Томас Хэнен деген ауқатты кісіге күйеуге шыққан. Ол үй жұмысынан өзге жұмысқа, мұндағы әйелдердің көпшілігі сықылды егін жұмысына да, мүлде араласпайды екен.
— Балалары қайда тұрады?
— Екі ұлы, Джэми мен Тимоти үйленген, екеуі де теңізде. Почта түбінде үлкен үй көрдіңіз бе? Сол Джэмидің үйі. Бой жеткен қыздары апаларының қолында. Басқа балалары опат болды.
— Сэмюэлдердің бәрі қайтыс болды — деді Клара, маған оның көмейінде бір кекесін тұрғандай көрінді.
Клара — миссис Росстың қызы, екі көзі қарақаттай сұңғақты сұлу бала.
— Кісіні келемеж қылмай отыр! — деп шешесі ұрсып тастады оған.
— Сэмюэлдер дейсіз бе? Қай Сэмюэлдер? — деп мен де киліге кеттім.
— Маргареттің төрт ұлы ғой,— төртеуі де опат болған.
— Төртеуінің де есімі Сэмюэл ме?
— Иә.
— Ғажап екен! — дедім мен үйдегілер үндемей қалғасын.
— Иә, ғажап екені рас,— деді де миссис Росс алдында жатқан жүн күртесін тағы да алаңсыз тоқи берді. Түздегі балаларына ылғи осылай күрте тоқып отыратын әдеті екен.
— Сонда Сэмюэл атты ұлдары ғана өле бергені ме? — дедім мен тағы бір жаңалық естігім келіп.
— Иә, басқалары тірі. Оңған семья еді, аралда ондай қадірлі семья қазір жоқ. Бұл аралдан бұрын-соңды теңізге шыққан еркектердің ішіндегі ең сайлысы — соның балалары. Пастор уағызында жұртқа оларды үнемі үлгі қылып отырады. Қыздарының да ешбір жаманатын естігеніміз жоқ.
— Олай болса, балалары кәрі шешесін неге тастап кеткен? — дедім мен қазбалап қоймай.— Туған балалары неге қараспайды? Ол неге жалғыз тұрады? Ешқайсысы шешесінің үйіне барып, көмектеспей ме?
— Жоқ, міне жиырма жылдан асып барады — еш қайсысы қараспайды. Кінә кемпірдің өзінен ғой. Балаларын сыйғызбай үйінен қуып шығып, шалын, Том Xэнен қартты да, көріне көрістірген өзі.
— Іше ме?—дедім мен тікесінен.
Миссис Росс маскүнем болу — бишаралық қой, Мак. Гилл аралының ең сорлысы ондай сорақы әдетке бақпас деймін дегендей тәкаппарлана басын шайқады.
Біз біраз үндемей отырдық. Миссис Росс өзінің ісі мен болды, тек Клараға, күйеуге шыққалы жүрген жігітімен — желкен кеменің жас штурманымен, қыдырып келуге рұқсат еткенде ғана басын бір изеді де қойды Ол уақытта мен үйдің бұрышында қабырғада асулы тұрған жат жердің жемісі тәрізді түйе құстың бір шоқ торсиған-торсиған жұмыртқаларына қарап тамашалап тұр едім. Жұмыртқаның әр қайсысының бүйіріне бояуымен салған таңғажайып теңіз суретіне, бар желкені желбіреп, тұмсығымен теңіз суын қақ айырып, жүзіп келе жатқан кеменің дөрекілеу суретіне көзім түсті. Суреттің толып жатқан ұсақ-түйек детальдары ғана демесеңіз, кеңістік өлшемі тіптен сақталмаған. Каминаның төбесінде ұлудың, екі қауашағы тұр (екеуі сірә пар болу керек), сыртына мәнерлеп ою салыпты, тегі Жаңа Каледонияның, каторжандары салған боларсың-ау деп шамаладым. Екеуінің ортасында жұмақ құсының тұлыбы. Бөлмеде әр жерге оңтүстік теңізден келген — не көзіңмен қарайсың — тамаша көркем қауашақтар қойылыпты. Әйнек қобдишаларда қауашақтың ішінен өрби шыққан жіңішке маржан собықтары көрінеді. Оңтүстік Африкадан келген найзалар, Жаңа Гвинеяның ай балталары, сыртын майда моншақпен кестелеп, тағы тайпалардың табынатын тотемін салған Аляскадан келген үлкен темекі кисеті, австралиялық бумеранг, әйнек қақпақтың астына қойылған кеме модельдері, адам жейтін обырлардың Маркиз аралынан келген «Кай-кай» деген ыдысы сыртын танамен, қымбатты асыл ағашпен бедерлеген Вест-Индия мен Қытайдан келген кішкене қол сандықтар да осында екен.
Мен теңізшілер әкелген трофеяны тамашалап жүргенімде, Маргарет Хэненнің жұмбақ сыры, шалын «көріне көрістіргені», күллі семьясының безіп кеткені есімнен кетпей қойды. Өзі арақ ішпейтін көрінеді. Бұл қалай болғаны сонда? Әлде бір жауыздық себеп болды ма? Яки зайыбына өзі масқара опасыздық жасады ма? Не ертеде деревняларда кездесе беретін жан түршігерлік қылмыс жасап қойды ма екен?
Мен өз ойымды топшылап айтып қарап ем, миссис Росс басын шайқай берді.
— Жоқ, жоқ,— деді ол.— Маргарет сүттен ақ адал зайып,мейірбан ана, туды-бітті ешкімге ешқандай қиянат жасамаған болар. Балаларының бәрі құдай деген жандар, шешесі оларды адам қатарына қосты. Бірақ соңына қарай ақылы ауысып кетті ғой.
Маргареттің нақұрыс екенін көрсеткісі келгендей миссис Росс өз маңдайын саусағымен нұқып-нұқып қойды.
