1 МАУСЫМ – БАЛАЛАР МЕРЕКЕСІ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ӨТТІ

Биылға «Балалар әдебиеті жылы» аясында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Ұлттық академиялық кітапханасы көптеген іс-шаралар өткізіп жатқаны баршаға аян. Ең әуелі, балалар жазушылары мен баспагерлерді, иллюстраторлар мен осы салаға қатысы бар басқа да мамандарды бір мүддеге жұмылдыра білді. Қазіргі кезде кітапхана жанынан құрылған әдеби агенттіктің WhatsApp чатында жүзге тарта зиялы қауым өкілдері отыр. Бұл республиканың әр түкпірінде балалар жылы аясында жасалып жатқан жұмыстардың мониторингін жасап отыру үшін де таптырмас мүмкіндік. Әр облыс өңірлерінің балалар әдебиеті өкілдерінің шығармаларынан антология құрастырылып, жеке кітап болып жарық көруде. Әртүрлі кітап жәрмеңкелері өткізіліп, оған балалар жазушылары өз кітаптарын ұсынуда.

1 маусым – Балаларды қорғау күнінде Ұлттық академиялық кітапхана «Бала TIME» атты үлкен кітап фестивалін өткізді, онда 15 түрлі іс-шара қамтылып, түрлі көрмелер, шеберлік сыныптары, іс-тәжірибе алмасу, кітап тұсаукесерлері, онлайн дөңгелек үстел болып өтті. Күні бойы жалғасқан фестиваль аясында кітап жәрмеңкесі өткізіліп, оған әртүрлі баспалар өз өнімдерін ұсынды.

Фестивальға белгілі жазушы Рустем Сауытбай Тараз қаласынан арнайы келді. «Шоко әлем» бестселлер кітабымен оқырманға жақсы таныс.

Жақсы кітаптардың насихатымен айналысып, авторлық бренд қалыптастыруды көздейтін біздің әдеби агенттік осы кезге дейін Рустем Сауытбай кітабынан басқа Сәуле Досжанның «Ауылдан шыққан миллионер», Лиля Калаус, Зира Наурызбаеваның «Бату мен оның достарының басынан кешкендері» кітаптарын насихаттап келді. Сол сияқты, балалар жазушысы Кеңес Оразбековтың «Тұран баһадүрлері» кітабын насихаттауды жоспарлап отыр.

Ұлттық академиялық кітапхана биылғы жылы балалар жазушыларының кітаптарын көптеп шығаруды көздеп отыр. Алайда, қажетті қаражат Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан уақытында бөлінбей, кешеуілдеп жатуы себепті, бұл жұмыс әлі қолға алынбай жатқаны өкінішті.

Сөйтсе де, авторлардың жұмысы насихаты жоспарлы түрде жүріп, Нұр-Сұлтан қаласы көшелерінің басты лэд экрандарына қойылды. Бұл үрдісті облыс орталықтары да жалғастырып әкетуге ниет білдіріп отыр.

Авторлар мен ұйымдастырушылар БАҚ-пен тығыз жұмыс жасауда, әсіресе, «Абай» телеарнасы Балалар әдебиеті жылын өз деңгейінде насихаттап жатқандарын атап өтуіміз керек.

Балалар әдебиеті жылының бас инициаторы, Ұлттық академиялық кітапханасының директоры, профессор Үмітхан Мұңалбаева балалар әдебиетінің дамуына үлкен үлес қосып жатқанын айта кеткім келеді. Осы еңбегі еленіп, 1 маусым – Балаларды қорғау күнінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Алғыс хатын алды.

Балалар әдебиеті жылында рухани іс-шаралардың өз деңгейінде өтіп жатқаны Президенттің назарында екені қуантады және бізге күш береді.

Медиа тұлғалардың көмегімен балаларды кітапқа баулу үшін видеолар түсіріліп, оларды ютуб каналында насихаттауды да жоспарлап отырмыз.

1 маусым балалар мерекесі өте жоғары деңгейде өтті. Балалар әдебиеті жылында талай жақсы авторлар шығып, жақсы кітаптардың шығатынына мен сенемін. Себебі, соған дәнекер болып, атсалысып жүрген ізгі адамдар айналамызда өте көп екеніне көзіміз әбден жетіп отыр.

Алмагүл Асқарқызы,

әдеби агент