ӨЗДЕМИР АСАФТАН
ЕРТЕҢ
Мен сені кеше сүймедім,
Ол күннің қазір жоқ өңі.
Бүгін де сені сүймедім.
Бүгінім бүгін өледі.
Мен сені ертең сүйемін,
Ертең бітпейді, себебі.
ОЛ БАР
Көзіміздің алдында.
Қызық өмір сүрдірді.
Аңдатты, тыңдатты, күлдірді.
Өлімді түсінбеп едік.
Бір-ақ сәтте білдірді.
ҚОШТАСУ...
Нұрындай болған ғұмырдың,
Көңіліне енген жәудіреп.
Жанындай көрген сұлудың,
Суретін салды соңғы рет!
Мың бояуымен төзімнің,
Кескіндеп керім, нұр жүзді.
Кемесін салып сезімнің,
Сұлуды оған мінгізді.
Сәттерге қош деп ең ізгі.
Соңында оның қалмақ па?!
Кеме жүзетін теңізді.
Көз жасыменен салмақ па?!
Балаған бір кез асылға!
Қарады бейне күтулі.
Мінді де кенет ашуға.
Теңіз орнына түкірді.
БІР ЖЫР БАР...
Бір жыр бар – ауатын түн болса.
Бір жыр бар – ұйқыдан тұрғанша.
Бір жыр бар – ұйықтатар сол "міні",
Бір жыр бар – шылыммен тең құны.
Бір жыр бар – ән сынды суынар,
Бір жыр бар – шараптық құны бар.
Бір жыр – зар.Шерте алсаң шерт сырды,
Бір жыр бар – айықпас дерт сынды.
Бір жырдың бітетін түрі жоқ,
Бұл жырдың бітпейтін "жыры" көп.
АДАМ
Бізге жақын келгін деді ,
Кезекпен өпті,
Бізге жақын келгін деді,
Өзекке тепті,
Бізге жуық келгін деді,
Тілегімен нұрлы,
Бізге күліп келгін деді,
Жүрегімнен ұрды.
Сұрап атын жауап тапқан болармын,
Сөйтсем аты АДАМ екен олардың!
НОФЕЛЬ УМУДТАН
СУРЕТ
Параққа зерлеп түсірем.
Кейіптеп көңіл ауанын.
Жанымның алуан түсімен,
Бейнесін мұңның саламын.
Уақыт сыр айтса аңдаушы ем.
Ойыңды болсам білетін.
Налаға толы салмаушы ем.
Қоштасқан шақтың суретін.
Көңілде қазір мұң өрген,
Жадырар деумен күз-еңсе.
Қателігімді жіберген,
Түзетіп салам, түзелсе...
Өзгеріп өмір өкіндім.
Төзімнің көлін кештім көп,
Жалғыз қап енді отырмын,
Бір жүрген кезді кескіндеп.
УМСУУРАДАН
ЖҮРЕГІМ
Жүрегім менің,
Жүрегім менің баладай,
Созатын қолын аңсарлы оймен аулаға,
Жүрегім менің,
Жүрегім менің баладай,
Қадайтын көзін сырлы қақпаға таңдана.
Жүрегім менің,
Жүрегім құдды баладай,
«Жоқ» деген сөзді қабылдамайды ол мүлде,
Жалынын сезбес махаббатыңның беймаза,
Салқынын да оның қабылдамайды, көрдің бе?
Жүрегім менің,
Жүрегім менің нәресте,
Санасында оның орын жоқ өкпе, егеске,
Сабақ берем деп ойлама оған, ойлама,
Жылағанын да кетер ұмытып ол әсте.
Жүрегім менің,
Бала - Жүрегім соғады,
Кәрі ақылымды жаратпас тағы ол әлі.
Белгісіз дерттей жанымды сығып алады,
Болжам боп бірде теңізін жанның соғады,
Не де болса да,
Мәңгілік дейтін құт - бесік,
Сәби жүректі тыншытатұғын болады.