— Япыр-ау, сол кісімен өзім күні бүгін жүзбе-жүз сөйлесіп едім ғой, меніңше түгі де жоқ, есі дұрыс, жасына қарағанда өте қунақы, пысық адам тәрізді.
— Иә, солай екені де рас,— деді жайымен миссис Росс.— Менің айтпағым ол емес, оның адам баласына бермеген, тәңірімен қарсыласқан кесір мінезі. Дүниеде Маргареттен озған адуын әйел жоқ. Осыншама ылаң Сэмюэл деген кісі атынан басталды ғой. Сэмюэл оның ең кіші інісі, жұрттың айтуынша, Маргарет оны керемет жақсы көреді екен. Пастордың болмашы қатесінен біздің жаңа салған шіркеуімізді Дублинге тіркемей қойып, ақыры соның салдарынан Сэмюэл өзіне өзі қол салды. Сонда-ақ Сэмюэл деген есімнің бір кесірі бары анық болған сияқты еді. Бірақ не шара, Маргарет сонан көп ұзамай туған тұңғышына Сэмюэл деп ат қойды, дүйім жұрт шулап еді, болмады. Ол баласы алқымы ісіп, круп деген аурудан қайтыс болды! Екінші баласына да ол Сэмюэл деп ат қойған, міне қараңызшы! Бұл баласы үш жасқа толар-толмаста қайнаған суға құлап түсіп, күйіп өлді. Осының бәрі бір ғана Маргареттің өрескел өр мінезінің кесірі! Сэмюэл деген бала керек деп отырып алғаны ғой. Ақыры төрт баласын бірдей жерледі!
Тұңғышы қайтыс болғанда-ақ кемпір шешесі ендігі баланың атын Сэмюэл қоя көрме деп аяғына жығылып, жалынып жылаған. Міз бақпапты. Маргарет Хэнен өз дегені болмаса, әсіресе Сэмюэл деген есімге келгенде, кісінің айтқанына көнер болар ма?
Осы есім оған сор боп жабысты. Қайнаған суға түсіп күйіп өлетін екінші ұлына ат қоярда, сопы: нәрестеңізге ат беріңіз деген екен, Маргарет: «Сэмюэл болсын» депті, сол арада үй адамынан өзге туыстары мен көршілерінің бәрі орынынан тұрып, үйден шығып кетеді Иә, бәрі орнынан тұрып шыға жөнеледі. Нағашы апасы Фанни есік алдына барып, бұрылып тұрып, жұрттың бәрі естісін дегендей дауыстап: «Балдырғандай баланың түбіне тағы жетейін деп отыр ғой» десе керек. Оның сөзін сопы да естіп, қатты қынжылыпты (мұны біздің Лерриге айтқан сопының өзі), бірақ сопыда кінә жоқ, шешесі өз аузынан айтып отырғасын сопы қайтсін? Ана баласына өзі қалаған атын қоймасын деген заң жоқ.
Үшінші ұлына да ол сорақы Сэмюэл деп ат қойған жоқ па? Ол баласы да Ізгі Арман мүйісінің маңында теңізде қаза болғанда, табиғат заңына қарсы тағы төртінші ұл тапты. Өзіңіз ойлап қараңызшы,— ол кезде жасы қырық жетіде болатын, қырық жеті жасында тағы бір ұл бала тапты! Қырық жеті жасында! Масқара-ай!
Келесі күні таңертең Кларадан Маргарет Хэненнің ең жақсы көретін інісі қалай опат болғанын естідім. Бір жеті бойы әркімнен сұрастыра жүріп,— ақыры сол қайғылы оқиғаның сырына қанғандай болдым.
Сэмюэл Данди Маргареттің ағайынды төрт бауырының ең кішісі екен, Клараның айтуынша, оны Маргарет жанындай жақсы көріпті. Сэмюэл желкенді каботаж кемесінің шкипері болып істейді. Күндердің бір күні ол Агнес Хьюит деген қызға үйленеді де, көп ұзамай теңізбен сапар шегіп кетеді. Клараның маған суреттеп айтуына қарағанда Агнес кішкентай ғана талдырмаш, қағылез, сезімтал, нәзік жан екен. Ол Сэмюэл екеуі жаңада ғана салынған шіркеуде бірінші болып некелерін қиғызады, сонан кейін Сэмюэл жас зайыбымен екі жеті үйінде болып, бір күні «Лохбэнк» деген жүк таситын төрт діңгекті зор кемеге отырып, теңіз жүзіп кетеді.
Пастордың қателесуі де сол жаңа шіркеуге байланысты. Старостаның айтуынша, бұған бір ғана пастор емес, осы Мак-Гилл аралы мен құрлықтағы барлық он бес шіркеу бағынышты Кафлин пресвитериясы да кінәлі көрінеді. Оқиға былай болыпты: осындағы ескі шіркеу әбден тозғасын руханилар оны бұздырып, фундаментіне жаңа шіркеу салдырады. Заң бойынша оның енді жаңа шіркеу болып саналатынын сопы да, пресвитерия да білмейді.
Сөйтіп, жаңа шіркеу ашылып, алғашқы аптаның ішінде үш пар кісі неке қидырады,— деді Клара.— Бірінші болып Сэмюэл Данди мен Агнес Хьюит, келесі күні — Альберт Махан мен Минни Дункан, аптаның соңғы күндері — Эдди Трой мен Фло Мэкинтош. Үйленген жігіттердің бәрі де теңізші екен, бас-аяғы екі айға толмай бәрі де теңізге шығып кетеді, ешқайсысы аяқ астынан бәлеге ұшыраймыз деп ойламаған.
