Жатар алдында дәрет алуға ерінсем де, өзімді мақтауға ерінбеймін ғой. «Жақындарыңнан теперіш көріп, не істесеңіз де жолыңыз бір болмай қойды ма? Онда маған келіңіз! Мен жолыңызды ашып, дуадан тазартып, сізге қарамай жүрген жігітті қаратып беремін. Бес балаңызбен тастап кеткен күйеуіңізді қайтаруға көмектесемін. Бастығыңыздың сізге деген құрметін арттырып, әріптестеріңізді алдыңызда жүгіртіп қоямын, жолыңызды ашамын, болашағыңызды дәл айтамын. Құмалақ, карта, кофе шынысымен де бал ашып беремін. Суретке қарап, адамның болашағын білемін. Әруақтармен тілдемесін. Осы уақытқа дейін маған келген адамның барлығы байып кетті. Көбісі шетелде қыдырып, теңіз жағасында текила ішіп жүр» деп Инстаграмға қызметім жайлы жарнама жарияладым.
Күні кеше ғана 3-4 туысыма өзімнің көріпкелдік қасиетім жайлы жақсы пікір жазғызып алғанмын. Соларды скриншоттап, жазбаммен қоса инстаграмға жүктедім.
Ол аз болар деп, таргет жарнама да жасадым. Енді екі алақаныма шырт-шырт түсіріп, ысқылап отырмын. Кейде бар ғой, өз өтірігіме өзім сеніп қала жаздаймын.
Қалтамдағы соңғы тиынды жарнамаға салып, үйімде үрерге итім, сығарға битім жоқ отырысым мынау. Алдыңғы күннен қалған қара нанды шайға жібітіп жедім де, жуыла-жуыла түсі кеткен күртешемді жамылып ұйқыға кеттім.
Жоқтықтан ішегім шұрылдап, асқазаным «опера айта бастағанда» ұйықтау мені аштықтан құтқаратын ең ұтымды тәсіл. Адамдарды қалай алдауды меңгерсем, асқазанымды да солай алдауды үйренгенмін ғой.
«Клиенттерімді қалай өз тұзағыма түсіремін» деп жүргенде ұйқы мені бұл күндері қақпанына оңдырмай түсіріп алған. Жоқшылықтан қиналып, арам ойдың жетегіне ілесемін деп сәл күйзеліске түсе бастасам болды, ұйқы мені жұбатудың амалын табады.
Бұл жолы да «келе ғой, айналайын, шаршадың ғой. Арамдық ойлау – әлемдегі ең қиын жұмыс. Арамдық ойлап табу да – өнер. Кейбіреулер екі жоғары білімі болса да, білгенін дұрыс пайдалана алмайды. Бетмоншағы үзіліп...
Түк ұялудың қажеті жоқ. Өзің ойлашы, сенен де өткен алаяқтар бар. Анабір шенеуніктер де халыққа «бәрін қатырамыз» деп уәде беріп, өздері шалқып өмір сүріп жүр ғой. Бейшара халықтың картоп алатын ақшасы жоқ. Өздерінен көрсін, кезінде бар тапқан-таянғандарын қаржы пирамидаларына құйып, алданып қалған. Енді саған алданып, 5-10 мың теңгесін бере салса, қылшығы да қисаймас», - деп ұйқы досым кеудесін тосты.
Маған да керегі еді. Ұйқы досымның қойнына кіріп, өзімді қолдайтын «тылсым әлемнің» барына қуанып кеттім.
Аузымнан сілекейім ағып, қатты ұйықтап кетіппін. Біреудің есік тоқылдатқан дыбысынан оянып кеттім. Төсектен басымды көтерем дегенше, «Әп, бәрекелді! Жеңіске жетті деген осы. Құйтырқылығым дәл бұлай тез жүзеге асатынын кім білген. Бірер сағат бұрын ғана жарнама жасап едім. Құрбандығым мені үйіме өзі іздеп келді. Ақымақ баласына балмұздақ әперуге, садақаға қимаған ақшасын қалтасына тығып, маған шығар» деп ойлап үлгердім. Ойым жылдам ғой.
Сөйттім де, «сәл күте тұрыңыз» деп сырттағы менің өтірік сөзімді тыңдауға келген құрбандығыма айттым. Жалма-жан бұтымдағы қысқа шортигімнің орнына ұзын белдемше, кеудемдегі майкамның сыртынан қалың жемпір киіп, әжемнен қалған орамалды тартып, төргі бөлмеге қарай өттім.
Менің әлемімде клиентке иманжүзді болып көріну маңызды. Сазарып тұрған жүзімді құбылтып, Құран кітап пен таспиғымды алдыма қойдым.
