БАЙБОТА ҚОШЫМ-НОҒАЙДЫҢ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ӨЛЕҢДЕРІ

ЕЛТАҢБА

 

Бейнелеп сан ғасырды,

Елтаңбасы елімнің.

Таратады хас үлгі

Киесіндей жерімнің.

 

Бабам тұлпар жаратты,

Құлынында танып-ақ.

Тұлпар барда қанатты

Шайқалмайды шаңырақ.

 

Тәуелсіздік көркі ол да,

Өркениет өрінде.

Нұр төгеді елтаңба

Ақ Орданың төрінде.

 

ҒАРЫШ БІЗДІ ШАҚЫРДЫ

 

Біздің Тоқтар ағамыз,

Ұшты шырқап ғарышқа.

Ертең біз де барамыз

Айға, Шолпан, Марсқа!

 

Төгіліп күн шуағы,

Ғарыш бізді шақырды.

Қазақ жері туады

Әлі талай батырды.

 

Таудай үлкен талабым,

Бар алдымда қанша арман.

Мен де батыр боламын

Жұлдыздарға жол салған.

 

Жерден ұзап жыраққа,

Кезем ғарыш төсін мен.

Достарымды бірақ та

Шығармаймын есімнен.

 

ҚУЫРШАҚ САТЫП АЛДЫҚ БІЗ...

 

Дүкеннен көкем сенбіде,

Қуыршақ сатып ап келді.

Қуанып қалдым,

Мен, міне,

Мазаламаймын әпкемді.

 

Сөздерін тыңдап өзгенің,

Ішіне жұмбақ сыр түйіп.

Мөлдіреп қара көздері,

Қуыршақ отыр бұртиып.

 

Күнұзақ бізге бірде-бір

Айтпады қызық әңгіме.

Қалғандай тілі күрмеліп

Қуыршағымның мәңгіге!

 

Ол бірақ маған ұнады,

Қолыма алдым мен еппен.

«МА-МА!» - деп сол сәт жылады

Қуыршақ сөйлеп кенеттен.

 

Қайда екен оның анасы?

Іздесек,

Қалар табылып.

Шешесін бұл да, шамасы

Қалған-ау әбден сағынып!

 

КӨКТЕМ БОЯУЛАРЫ

 

Қарындашты, дәптерді,

Сақадай ғып сайладым.

Суретін мен көктемнің

Салмақшы боп ойладым.

 

Мынау қоңыр –

Жер беті,

Мынау жасыл –

Шыбықтар.

Көгілдір –

Көк келбеті,

Ал мына сұр –

Бұлттар.

 

Қара бояу –

Тау мұным.

Апа, мұнда бір қара:

Бейне апамның жаулығы

Жатыр ақ қар шыңда да.

 

Міне, нұрлы көктем бұл,

Өкінішім бірақ та.

Тұрмын енді

Мөп-мөлдір

Бояу таппай бұлаққа!

 

ҰҚСАС ЕКЕН БӘРІ ДЕ...

 

Зеңгір аспан құшаққа ап,

Күледі Күн нұр құйған.

Қос қанатты ұшақ та

Аумай қалған қырғидан.

 

Шырқап шыққан шығанға,

Тікұшаққа қарашы.

Инеліктен бұған да

Бір ұқсастық табасың.

 

Жазда жаңбыр жаумаған,

Есіңе алшы аптапты.

Парашюттен аумаған

Көресің көп бақбақты.

 

Болсаң егер байыпты,

Сен суретші боласың.

Ал сүңгуір қайықты

Балық па деп қаласың.

 

Бұл ғажапқа мен мүлде,

Таңырқаймын әлі де.

Назар салсаң

Көрдің бе,

Тым-тым ұқсас бәрі де...

 

ЖЫЛ ҚҰСТАРЫНЫҢ ӘНІ

 

Көк жүзінде ән салып,

Жыл құстары ұзады.

Әуеніне тамсанып,

Тыңдап тұрмыз біз әлі.

 

Күннің көзі мұнартып,

Аспанда бұлт қалқиды.

Құстар үні мұң артып,

Әсем сазбен шалқиды.

 

«Қош бол, теңіз жағасы,

Айдын шалқар көлдерім!

Қош бол, Сырдың сағасы

Тоғай, жазық белдерім!

 

Қош бол, туған жеріміз,

Бізді айыпқа бұйырма!

Ұмытпаймыз біз сені

Жүрсек те қай қиырда!..»

 

ЖУЫНБАПСЫҢ, БҰЛ ҚАЛАЙ?

 

Өтіпті ғой бір апта,

Сен келгелі қасыма.

Жуынбапсың бірақ та

Су тимепті-ау шашыңа!

 

Саусағыңның арасы,

Қалыпты ғой кір ұстап.

Қуыршақ-ау қарашы

Жумаймысың дұрыстап?!

 

Қәнеки, оң қолыңа,

Ал дағы сен сабынды.

Иығыңа,

Жоныңа

Жақ көбігін қалып ғып!

 

Қәнеки, сол қолыңа

Ал дағы сен сабынды.

Иығыңа,

Жоныңа

Жақ көбігін қалып ғып!

 

Тіс щеткасы тұр, міне,

Ыс тісіңді, қуыршақ.

Сүртінеміз сүлгіен

Мына біздер жуынсақ.

 

Жетті! Жетті!

Оһ, ғажап!

Жайнап кетті-ау реңің де!

Беті-қолың тап-таза

Болды, міне, сенің де!

 

ТАР БОП ҚАПТЫ КӨЙЛЕГІМ...

 

Бірнеше рет жуылып,

Қысқарыпты көйлегім.

Етек-жеңі шуылып

Тар боп қалған ғой дедім.

 

Саған берем мен мұны,

Ең кішіміз үйде сен.

Көйлегімді

Енді кім,

Киеді,

Сен кимесең?!

 

Тұрған жоқ тым ескіріп,

Қуыршағым,

Қарашы!

Қалғанда сен ес біліп,

Әпереміз жаңасын!

 

КӨКТЕМДІ САҒЫНДЫМ

 

Мүлгіп жатыр мұңды қыр,

Қар жауып тұр далада.

Қонақтайтын сынды бір

Көлге мың сан шағала.

 

Көзім талды көп қарап,

Қылаулаған қарға мен.

Қар секілді ақ парақ

Кенет тауып алған ем.

 

Қолға жасыл,

Сап-сары

Қалам түсті,

Жарайды.

Салдым сосын бақшаны

Күнді күлген арайлы.

 

Күн алтын нұр төгеді,

Ойға шомып,

Қамықтым.

Көктемді мен себебі,

Сағынып-ақ қалыппын!

 

ОЙЫН, ОЙЫН ҒАНА МА?..

 

Кей кісі жан дер еді,

Өз қадірін білмеген.

Ауырмаймын,

Себебі,

Шынығамын күнде мен.

 

Дамыл таппай үнемі,

Жүгіремін аулада.

Ширақ басып жүреді

Дені-қарыны сау бала.

 

Кейде теңбіл допты да,

Қақпаға дөп тебемін.

Бокста ауыр соққыға

Әркез төтеп беремін.

 

Турникке де асылып,

Өсіремін бойымды.

Ойламаймын,

Әсілі,

Тек ойын деп ойынды!