Бұл іске ыбылыстың өзі араласты ма, кім білсін, әйтеуір оңға баспай-ақ қойыпты. Үйлену тойлары майдың бірінші аптасында өтсе, сопы сонан үш ай өткесін барып, Дублиндегі өкімет орындарына тиісті тоқсандық есебін тапсырады. Олар сопыға: шіркеуіңіз әлі заңды тәртіпке сай ешжерде тіркелмеген заңсыз шіркеу деп, дереу хабар қайтарады. Шіркеу көп ұзамай тіркеледі де. Бірақ онан бұрын қиылған үш некені заңды ету оңай болмайды: теңізде жүрген үш күйеу жуық арада орала қоймайды. Сонымен не керек, олардың әйелі ақыр соңында өздеріне заңды зайып болмай шығады.
Әйтсе де пастор теңізшілердің зәресін алмау үшін бұл оқиғаны олар қайтып оралғанша құпия сақтайды,— деді Клара.— Бір күні сопы аралдың ең алыс түкпіріне жаңа туған баланы шоқындыруға жүріп кетсе, сол күні ойламаған жерде Дублинге қайтып оралған Альберт Махан үйіне келеді. Бұл хабарды пастор кешкі сағат тоғызда жаңа ғана жатайын деп жатқанда естиді. Сол арада жалма-жан салт мініп, Альберт Маханның үйіне шаба жөнеледі. Келсе, Альберт енді жатайын деп, бір етігін шешіп қана үлгерген екен.
— Екеуің менімен дереу жүріңдер,— дейді пастор ентіге кіріп, демін әрең алып.
— Жай ма? Әбден шаршап келіп ем, қатты ұйқым келіп отыр,— дейді Альберт.
— Сендер заң тәртібі бойынша неке қиысуларың керек,— дейді пастор.
Альберт сопының бетіне бір қарап, қабағын түйіп:
— Мұныңыз қалай, пастор, ойыныңыз ба, шыныңыз ба? — дейді.
Ал ішінен (кейін мұны Альберттің өз аузынан талай естідім): пастордың осынша жасқа келгенде вискиге құмар болып-ақ кеткені ме, деп таң қалады.
— Біздің некеміз қиылған жоқпа еді?—дейді Минни де Пастор басын шайқайды.
— Мен сонымен миссис Махан емеспін бе?
— Жоқ, миссис Махан емессіз,— дейді пастор.— Ciз әлі күнге мисс Дункан боласыз.
— Некемізді қиған өзіңіз едіңіз ғой!
— Солай деуге де, демеуге де болады,— деп пастор оқиғаның қалай болғанын бастан-аяқ түсіндіреді. Сол арада Альберт етігін қайта киіп, әйелімен бірге пасторға еріп шіркеуге барып, екеуі заң тәртібі бойынша тағы неке қиысады. Кейін Альберт Махан: «Біздің аралда мен сияқты әйелімен бір емес, екі неке қиысқан адам сирек болар»,— деп, әр жерде әзілдеп айтып жүретін.
Жарты жыл өткесін Эдди Трой келді, ол да екінші рет неке қиды. Бірақ үш жылға кеткен Сэмюэл Данди уақытында оралмады. Сол екі арада Агнес ұл бала тауып, оның жасы екіге де толды. Бұл да бір шатақ. Екі көзі төрт болып, Сэмюэлді күте-күте Агнес құса болып, қатты күйзелді.
— Мен өз басым үшін уайым жемеймін, баланы аяймын,— деуші еді Агнес,— бала әкесіз өсіп келеді. Сэмюэл әлдеқалай жаманатқа ұшыраса, баланы қайтетінімді білмеймін.
Лойд компаниясы «Лохбэнкті» хабарсыз кеткен кемелердің қатарына қосты да, Сэмюэлдің әйеліне бұрын төлеп келген еңбек ақысының жармысын төлемей қойды. Бірақ Агнестің жанына бәрінен де қатты батқан баласының заңсыз деп танылуы, әкесінің есіміне тіркелмей қалғандығы. Сэмюэлден әбден күдер үзгесін, Агнес бір күні жас баласымен бірге шығанаққа суға кетіп өлді.
Бұл оқиға бара-бара мүлде аянышты халге айналды. «Лохбэнктен» аманбыз деген хабар келді. Кемешілер жолда көп азап көрген, әр жерде ұзақ-ұзақ тоқтауға тура келген, әуре сарсаңмен жүріп әбден кешіккен. Мұндай қырсық жүз жылда бір-екі рет қана кездеседі ғой, оның бай-жайын айта берсең, уақыт алады. Жын-шайтанның ермегі болған шырғалаң-дағы!
Бір күні Сэмюэл де келді-ау ақыры. Суық хабарды естігенде біреу тас төбесінен ұрғандай болды. Келесі күні таңертең сүйегі әйелі мен баласының бейітінен табылды, өзіне өзі қол салыпты. Мак-Гилл аралында о заманда бұ заман мұндай сұмдықты кім көрген! Сэмюэл сопының бетіне түкірді, балағаттады, өлер алдында құдайға тіл тигізді, соңына ерген жұрттың құты қашып, қолы қалтырап, ешкім бетіне қарай алмады.
Міне, осы оқиғадан кейін Маргарет Хэнен тұңғышына Сэмюэл деген ат қойған!
Мұншама ол неге қасарысты екен? Әлде бұл мінез емес, ауру ма, баланың біреуі қалай да Сэмюэл болсын дегізіп жүрген жабысқақ қияли ой ма?
Үшінші баласы қыз екен, оған шешесінің атын қойыпты. Төртінші баласы тағы да ұл болады. Тағдырдан қаншама соққы көріп, туыс-таныстарынан түгел айрылған Маргарет оған да жақсы көретін інісінің атын қоям деп отырып алыпты. Сонан кейін бала жасынан өзімен бірге өскен көңілдес адамдары да шіркеуде көрсе амандаспайтын болған. Маргареттің шешесі қызына олай жалынып, бұлай жалынып, көндіре алмағасын, балаңа Сэмюэл деп ат қоятын болсаң, өле-өлгенімше сенімен сөйлеспеймін деп үйінен шығып кетеді. Кемпір сонан кейінгі отыз жыл ғұмырында айтқанынан бір қайтпай-ақ кетіпті.
