ЖАҢАЛЫҚТАР
Егіз кітаптың тұсаукесері өтті

 

Гүлбақыт ақын мен Перизат ақынның шығармашылықтың қос өзеніндей қазақ-қырғыз тілдеріне аударған өлеңдері жүрегімізді тебірентті. Қасиетті Жамбыл бабаның музейінде өткен бұл кездесуде Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Бексұлтан аға Нұржекеев, жазушы Жұмабай Шаштайұлы тағы да басқа зиялы қауым өкілдері қазақ пен қырғыз арасындағы достықтың Жамбыл ата мен Кенен атадан да бұрын басталып, кейін Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айматовтан жалғасын тапқанын айтты. Сондай-ақ, заманымыздың заңғар жазушысы Бексұлтан аға Нұржекеев сонау тарих тереңіне үңіліп, қазақ пен қырғыздың туыстығының өткен ғасырларда жатқанына тоқталып өтті. Жамбыл мен Кенен аталарымыздың әндері шырқалды. Қазақ пен қырғыздың ғажап ақын қыздары Гүлбақыт Қасен мен Перизат Алмасқызының «Ай-тұмар» мен «Күн-тұмар» атты аударма жыр кітаптарының тұсаукесер тойы күллі қазақ аспанын тербетті.

 

 

Алланың нұры жауып, Жамбыл атаның рухы қолдап, шашу шашылып, Жамбыл ата мен Кенен атаның толғаулары мен әндері айтылған, Алаш аспаны терең тебіреністі бастан кешкен ғажап жыр кеші өтті кеше Жамбыл ата ауылында!​ ​ Қазақ-қырғыз достығын тереңнен толғаған заманымыздың заңғар жазушысы Бексұлтан аға Нұржекеұлының танымдық әңгімелері айтылып, тарих қойнауы дүр сілкінді.​ «Ай-Тұмар» мен «Күн-Тұмар» кітаптарының авторлары қазақ пен қырғыздың талантты ақын қыздары Гүлбақыт Қасен мен Перизат Алмазқызы, әдебиет тарихында жаңа үрдіс, еркін шығармашылық жаңалық ашты! Егіз кітап! Қазақ-қырғыз халқының ықылым заманнан бергі туыстығы, достығы, Сүйінбай мен Жамбыл бастаған ақындардың шығармашылық байланысы,тіпті Шоқан Уәлихановтың қырғыз халқының Манас жырын, Гомердің «Иллиадасына» теңеуі де айтылмай қалған жоқ! Қазақтың талантты ақыны, ақындығы мен кісілігі тең түскен Гүлбақыт Қасеннің бұл бастамасы һәм аудармасы, поэзия жанашырларын бір серпілтіп тастады!

 

​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ Қырғыздың талантты ақыны Перизат Алмазқызына да үлкен құрмет көрсетілді! Түбі бір түркі халқының қос ақын қызына көрсетілген бұл құрмет, қазақ-қырғыз халқына​ көрсетілген құрмет болды!

​ ​ ​ ​ ​ ​ Осы шараның мазмұнды да мағыналы ұйымдастырылуына атсалысқан Жамбыл аудандық әкімдігіне алғыс білдіреміз! Егіз кітаптың тұсаукесеріне қатысқан жырсүйер қауымның рухы көтеріліп, ризашылық білдірді.

 

Заида Елғондинова,

Ақын, халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты