ЖАҢАЛЫҚТАР
Полигон қасіреті жайлы алғашқы романның тұсаукесері өтті

Семейдегі Абай атындағы драма театрында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәуле Досжанның «Қасірет пен тағдыр» жаңа романының тұсаукесері өтті.

Қазақ халқының трагедиясына айналған Семей полигоны мен одан келген зардап пен зауал ашық суреттелген бұл роман Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың қолдауымен «Фолиант» баспасынан жуырда жарық көрген еді.

Тұсаукесерге ШҚО әкімі Д.Ахметов, жазушы С.Досжан, отставкадағы генерал-полковник, мемлекет және қоғам қайраткері С. Тоқпақбаев, белгілі әдебиеттанушылар А.Қабылқақ, С.Елікбай, Г.Орда, сол сияқты, әдебиет пен мәдениет саласының басқа да өкілдері қатысты.

Сәуле Досжан – халықаралық және республикалық әдеби байқаулардың жүлдегері, Қазақстан Жазушылар Одағының, Журналистер Одағының және Халықаралық жазушы әйелдер гильдиясының мүшесі. Жазушының  ағылшын тілінде жарық көрген новеллалар жинағы 2019 жылғы «Букер»  әдеби сыйлығына үміткерлер тізіміне енген. Сәуле Досжанның жекелеген шығармалары орыс, ағылшын, испан, араб, француз, неміс тілдеріне аударылған. 2018 жылдың соңында неміс тілінде жарық көрген «Өгей жүрек» кітабының тұсаукесері Берлин қаласында өткен болатын.

Белгілі жазушы, әдебиеттанушы Жүсіпбек Қорғасбек «Қасірет пен тағдыр» романы жайында: «Жазушы осыншама ауқымды тақырыпқа сыналап кіріп, ішінен қопара жазыпты. Нәтижесінде көркем образдарға толы, өмірде нақтылы шындығы бар дүние қолымызға тиді. Егер Дегелеңнің басына ескерткіш ретінде таспен бірге кітап қою керек болса, бұл соған әбден лайықты шығарма дегіміз келеді», - десе, белгілі әдебиеттанушы Айгүл Ісмақова бұл шығармаға: «Семей полигоны туралы біршама шығармалар жазылып жүргені белгілі. Роман полигон аймағында тұрып, радиация зардабын тартқан  кейіпкерлердің  тән мен жан азабын көркем, шынайы көрсетуімен құнды. Көркем дискурстың бұл басты талабы роман жанрына сай жүзеге асқан. Бұл – заман шындығын бейнелеген жаңа роман», - деп баға берді.

Роман негізіне шынайы тарихи деректер алынған. Аудармашы Ғосман Төлеғұлұлы тәржімалаған роман нұсқасы орыс тілінде де жарық көрді.

Тұсаукесерде С.Досжанның «Қасірет пен тағдыр» романынан көрініс көрсетіліп, кітаптары көпшілік назарына ұсынылды.

Бұл іс-шараны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ШҚО әкімшілігінің қолдауымен Абай атындағы Орталық кітапхана ұйымдастырды.

«Абай елі» кітаптар топтамасының екінші шығарылымы аясында өткізілген белгілі жазушы Сәуле Досжан романының тұсаукесерімен қатар, осы топтамада жарық көрген жас ақын-жазушылардың кітаптарының да таныстырылымы болды.