Қалаған атыңды қой — шоқындырайын, Сэмюэл деп атай көрме депті, пастор аралдағы өзге сопылар да солай десе керек, Маргарет сопыларды сотқа берем деп қорқытып, көндіре алмағасын, баласын Бельфастыға апарып, Сэмюэл деп ат қойғызады.
Осынан кейін арал халқы бір сұмдық болар деп күткен, бірақ түк болмаған. Қайта бала бүлдіршіндей болып өскен. Мектеп мұғалімі бұрын-соңды мұндай ақылды, зерек бала көргенім жоқ деп айтып жете алмайды екен. Сэмюэл шымыр денелі, пысық бала болады. Қызылша, көкжөтел, шірінше сияқты бала ауруының ешқайсысымен ауырмайды. Жұрт аң-таң. Ауру микробтарын бойына дарытпайтын темір сауыты бардай-ақ балаға ауру жұқпапты. Тіпті басы ауырып, құлағы шаншып көрмеген. «Ең аяғы сыздауық, шиқан да шықпаған 6олар!» — деді маған бір қарт. Сэмюэл мектепте оқып жүргенде сабақтан да, спорттан да ешкімге жүлде бермейді, өзі қатарлы баланың алды болады.
Маргарет Хэнен әбден масайрайды. Баласы керемет, есімі өзінің қалаулысы — қуанбаған да ше! Шешесінен басқа туған-туысқандарының, бәрі қатесін мойындай, ырайынан қайтады. Әйтсе де бұрынғы жаманатты жақтауын қоймаған бірен-саран мыстандар да болулы, олар қабағын қарс жауып, басын шайқап, бала тым-ақ жақсы, сірә өмірі ұзақ болмас, қарғыс тиген ат берген арсыз шешесінің кесірі жұқпай кетер деймісің,— деп шай үстінде пыш-пыш өсек те таратады. Маргарет пен жастар қаншама әжуа қылса да, кемпірлер басын шайқауын қоймапты.
Маргарет тағы бала табады. Бесінші ұл баласының атын Джэми қояды, онан кейін Элис, Сара, Нора деген үш қыз, оларға тетелес Тимоти деген ұлы туған, ақырында Флоренс пен Кэти дүниеге келеді. Кэти он бірінші ең соңғы баласы: отыз бес жасында Маргарет Хэнен баладан тоқтаған. Мак-Гилл аралы мен әйел патша ағзам онсыз да риза шығар, дені-қарны таза тоғыз бала бағып берген ғой. Балаларының бәрі өрімталдай болып өскен. Сонымен алғашқы екі ұлынан кейін қырсық та тарағандай: тоғыз баласы бәле-қазадан аман және біреуінің аты Сэмюэл болды деседі жұрт.
Джэми теңізші болмаққа талаптаныпты — бұл шешім бір жағынан амалсыздың шарасы ғой,— Мак-Гилл аралының дәстүрі бойынша үлкен бала жерге, ата жұртына ие болып үйде қалады, қалғандары теңіз кезуге шығады. Тимоти да ағасының аяғын құшқан. Джэми Кардиффтен кеткелі тұрған сауда кемесін тұңғыш рет өзі басқаратын болып тағайындалғанда, Тимоти желкенді үлкен кеменің капитанына көмекші болыпты.
Сэмюэл үйде. Бірақ шаруа кәсібіне құлқы болмай, фермер тұрмысын ұнатпай жүреді. Ал інілері теңізді жақсы көргендігінен емес, өзге күн көрісі жоқтығынан ғана теңізші болған. Сэмюэлге күні үшін кәсіп іздеудің керегі жоқ. Бірақ інілері алыс сапардан келіп, ас үйде, ошақ басында отырып, теңіздің арғы бетіндегі елдер жайлы қызықты әңгімелер шерткенде, Сэмюэл әңгімені елти тыңдап, керемет қызығады екен.
Сэмюэл оқытушы боламын деп әкесін бір түңілдіріпті. Тіпті Бельфастыға барып, емтихан тапсырып, аттестат алып келеді. Қарт мұғалім қызметінен босанғанда, Сэмюэл соның орнына тұрған. Бірақ ол жұрттан жасырынып, кеме жүргізу оқуын оқиды. Маргарет кей-кейде от басында балаларының әңгімесін қызыға тыңдап отырғанда үлкен ұлы өзінің капитан болған інілерін теория жағынан сүріндіріп кететінін талай аңғарған. Miнe осы мектеп мұғалімі, қадірмен кісілердің баласы, Хэнен фермасының мұрагері Сэмюэл бір күні аяқ астынан жай матрос болып, теңізге кетіп қалыпты деген хабар дүңк еткенде, бұған қынжылған жалғыз адам әкесі Том ғана болады. Ал баласының жұлдызы жоғары деп берік сенген Маргарет ол бастаған істің бәрін тек жақсылыққа ғана жориды. Рас бұл жолы да Сэмюэл зеректігін байқатса керек. Теңізші қызметінде мұнан тез көтерілген адам жоқ деседі. Бас-аяғы екі жылға толмай жатып, ол жай матростан уақытша штурман болған. Бұл уақыт кемелерінің Батыс жағалауындағы безгек ауруы жайлаған бір портта тұрған кезі екен. Осында Сэмюэлден шкипер комиссиясы емтихан алады, емтиханда Сэмюэл комиссиядағылардың өзінен де білімі артық екенін аңғартады. Тағы екі жыл өткен шамада Ливерпульден «Стэрри Грэйс» кемесімен шыққан сапарында оның бірінші рангілі капитан деген аттестаты да болған. Міне дәл осы сапарында кемпірлердің баяғыдан қоймай қақсағаны ақыры келіпті.
Мұны маған баяндаған Гэвин Мак-Нэб, ол да Мак-Гиллде туған, кейін «Стэрри Грэйсте» боцман болып істеген.