Дайын болғанда «Кіре беріңіз» деп әлгіні ішке шақырдым.
Шошаң-шошаң етіп, сағыз шайнаған бір салпы етек қатын кіріп келді. Көзіне қарасаң ойсыз біреу көрінеді. Сағызын шайнаған сайын, қорадағы сиырдың күйіс қайырғаны көз алдыма келеді
«Таста, ана аузыңдағыны. Мен қазір Құран арқылы саған дем саламын, бабаларыма сигнал жіберемін. Бабалар қылтың-сылтыңды жақтырмайды. Дәретің бар ма?», - деп өзімше тазайым бола қалдым. Ол көзіме тіке қарамастан, басын шұлғыды. Шайнаңдағанда мұңсыз біреу көрінгенімен, тыныш отырғанда көзінен шарасыздықты байқадым.
«Қарағым, жаның қиналып, ешкімнен қолдау көрмей, оңашада жылап алатыныңды көріп отырмын. Түнімен дөмбекшіп ұйықтай алмайды екенсің. Құдай қаласа, бәрі жақсы болады. Қарыздарыңнан құтылып, байып кетесің, сенің қолыңнан көп ақша көріп тұрмын», – деп едім. Ол жігіттің әдемі сөзіне сенген аңқау қыздай сылқ ете қалды. Көптен бері суарылмаған гүлдей боп отырған «тұтынушымның» көзі жайнап шыға келді.
«Әмин, рақмет! Сізге Алла разы болсын! Расында менің ақшадан қиналып, түнімен дұрыс ұйықтай алмай жүргенімді қалай біліп қойдыңыз?», – деді.
«Көріпкел деп, сеніп келіп отырсыз ғой. Сіз сенгендіктен, менің бабаларым бәрін ашық айтты. Мен бәрін көріп тұрмын. Көзіңді жұм. Қазір Құран сүрелерін оқып, жолыңды ашамын. Байлық өзі-ақ саған келеді», – деп аңқау келіншекті одан сайын қуанта түстім.
Дауысымды оған естілер-естілмес шығарып, бірдеңелерді айтып, күбірледім. Арабша сұмдық сауатты адамдай, сүрелерді айтқан сыңай байқаттым.
– Енді көзіңді ашып, «Әмин» де.
– Әмин!
– Бүгінге осы да жетеді. Үш күн бойы тұзды сумен шомылып, маған қайта келесің!
– Міндетті түрде келемін. Мынау, еңбегіңізге! Сізге Алла разы болсын, – деп қолыма бес мың теңге ұстатып кетті.
Енді міне, «маған өтірік сөзіңізді сатыңызшы» деп келген клиентім қалдырған ақшаға тортпен шай ішіп отырмын.
Өй, ақымақ, «менің ақшадан қиналып жүргенімді дәл таптыңыз» дейді ғой. Аяғына жыртық нәски киіп алыпты. Жетіскен адам жыртық нәскимен біреудің үйіне келе ме? Оның үстіне ақ көйлегінің қолтығын қызыл жіппін тігіп қойыпты. Сәл ойланбай ма? Келесі келгенінде бес мың емес, он мың сұрайын!
...Эххх, ертең алдыма кім келер екен? Енді бір «байымнан айырылып қаламын ба?» деп уайымдаған немесе «күйеуімнің көзіне шөп салып жүрмін, әрі қарай не болады» деп сан сауалына жауап таппай жүрген шіріген байдың қатындары келсе екен. Қалтамды қампайтып алатын... Олар ақылды болған сайын, адам табиғатында ғылым ашпаған жұмбақтар әлі толып жатқанын терең түсінеді емес пе? Қанша жоғары білімді болса да, байдың тәлпіш қатындары өздері үшін ақшаны аямай шашады. Инстаграмда, Пәленше, Түгенше деген коуч-мотиватордың, психологтардың курсына ақшаларын судай шашып жатқанда менің бір сеансыма 10 мың теңгесін қимайды дейсің бе?
Олардың «бал ашып беріңізші» деген сөзі маған «өтірігіңізді сатыңызшы» дегендей естіледі. Әне, «өтірігіңізді сатыңызшы» деп тағы бір олжам сыртта күтіп тұр. Қызық осылар ше, телефон, интернет дамыған ХХІ ғасырда балгерді үйіне кім іздеп барады? Смартфонымен-ақ онлайн бал аштыра бермей ме? Мына шіліңгір шілденің ыстығында қысқа шортигімді шешіп, ұзын белдемше киіп, бір образдан екінші образға ену маған оңай дей ме?
Келесі жолы таргет жарнама жіберерде «тек онлайн бал ашамын» деп жазбасам...
Айтпақшы, сізге де өтірігімді сатайын ба?
22.06.2021