Ас үйдің еденін қолмен жуып жатыр ем. Кілемдерді қайырып тастағам, орындық пен дастарқанды шетке жинап... Төр жақты жуып болған соң, еңбектеп жүріп, қолымдағы су орамалдың қиындысымен бірге таза ауа кірсін деп ашып қойған терезенің түбіне келдім. Батарейдің қырын, шетін, астын да сүртіп ап, енді орамалымды шаймақ боп суға қолымды мала беріп ем, терезенің ар жағынан біреу "Күлпааааш" деп дауыстады. Жан таласып орнымнан атып тұрып "Аау" дегелі жатыр ем, төбемнен жай түскендей жанарым жарқ ете қалды.
Есімді жисам, аппақ қабырғалары сәуле шашқан үлкен дәлізде тұр екем. Қолымда еден жуатын орамалым да бар. Айналама қанша қарайласам да, қайда кеп қалғанымды ұға алмадым. Тұла бойым жеп-жеңіл. Тіпті соңғы жылдары басуым қиындаған тіземдегі ауырсынуды да сезбедім. Асқазандағы қыжыл да жоқ. "О, тоба, бұнысы не болды екен?" деп қоямын. "Не де болса сәл алдыға жүрейін" деп шештім. Осы арада қанша мұқият қарасам да айналамнан не терезе, не шам көрмедім, алайда, дәліз бойы ерекше жарқырайды. Сонда ұқтым. Кетіп қалған сияқтымын... "Сұмдық ай, не болды екен? Осыншалық оңай бола ма? деп те қоямын, іштей.
Шынын айтайын, неге екені қуанғандай болдым. Күйбің тірлік пен бітпейтін тіршіліктен азаттық алғандаймын. Ауру мен сырқау да жоқ. Жәй "Алдыда енді не күтер екен" деп баса бердім. Біраз жүрген соң, дәліз соңындағы үлкен есікке кеп тоқтадым. Кіре берісте өзім шамалас келіншек отыр екен. "Кезегін күтіп отырған екен ғой" деп шештім. Қасындағы бос орынның біріне отырып жатып:
- Соңы сіз бе? - деп сұрадым.
Ол үнсіз күлімсірей бас изеді.
- Ееее,- дедім мен жәй ғана.
Өзім іштей "әлде о дүниеде сөйлесуге болмай ма екен" деп ойлап қоямын. Осылайша екеуіміз әлгі есікке біраз үнсіз қарап отырған соң, шыдамым жетпей кеткен мен қайта:
- Сауаптан жиналған сыйларды осы жерден бере ме екен? - деп сұрадым.
Сонда маған қайта жымия қараған әлгі әйел:
- Білмедім. Өзім де бірінші рет келіп отырмын, - деп тіл қатты.
- Еее, сөйлей алады екенсіз ғой, әруақтар сөйлемейді екен деп ойласам, - дей беріп ем, манағы есік ашылып, орнынан көтерілген әйел ішке кірді.
Соңынан көзімді шүйіріп қанша қарасам да, жарықтан өзге еш нәрсе көре алмай мен қалдым. "Қап, не болар екен, әәә" деп елеңдеп отырмын. Артынша текке отырмай істеген игі істерімді есіме түсіре бермек боп ем, манағы есік қайта ашылды. Ар жақтан не күтерімді білмеген соң, қипақтай ішке кірдім. Кең даладай бөлме іші тіпті жарық екен. Әуелі қабырға да жоқ-ау дедім. Жәй жан-жақтан қоршаған жарық. Төрде екі бейне көрінді. Қанша талпынсам да әлгілердің жүзін ажырата алмадым. Алшақтау жерге маған арнап орындық қойған екен, соған барып отырып жатып:
- Дұрыс өмір сүргенім үшін сыйды осы жерден аламын ба? - деп сұрадым, енді білгім кеп бара жатқан соң.
- Көп сый алуым керек деп ойлайсың ба? - деді әлгінің бірі.
Қайсысы екенін бірақ ұға алғам жоқ.
- Енді, өмір бойы ішімдік ішпей, темекі шекпей, жүріс жүрмей... - деп жатыр ем, әлгінің бірі қайта:
- Оның сыйын тіріңде көрдің емес пе, ұятты болғаның жоқ, айналаңды уайымға салғаның жоқ, теңселіп, адасып, қатардан қалғаның жоқ, - деді байыппен.
- Шүкір еткенім ше? Кейде тамақтан да тарылып, аш қалып жатсам да, мінезімнің көркемдігін бұзбайын деп, үнемі шүкір еткенім ше?
- Оның әрине сүйкімді, бірақ, сәл көптеу талпынып, еңбек етіп, тырысып көрсең нетті? Жолыңды ашып, ыңғайлы бағыт сілтеуге барымызды салдық, іздеуден бас тарттың. Содан ақыр-аяғы сені дәл осы күйді сүйетін болар деп шештік.
Таңырқап отырмын. Өкпем де бар сияқты.
- Солай бола тұра, балаларымның аузынан жырып, мұқтаждарға садақа бергенім ше? - деймін тірімде мақтан еткен ісімнің бәрін тізіп.
- Сонда садақаны "қайырымы болсын" деп беріп пе ең?
- Намазға жығылғаным ше?! Бес уақыт сәждеге басымды тигізіп, ораза тұтқаным ше? "Солай етіңдер" деп өзгелерге шаршамай айтып жүргенім ше?! Ол да есептелмей ме?!
- Алланы ұмытпағаның, үнемі еске алып жүргенің, жүрегіңді таза ұстағаның Аллаға өзіңнен артық керек деп ойлаймысың?
Құлазып кеттім. Іштей: "Бекер болғаны ма? Текке ме?" дей беріп ем, олар менен:
- Ал құстарды неге тамақтандырасың? - деп сұрады.
Сасып қалдым.
- Жәй. Аш болмағанын қалаймын. Қыста үсіп қалмаса деймін, - дедім.
- Есесіне не күтесің олардан? Ақысын қалай қайтарады олар? Жұмыртқасын бере ме?
Қисынсыз көрінді бұл сұрақ:
- Жоға! Қайдағы жұмыртқа? Сөйткеннен жүрегім тыныштық табады. Олардың тойғанын көргенде өзімді әлемге керектей сезінемін. Жаратылыстың ажарамас бөлігі тәріздімін. Жаныма осы ой ләззат сыйлайды, - дедім де, кілт тоқтадым.
Езуіме еріксіз күлкі үйірілді. Білемін, олардың менен күткені де осы. Айтпағын да ұққандаймын. Содан ұялып бара жатқандай ем:
- Күлпаш, Күлпаш! - деді біреу. Иығымнан жұлқыды. Бетіме мұздай су шашып кеп қалды. Зорға көзімді ашып ем:
- Жынды қатын ау, мына терезеңді ашып қойып, астынан тұра келенгің не? Төбеңді ойып кетті ғой. Осыншалық алаңғасар болар ма ең? - деді көршім, Зоя. Сығырая айналама кезек қараған мен оған:
- Сен менің бетіме еден жуған судан бүркідің бе? - деп сұрадым, әлі де есімді толық жия алмай.
- Жоға, бұлақ басынан су әкеліп шаштым, - деді ол маған.
Мейлі бола берсін. Бұрыннан сырқыраған тіземе енді қансыраған төбемнің ауырғаны қосылса да, мен дәл сол сәтте ашық тұрған тереземе шексіз риза ем...
Алланы өзіміз үшін сүйейікші...