— Иә, мен ол оқиғаны жақсы білемін,— деді ол.— Рейсіміз бойынша шығысқа қарай жүзіп бара жатқанымызда бір күні жолда таңертең кенет күн райы бұзылды. Сэмюэл Хэнен асқан теңізші адам еді, ондай теңізші дүниеге келген жоқ. Күні бүгінге дейін көз алдымда: ол вахта да тұрды, марқұмның сол ақырғы күні екен. Тебіренген таудай-таудай толқындардың тепкісіне түскен «Стэрри Грэйстің» көз-құлағы бір өзі болды,— капитанымыздың аста, каютада бас көтермей арақ ішіп жатқанына көп күн болған. Сағат жетіде шторм әбден күшейіп, жүзу хауіпті болғасын, кемені ол желге түзеді. Сағат сегізде ертеңгі асын ішіп, өзінің каютасына кетті. Жарты сағаттан кейін кеменің мінбесіне капитанның өзі шықты. Көзі бұлдырап, қалшылдап-дірілдеп, кеменің кермесінен ұстап, теңселіп тұрды. Сұрапыл дауыл алай-дүлей соғып тұр, нансаңыз, жарық дүние көрінбей кетті, ал капитанымыз екі көзін жыпылықтатып, өз-өзінен әлдене сөйлеп тұра берді. Бір кезде ол рульшіге «Шегін, кері шегін!» — деп бар даусымен айқайлады. Қасында тұрған өзінің кіші көмекшісі сасқанынан: «Құдай сақтасын, мұныңыз қалай?!»—деді. Оның сөзін елең қылған капитан жоқ, тек міңгірлеп өзімен өзі сөйлесе береді. Бір кезде кідіңдеп: «Өзгерт галеты,— естимісің, мен кімге айтып тұрмын! Шайтан алғыр!» — деп жекірді тағы да.
Mac кісінің таланы бар деген рас қой,— «Стэрри Грэйс» сұрапыл дауылда үстіне бір шелек су шарбытпай жүзіп келеді! Сол күнгі дауыл — дауыл емес, тәңірінің кәрі десе болғандай еді. Екінші көмекші айғайлап тәртіп бере бастады, матростар әуре-сарсаң. Капитан басын изеп, әлденеге мәз болып, тағы виски ішуге кетті Бұл кемедегілердің бәрін өлімге айдағанмен бір еді, себебі, біз түгіл кеменің ең үлкені де жүзе алар емес. Жүзу қайда! Теңіз астан-кестең, өмірі ондай сұмдық көрген емен! Теңізде жүргеніме міне қырық жыл болды ғой, қаршадайымнан су бетінде келем. Бірақ тап ондайды көрмедім!
Капитанның көмекшісі үрейі қашып, құп-қу болып тұр. Мінбеде жарты сағат шамасы болғасын, шыдай алмай, асқа түсіп, көмекке тағы Сэмюэл мен үшінші көмекшіні шақырды. Иә, қанша білгір болғанымен, Сэмюэл де сасайын деді. Ақылға олай салып, бұлай салып, не қыларын білмеді. Кемені тоқтатайын десе — хауіп, тоқтатам деп жүргенде үстіндегі команда мен басқа дүние-мүліктен түгел айрылады. Не болса да жүзе беруден өзге шара қалмаған тәрізді. Егер дауыл үдеп кетсе, бәріміз де қазаға ұшыраймыз. Әулекі толқын бізді кормадан қаңбақша қуып әкететіні даусыз.
Ол дауыл емес, тәңірінің кәрі дедім ғой. Бой берсінші бізге! Оны біздің сорымызға бола әдейі жіберген құдай емес, жын-перінің өзі ғой деймін! Өмірімде нелер пәлеге кез болып едім, бірақ ондайды құдай көрсетпесін! Аста кубрикте ешкім шыдап отыра алмады. Палубада да жан қалған жоқ. Матростардың бәрі үске шығып, әрқайсысы қолы іліккен жерден ұстап, ұйлығып тұр. Көмекшінің үшеуі де кормада, екі кісі — штурвалда, тек маскүнем капитанымыз ішерін ішіп алып, аста каютада қорылдап ұйықтап жатыр.
Әлден уақытта қасымыздан бір миль шамасы жерде теңіз астынан тік көтерілген аралдай зәулім толқын көрдім. Еңсесі өзге толқыннан биік. Өмірімде ондайды көрсемші. Төніп келе жатқан толқынға қатар тұрған үш көмекші қарай қалыпты, бәленің беті бізден аулақ деп Бәріміз де тәңіріге жалбарындық. Батамыз қабыл болмады. Таудай толқын екпінімен кеп ұрғанда, көзімізге көк аспан көрінбей кетті. Үш көмекші үш жаққа жүгірді: екінші, үшінші көмекшілер вантамен өрмелеп бизань-мачтаның басына шығып алды. Хэнен жәрдемдесу үшін штурвалшыға қарай ұмтылды. Сэмюэл Хэнен ер еді ғой! Кеме үшін жанын шүберекке түйіп, толқынға тура қарсы ұмтылды. Штурвалдағы екі матрос байлаулы болатын, сонда да біреуі жазатайым бола қалса, орнына тұрармын деп ойлады-ау деймін. Міне толқын кемемізге тaп осы сәтте келіп соққан-ды. Мінбеде тұрған бізге корма жақ судан көрінбей кетті, үстіне кемі бір мың тонна су құлады-ау деймін. Толқын жаңағы бизаньға шыққан екі көмекшіні, штурвалға қарай жүгірген Сэмюэл Хэненді, екі штурвалшыны, штурвалдың өзін — бәрін ала кетті. Ешқайсысын көре алмай да қалдық. Кеме желден шықты, бұзылып, бұруға келмеді. Мінбеде тұрғандардан екі кісі суға кетті, балташыны кейін корма жақтан таптық, сау сүйегі жоқ, мылжа-мылжа боп қалған...
Маргареттің ешнәрседен тайынбайтын жау жүрек жан екенін көрсететін тағы бір хикаяның керемет жайлары енді басталады. Сэмюэлдің суық хабары келгенде Маргарет қырық жетіде екен. Көп ұзамай бүкіл аралға адам нанғысыз қауесет тарайды. Иә, ақылға сыймайтын-ақ нәрсе! Ешкім нанбапты оған. Доктор Холл екі қолын сермеп, пысқырынып, жұрттың сөзін ешбір елтифатқа алмай қойған. Ел қалжың болар деп, күліп те жүрген. Сыбыс Хэнендердің қызметші әйелі Сара Дэктен тараған екен. Ол рас деп өзектесе де, естіген ел мынауың сұрқия өтірік қой деп сенбепті. Тіпті көршілерінің бірі Том Хэненнің өзінен сұраса да ешнәрсе біле алмаған. Том тыжырынып, жақтырмай қалса керек.
Алып қашпа сөз бара-бара басылады да. Енді Мак-Гилл Қытай теңізінде апатқа ұшыраған «Грэнобль деген кемені сөз қыла бастайды, оның экипажының. тең жартысы осы аралда туып-өскен адамдар екен. Бірақ қаңқу сөз жатсын ба, Сара да сымпылдауын қоймады. Том Хэненді әбден әбілет басады, доктор Холл Хэнендердің үйіне барып шыққасын, бұрынғыдай елге пысқыруын қойыпты. Бір күні бүкіл арал тағы у-шу болды. Сара Дэктің сөзі әуел баста тым өрескел көрінгенімен түбі расқа шыққандай болады. Енді Мак-Гиллдің тұрғындары «Стэрри Грэйстің» боцманы сияқты бұл оқиғаны да жын-шайтанның ісіне жориды. Сараның айтуына қарағанда, жүзі қара Маргарет тағы бір ұл табамын деп отырса керек. «Мен он бір құрсақ көтердім,— депті ол.— Алтауы қыз, бесеуі ұл бала болды. Бұл дүниеде не болса да тең болу керек. Көрерсіңдер, ұлы-қыздарым алты-алтыдан болады. Мен ұл табамын,— таң атса күн шығатыны сияқты шын ақиқат осы».
Ол айтқанындай ұл табады, ұл болғанда қандай! Баланың тұлғасына таң қалған доктор Холл Дублиндегі медицина қауымына баяндама жазыпты, онда бұл өзімнің көп жылғы тәжірибемде кездестірмеген ерекше оқиға болды десе керек. Сара Дэк баланың салмағын айтқанда жұрт тағы иланбай, өзін күстана қылған. Бірақ доктор Холл баланы өзім өлшедім, Сараның сөзі рас дейді. Сонан кейін Сара бала туралы не айтса, ел-жұрт соған нанатын болған. Маргарет Хэнен бұл баласын да Бельфастыға апарып, атын Сэмюэл қойғызады.
— Бала емес, ол алтын еді ғой,— деді маған Сара Дэк.
Мен Сарамен танысқан жылы ол жасы алпысқа келіп қалған толық денелі, тәртсіздеу әжі қыз еді. Есінде қалған осынау аянышты оқиғаны Сара он жыл бойы айта берсе де, естіген әйелдердің, құлағының құрышы қанбас еді.
— Иә, бала емес, алтын еді ғой,— деді ол тағы да.— Безілдек, шолжаң болды деп айта алмаймын. Күн шуаққа отырғызып қойсаңыз, қашан қарны ашқанша, маңқиып отыра берер еді. Өзі және шымыр еді! Шеңгеліне бірдеме іліксе, үлкен адамша тырмысып айрылмайтын. Туғанына бірер сағат өткесін-ақ титтей қолымен мені әлдеқалай бүріп алғанда, шошып кетіп, дауыстап жібергенім бар. Денсаулығы жақсы еді. Мезгілімен тамақ ішіп, ұйықтап — ешкімге ауыртпалығын салмай-ақ өсті. Tiс жарып жүрген кезінде де бала болып түнде жылап, мазалап көрген емес.
Маргарет анда-санда баласын тізесіне салып, тербетіп отырып, бүкіл үш патшалықта мұнан сұлу ұл бар ма екен деуші еді.
Нала тым тез өсті! Тамақты көп жегеннен-ау деймін. Бір жасында бойы екі жасар баладай болды. Әттең көпке дейін аяғынан жүре алмады, тілі шықпады. Ылғи еңбектеумен болды. Тіл жоқ, тек көмейінен бір түрлі дыбыс береді,— өзге өнерін білмеймін. Тез өскен бала солай болады да ғой. Сэмми күн сайын толысып, тығыршықтай болып алды. Тіпті Хэнен қарттың өзі ұлына қарап, жымыңдап: бүкіл Біріккен патшалықтан мұндай бала таба алмайсыңдар дейтұғын-ды.
Сұмдықты елден бұрын сезген доктор Холл. Оны жақсы білем. Бірақ бала жөнінде күдігі бар-ау деп кезінде жаманатқа жорымағаным рас. Бір күні доктордың балаға әртүрлі нәрсе көрсетіп, құлағына біресе қатты, біpece жай дыбыстап, біресе алыстап, біресе жақындап сынап жүргенін байқадым. Кейін ол кетіп бара жатып, тап осы баланың дені cay емес-ау дегендей қабағын түиіп, басын шайқады. Бірақ Сэммидің сүйсініп тамақ ишіп, жұнттай болып өсіп келе жатқанын өз көзіммен күнде көріп жүргесін, дені сау деп ант беруге де әзіp едім. Доктор Холл Маргаретке ештеме айтқан жоқ, оның неге уайым жеп жүргенін мен де біле алмадым.
Сэммидің тілі шыққаны әлі есімде. Ол кезде жасы екіге ғана келгенімен, бойы бес жасар баладай еді. Әттең аяғынан жүре алмай, ылғи еңбектеумен болды. Обалына не керек, мезгілімен тамағын ішсе, ешкімді мазаламай, өзімен өзі мәз-майрам болып жүре беретін. Бірақ әлсін-әлі тамақ сұрай беруші еді. Әлі есімде, бір күні аулада кір жайып жүр едім, үйден еңбектеп Сэмми шықты, қазандай басын олай-бұлай бұрып, күнге қарай алмай, көзін сығырайтып отырды. Міне сол арада бала тілге келді. Мен қапелімде зәрем ұшып шошып кетіппін, доктор Холлдың анада неге жабырқап қалғанын енді ғана түсінгендеймін. Иә, Сэмми тілге келді! Аралымызда бұрын-соңды мұндай дауысы зор бала көргенім жоқ. Тұла бойым қалтырады. Сэмми сөйлеген жоқ, есекше бақырып қоя берді! Түсінесіз бе, сэр, нағыз есекше бар дауысымен ышқына бақырғанда өкпесі жарылып кетер ме деп едім.
Сөйтсем бала іштен туған есуас, адам шошитын алпамсадай әзірейлі екен. Доктор Холл шешесіне бай-жайды айтып, түсіндіріп еді, Маргарет кісі сөзіне құлақ ассын ба,— ештеме етпейді, түзеліп кетеді, тым тез өскендікі болар деп иліге қоймады. «Тұра тұрыңыздар, азғана уақыт беріңіздер,— деді ол.— Тұра тұрыңыздаршы, көрерсіздер әлі!»
Ал Том Хэнен қарт доктордың сөзі рас екенін білді де, енжұрғасы түсіп кетті. Мәжнүн баласынан жиреніп, маңына жуымай қойды. Сөйтсе де, сізге айта кетуім керек, бір сиқырлы күш оны Сэммиге еріксіз итермелеп тұрды-ау деймін. Себебі тасада тұрып, баласынан көзін алмай, сырттан торып жүргенін талай көрдім. Құты қашып, екі көзі атыздай болып, телміріп қарайды да тұрды. Есуас бала есекше өкіріп-бақыра бастаса, кәрие Том құлағын басады, бақытсыз бишараның түрі адам аяғандай.
Сэммидің даусы-ақ жаман! Бар өнері — бақыру, тамақ жеу, күн санап өсу. Қарны ашса болғаны бақырады, бірдеме жегізсең қоя қояды. Таңертең ас үйден далаға еңбектеп шығып алады да, сығырайып күнге қарап, отырады да кеп өкіреді. Оның түбіне жеткен де осынысы.
Оқиғаның қалай болғанын бастан-аяқ жақсы білемін. Ол кезде Сэмми үшке толған, қарамаққа он жасар баладай. Ал Томға бір сұмдық тап болды, берекесі кетті. Егінге барса күбірлеп, өзімен өзі сөйлеседі де жүреді. Сол күні таңертең, ол ас үйдің алдындағы скамьяда кетпенін саптап отыр еді. Есуас баласы үйден шығып, әдеті бойынша күнге қарап, бақырып қоя берді. Кәрие Том селк етті, балаға қадала қарады. Бала қауғадай басын бұлғақтатып, көзін жұмып, есекше өкіріп-бақырып отыр. Том төзе алмады. Бірдеңе болды өзіне: орнынан қарғып тұрып, баланы кетпеннің сабымен басқа салып қалды, тағы ұрды және бір соқты, сонан кейін, құтырған итті ұрғандай бартылдатып ұра берді, ұра берді. Баланы әбден ұрып-ұрып, өзі азбарға барды да, үрлікке асы лып өлді.
Осы оқиғадан соң мен ол үйде тұра алмадым, Джон Мартин дейтін кісіге күйеуге шыққан апам бар еді, соның үйіне кетіп қалдым, олар жақсы тұрушы еді.
Мен ас үйдің алдындағы скамьяда Маргарет Хэненгe қарап отырмын, ол трубкасындағы темекінің шоғын күс-күс бармағымен ауық-ауық басып қойып, сонау ымырт қараңғылығын жамылған егіндігіне қарап отыр. Бұл скамьяда өмірінің ең азалы, ең, соңғы сағатында Том отырған. Маргарет менің қарсы алдымда, босағада, өзінің іштен шыққан сұр жыланы күн шуағына жылынып, басын бұлғақтатып, есекше бақыратын жерде отыр. Екеуміздің әңгімелескенімізге бір сағаттай болған.
Алдында өшпес өмір тұрғанына әбден көзі жеткен жандай арқасын кеңге салып, өзіне жарасымды маңғаз қалпында, Маргарет менің сұрағыма асықпай-саспай жауап беріп отыр. Оның жан-жүйесінің терең, қараңғы түкпірінде не жатқанын біле алмадым. Ақиқат үшін азап шеккен абзал жан ба, бірақ, япыр-ай, бұл сықылды дерексіз, киелі қасиетке бас ұрып, табына қойды ма екен? Әлде өзінің тұңғышына Сэмюэл деп ат қоятын сонау бір алыстап кеткен күндерінде адам баласының ең асыл арманы еді ғой деп, шындыққа шын құлшылық еткен болар ма?
Немесе саңлаусыз жануардың, шамданған тарпағы мостектің бір шегіншектесе болмайтыны сияқты кежегесі кері тартқан кәдімгі қиқарлық па? Бетімен кеткен топас шаруа әйелінің бейбастақтығы ма? Бұл не — керілік пе, кежірлік пе, әлде ойына келгенін істегені ме? Сап-сау ақылынан әлдеқалай алжасқаны ма? Немесе бұл, керісінше, көкейіне Джордано Бруноның аруағы орнаған жан болды ма? Мүмкін өзінікі дұрыс болғасын, қасарысып жүрген болар? Мүмкін, ол соқыр сенімге көре-біле қарсы тұрып, өзінше күресіп жүргені болар? Немесе,— дедім мен осы арада шытырман ойға шомып,— Сэмюэл деген есімге осыншама табындырып жүрген бір құдіретті соқыр сенімнің, ерекше фетишизмнің шырмауына өзі ілесіп кетіп жүр ме екен?
— Кәне, өзіңіз айтыңыз,— деді маған Маргарет.— Егер мен екінші Сэмюэліме Лэрри деп ат қойсам, ол қайнаған суға құлап, тұншығып өлмес пе еді? Сізге ғана айтайын, сэр (оқыған, есті адам көрінесіз), адамның есімінде не тұр? Егер баланың атын Лэрри жә Майкл қойсақ, тап сол күні біз кір жумас па едік, қайнап тұрған қазанға бала түсіп кетпес пе еді? Баланың аты Сэмюэл болмай өзге болса, қайнаған су қайнаған су болмай, ол баланы күйдірмей қояр ма еді?
Мен дұрыс айтасыз деп сөзін қостадым, Mapгарет тағы сөйлеп кетті:
— Баланың есімі тәрізді болмашы себеп құдайдың құдіретіне құзырын жүргізгені ме? Олай болса әлемнің әміршісі кез келген оқиға болды да, құдайтағала Маргарет Хэнен сықылды жердің бір қыбырлаған құмырсқасы атын Сэмюэл қойған екен деп адамның тағдырына қиянат жасайтын кері, күйрек инсал болғаны ма? Бір мысал: менің Джэмми деген балам финн матросын кемесіне алмаған, сонда не себепті екенін білесіз бе? Ырымшыл Джэмми кемеге финн отырса, күн райы бұзылады деп ойлайды. Жел тұрғызатын, сірә, финндер болар ма! Бұған не айтасыз? Сіз де жел иесі тәңірім жаман-жәутік желкеменің бағында отырған бір сасық финнің сөзіне аспаннан басын иіп, құлақ қояды ғой деп ойлайсыз ба?
— Әрине, жоқ,— дедім мен.
Бірақ Маргарет ойындағысын толық айтып шықпай тоқтар болмады.
— Бүкіл әлемнің барша жұлдызын шыр айналдырып тұрған, бүкіл дүние жүзі ұлтарағына да шақ келмейтін құдайтағала Маргарет Хэнен деген бір әйелді мұқатамын деп Ізгі Үміт мүйісінің қасында әдейі таудай толқынын жіберіп, баласын о дүниеге алып кетті ғой дейсіз бе,— сондағы тапқан бар кінәсі ананың баласына Сэмюэл деп ат қойғаны ғана ма?
— Сэмюэл деген есімге осыншама құштар болуыңыз қалай? — дедім.
— Қайдан білейін. Қойғым келді — қойдым.
— Сонда да?
— Қалай түсіндірейін сізге? Бұл дүниеде бұрын өмір сүрген және қазір өмір сүріп жүрген ешбір адам бұл сауалға жауап бере алар ма екен? Бізге бір нәрсе ұнайды, енді бір нәрсе ұнамайды,— оның себебін кім білген. Біздің Джэмми, мәселен, кілегей қаймаққа өш-ақ. Ішім жарылғанша іше берер едім дейді. Ал Тимоти қаймақты бала жасынан жаратпайды. Мен нажағай отынан, күн күркірегенін жақсы көрем, ал біздің Кэти күн күркіресе бажылдап, дір-дір етіп, құс төсектің астына кіріп кетеді. Бұл сияқты «неге бұлай» деген сұраққа әлі жауап естігенім жоқ. Оның жауабын бір ғана құдай біледі. Сіз бен біз сияқты жай пенде біле алмайды. Біздің білетініміз — анау ұнайды, мынау ұнамайды деу ғана. Тек ұнайды дейміз, ал не себепті ұнайтынын түсіндіре алмаймыз. Өз басым, мысалы, Сэмюэл деген есімді өте жақсы көремін. Жақсы есім, құлағыма майдай жағады. Сондай әсем көрем.
Ымырт қараңғылығы қоюланып келеді. Екеумізде де үн жоқ. Мен Маргареттің әлі бәдені бұзылмаған маңдайына, аясына күллі әлем сыйып кеткендей, ап-айқын, қырағы, арасы сәл алшақтау келген көзіне қарап отырмын. Маргарет маған кететін уақытыңыз болды дегендей орнынан тұрды.
— Қараңғы түспей қайтыңыз. Күн де жауайын деп тұр, аспанды бұлт айнала торлап алыпты ғой,— деді.
— Айтыңызшы, Маргарет, не өкінішіңіз бар? — деген сұрақ аузымнан қалай шығып кеткенін білмей де қалдым.
Ол маған бір минуттей бар зейінімен үңіле қарап тұрды да:
— Тағы да бір ұл таппағаныма өкінемін,— деді.
— Сіз оған да...— дей беріп, мүдіріп қалдым.
— Иә, әрине, оған да сол атты қояр едім,— деді ол маған.
Екі жағына долана еккен қара жолмен ымырт қараңғысында жалғыз өзім келе жатып, «неге бұлайлар» туралы ойға қалдым. «Сэмюэл» деген есімді біресе күбірлеп, біресе сыбырлап айтып келем, дыбыс тіркестеріне құлағымды салып, Маргаретке осыншама ұнаған және бүкіл өмірін аянышты трагедияға айналдырған осы есімнің «әсемдігін» мен де аңғармақ болдым. «Сэмюэл». Иә, бұл есімнің дыбыс әуенінде кісіні еріксіз еліктіргендей бір әсем үн бар. Сөз жоқ, бар!
1 Жасыл жауынгер — орманда жасырынып жүріп, өкіметке қарсы күресуші шаруалар.
Аударған Боранбай Омаров